Арменияда Президент сайлауы наурыз айында ел Парламентінде өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz Риа Новостиге сілтеме жасап.
Бұл туралы Премьер-Министр Никол Пашинян Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Сіз наурыз айында өтетін сайлауға дейін жоғары технологиялық өнеркәсіп министрінің міндеттерін толықтай орындап, осы кезеңде тиімді жұмыс істейсіз деп үміттенемін», деді Пашинян президенттікке үміткер жоғары технологиялық индустрия министрі Ваагн Хачатрянға.
Оның айтуынша, Хачатрянды Парламенттің 65 депутаты ұсынған. Бұл қадам оның Президент болып сайланатынына сендіреді.
Армения Президентінің міндетін атқарушы Ален Симонян өткен аптада БАҚ-та «Азаматтық келісім» партиясының жоғары технологиялық индустрия министрі Ваагн Хачатрянның кандидатурасын ел Президенті лауазымына ұсынуы туралы ақпаратын растады.
Армения Президенті Армен Саркисян 23 қаңтарда отставкаға кететінін мәлімдеді. Негізгі себеп ретінде ол Мемлекет басшысына сыртқы және ішкі саясаттың түбегейлі процестеріне әсер етуге мүмкіндік беретін тиісті өкілеттіктердің жоқтығын атап өтті.