Ақмола облысында былтырғы көне және орта ғасырлардағы тарихи ескерткіштерге жасалған экспедицияның нәтижелері бойынша «Ақмола облысының мәдени мұрасы: жаңа зерттеулер» атты ғылыми-танымдық басылым жарық көрді.
«Өткен жылы Ақмола облысының Мәдениет басқармасы өңір әкімдігімен бірлесіп Жақсы және Қорғалжын аудандарында ғылыми-зерттеу экспедицияларын ұйымдастырды. Экспедиция аясында Баубек батыр қорымында, Жәнібек-Шалқар кесенесінде және Бытығай кешенінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеуге Ұлттық мұражайдың ғылыми қызметкерлері, Ақмола тарихи-өлкетану мұражайының, Жақсы ауданының Запорожье орта мектебінің мұғалімдері, сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен басқа да мамандардан тұратын ғылыми топ қатысты. Бірқатар жекелеген сала мамандарының көмегімен геоақпараттық және жаратылыстану ғылымының жетістіктері арқылы қорытындылар алуға қол жеткіздік», деді облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.
Басқарма басшысы атап өткендей, қазба жұмыстары барысында сүйек қалдықтары, ежелгі монеталар табылған. Оларды зерттеуге Ресейден келген мамандар қатысты. Монеталардың құрамын және жерлеу орындарының нақты жасы мен генетикалық шығу тегін анықтауға мүмкіндік туды. Брифингте айтылғандай, экспедиция нәтижесі бойынша зерттелген жерлердің цифрлы моделін, нысандардың егжей-тегжейлі жоспары мен картасын, Жәнібек-Шалқар кесенесінің және Баубек батыр жерленген жерінің 3D-бейнесі дайындалды. Мұның бәрі «Ақмола облысының мәдени мұрасы: жаңа зерттеулер» атты ғылыми-танымдық басылымында берілген.