• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 02 Ақпан, 2022

Қазақстан павильоны ашылады

410 рет
көрсетілді

Қазақстан тұңғыш рет Венеция биенналесінен арнайы павильон ашады. 130 жылдан бері әлемдік өнердің ең танымал өкілдерінің туындыларын таныстырумен аты шыққан атақты Венеция көрмесіне бұрын-соңды Қазақ елі жеке-дара қатысқан емес.

Венеция биенналесі деген не? Сұлулықтың сыры мен құнын білетіндерге қақпасын айқара ашатын әйгілі көрме шығармашылық атаулының шыңы болып есептеледі. Көрме көп, бірақ екі жылда бір мәрте, жұп санындағы жылмен орайлас өткізілетін халықаралық Венеция биенналесін білгірлер мен сарапшылар «әлемдік өнердің Олимпиадасы» деп атайды.

Су үстінде тұрған қаланың сұлулығын одан әрі арттыратын өнердің бұл жәр­мең­кесін қызықтау үшін дүние жүзінің түк­пір-түкпірінен мыңдаған суретшілер, мү­сіншілер, арт-дилерлер мен тілшілер ағылып келіп, өздері ұнатқан ең мықты өнер туындысын әлемге жарнамалайды. Өнер туындысының авторы қас пен көздің ара­сында әлемдік танымалдылыққа қол жет­кізеді. Биенналенің басты талабы – біз өмір сүріп отырған бүгінгі кезеңнің шын­ды­ғын бейнелеу, заманауи өнердің үлгісін көрсету.

Өнер әлемінде осылай әспет­те­летін мәр­тебесі биік Венеция биен­налесіне Қазақстанның атынан ОRTА трансдис­циплинар ұжымы қатысады. Ұжым атақ­ты алматылық суретші Сергей Кал­мы­ковтың шы­ғар­машылық идеясын негізге алған. Әлемдік өнердің даму бағы­тын анық­тайтын халықаралық биен­на­ленің сәуір айынан қарашаның соңына дейін өтетіні жоспарланған.

Іс-шараның бас кураторы – Чечилия Алемани. Көрменің «Түс сүті» деген атауы британ сурет­ші-сюрреалисті Леанара Кар­рингтонның өткен ға­сырдың 50-жылдары Мексикада жаз­ған аттас кітабының құрметі­не қойы­лып отыр. Бұл шығармада қиял жетегінде отырып, кез келген дүниені өзгертуге болатыны туралы сиқырлы ертегілер баян­далған болатын. Чечилия Алемани жетекшілік еткен бас көрмеден бөлек биен­наледе әлемнің түрлі мемлекеті өз павильонын ұсынады. Қазақстан 2005-2013 жылдар аралығында ша­раға Орталық Азия елдері павильоны аясында, ал одан кейінгі уақыт­та түрлі мәдени мекемелер­дің өз бетінше ұйымдастырған баста­малары шеңберінде қатысып кел­ді. Ал бұл жолы Қазақстан тұң­ғыш ресми ұлттық павильонын та­ныс­тырғалы отыр. Па­вильонды Қазақстанның заманауи өнер қоры Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейімен серіктестікте бірнеше ірі қазақ­стан­дық компаниялар мен қор­лардың демеушілігімен және Қа­зақ­станның Мәдениет және спорт министрлігінің қатысуымен ұйым­дастырып отыр.

Мəдениет жəне спорт министрі Дəурен Абаев халықаралық көрме туралы: «Венециядағы биенналеде біздің павильонның пайда болуы игі дəстүрдің бастауы болмақ жəне ол бүкіл əлем танитын, өзіне тəн қолтаңбасы бар қазақстандық өнер­дің өркендей түсуіне өз ықпалын тигізеді деп сенемін. Бұл ретте, əрине, аталған жобаның жүзеге асуына үлес қосқан ұйымдастырушыларды, демеушілерді, меценаттарды, сурет­шілерді жəне қарапайым энту­зиас­тарды атап өтіп, алғыс біл­дір­гім келеді. Министрлік өз кезе­гінде жоба қатысушыларына жан-жақты қолдау көрсетеді», деп пі­кір білдірген екен. Александра Мо­ро­зова, Рүстем Бегенов, Дарья Джу­меля, Александр Баканов жəне Сабина Қуанғалиеваны біріктірген ORTA трансдисцип­линар ұжымы – Қазақстан ұлт­тық павильоны­ның кураторлары жəне суретшілері. ORTA су­ретші, өнертапқыш, жазушы Сергей Калмыковтың идеяларына негізделген жобаны ұсынатынын хабарлағанымен, оны нақты қандай тақырыпқа жинақтап, қандай пішінде жет­кізетінін әзірге құпия сақтап отыр. Леонора Каррингтон се­кілді Сергей Калмыков та өз шы­ғар­машылығында қиялындағы шексіз әлемге еркін саяхат жасап, біздің аймақтағы заманауи суретшілер толқынының қа­лып­­тасуына ықпал еткен болатын. «Бес жыл бұрын бізге Сергей Кал­мыков мəтіндерінің таң-тама­ша қал­дыратын əдемілігін сезі­нудің мүм­кіндігі туды, оның ке­мең­герлігіне ерік­сіз тəнті бол­дық. Суретшінің идея­ларын ала оты­рып, өнердегі, ғы­лым­дағы, му­зы­кадағы, кинодағы, фило­со­фиядағы түрлі форма жəне кон­­цеп­цияға тəжірибе жасадық. Осы шы­­ғармашылық тəжірибе жо­лын­дағы маңызды нәтиже сəуір айын­да Қазақстандық павильонда та­ныс­тырылатын болады», – дейді ORTA арт-тобының ұйым­дастырушысы Рүстем Бегенов.

Венеция биенналесінен Қа­зақ­­станның тұңғыш ұлттық пави­льо­нының ашылуы – еліміздің мə­дени өміріндегі маңызы жо­ғары оқиға. Қазақстанның Вене­циядағы тұңғыш павильоны жо­ба­сының ажырамас бөлігі ре­тінде Параллель бағдарлама қабыл­данатыны да белгілі болды. Бұл бағдарлама аясында Венеция биен­налесі өтіп жатқан уақытта пави­льонға арналған арнайы іс-шаралар шеруін ұйымдастыру жоспарланған. Бағдарлама туралы толық ақпарат осы жылдың көктемінде жарияла­нады. «Вене­ция биенналесіндегі же­ке ұлт­тық павильон – қазақстан­дық арт-сахнадағы көптен күткен оқи­ға­ның бірі. Қазақстанның Вене­цияда­ғы тұңғыш павильонын­да комиссар болу – мен үшін үлкен мəртебе. Өнерді бірінші кезекте коммуникация ре­тінде қарастыруға болады, ал Вене­циядағы ұлттық павильондар арқылы шартараптың дауысын естудің, яғни бір көзқарасқа бай­ланып қалмай, уақыт рухын сезінудің мүмкіндігі мол. Бұл павильон əлемдік өлшемде де, ел ішінде де қазақстандық заманауи өнерді қолдауға жəне таныстыруға арналған көптеген жобаның біріне айналады деп үміттенемін», – дейді Қазақстан павильонының комиссары, ха­лық­аралық дәрежедегі арт-менед­жер Меруерт Қалиева.