Бейнеті шаш етектен келетін ауыл шаруашылығы саласын автоматтандыру арқылы қол еңбегін жеңілдетуді армандаған білімді жастың бірі Ерсұлтан Жақанов ойға алған шаруасын діттеген жеріне жеткізе алмай жүр. Алға басқан қадамын кері кетіріп тұрғаны – жер мәселесі.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, автоматтандыру арқылы адам еңбегі жеңілдемек. Сәтімен сабақталса, өнім көлемі де айтарлықтай көбеймек. Әрі сапа да жақсаруға тиісті. Сонда ғана нәтижелі еңбек етіп, жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге болады.
2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің энергетика факультетін бітіргеннен кейін Көкшетаудағы «Алтынтау-Көкшетау» АҚ-да еңбек жолын бастаған. Кейін елордадағы «Нұр-Астана-Құрылыс» зауытында да инженер болып қызмет істеген. ІТ технологияның жілігін шағып, майын ішкен жас маман ел қатарлы тәп-тәуір жалақы алып жұмыс істеп жүрсе де, көкіректің бір түкпірінде жатқан туған елге пайдамды тигізсем деген ой мазасын алғанын айтады. 2016 жылы алға қойған мақсатын жүзеге асыруға біржола бел буыпты. Тек қана табыс табу үшін емес. Шаруасы алға озып тұрған шетелдердегідей біздің ауыл шаруашылығы да ілгері жылжу керек. Міне, осы мақсатта ізденген. Автоматтандыру бағытындағы ізденістері ауыл адамдарының кәдесіне жараса дейді.
– Мұндай ұмтылыстың пайдалы жағы аз емес, – дейді Ерсұлтан, – алдымен бейнетті белден кешіп жүрген ауыл тұрғындарының ауыр жұмысы азаймақ. Сонда ғана мал азығына, малды бағып-күтуге кеткен қаражат көлемі айтарлықтай қысқарады. Есесіне, табыс көбейеді. Қазіргі күні атакәсіп дегенімізбен, төрт түлік малды бұрынғыша бағуға болмайды. Оның күні өткен, жаңаша ұмтылыс қажет. Жастардың ауыл шаруашылығына бел буып бара бермейтіні де сондықтан. Жұмысты жеңілдетуіміз керек.
Бірнеше адамның күнімен атқаратын жұмысын бір адам тетікті басып қана атқарып, жем-шөп құнарын ғылыми жолмен байытып, түпкі өнімнің пайдасын молайтудың жолы бар екен. Әсіресе, қара жұмыстан қажыған ересек адамдарға техника көмегі айтарлықтай жеңілдік әкелер еді. Егер бар жұмыс толайым автоматтандырылса, мал басын мыңғыртып көбейтуге де мүмкіндік туады. Әншейінде қысы-жазы мал соңында жүруді қалай қоймайтын жастар білімін жетілдіріп, бұл тарапта жағымды жаңалық ретінде қолданысқа еніп жатқан автоматтандыруды меңгерсе, ауылда тұрақтап қалар ма еді деген үміт те бар.
Сөзден іске көшуді мұрат тұтқан кейіпкеріміз былтыр Көкшетау қаласындағы үш бөлмелі жайлы пәтерін сатып, Келлеровка ауылынан үй алып, жұмысын бастап кеткен. Өз күшімен ені 14, ұзындығы 40 метрге таяу тауық қора салыпты. Онда 3 мыңға жуық бройлер тауығын өсірген. Есеп-қисабын айтып берді. Мәселен, балапанды сатып алғаннан гөрі жұмыртқадан шығарған тиімді екен. Бұл жерде бір ұтасыз. Жұмыртқаның біреуі 150 теңге тұрады. Инкубатор қорапшасында жұмыртқадан балапан шығарады. Дұрыстап күтсе, әлгі титімдей балапандар арада 45 күн өткенде 2-2,5 кило таза ет беретін тауыққа айналмақ. 3 мың бройлер тауығын бағу үшін 4 адам қажет. Оларға жалақы төлеу керек. Бройлер балапанын бағу қаздікіндей емес, бейнеті көп шаруа. Егер астын күніне төрт рет тазаламаса, құс саңғырығынан шығатын иіс аммиакка айналып, тауықтың тәбеті мен денсаулығына, етінің дәміне кері әсер етуі ықтимал. Демек, жұмыс аз емес. Ал автоматтандыру арқылы бар шаруаны жалғыз адам тындырса, айына 180 мың теңге жалақы төлеуге болады. Бұл ауылдық жерде тәп-тәуір көрсеткіш, оның үстіне қолына күрек алып, белін ауыртып жұмыс істеп жатқан жоқ. Бар жұмыс, титімдей тетікті басу арқылы жүзеге асырылады.
Бройлер тауығын бағу түгел автоматтандырылған соң ірі қараны бағу да осы бағытта өрістемек. Болашақта қара малға арналған үлкен қора салып, бар шаруаны автоматтандандыруды жоспарлап отыр.
– Қақаған қыста қораның қақпасын шалқасынан ашып тастап, малдың астын тазалауға трактор кіретін болса, оның зардабы көп, – дейді зерделі жас, – біріншіден мал трактордың гүрілдеген даусынан шошиды. Өкпек желдің өтінде қалады. Осындай себептерден сүттілігі кемиді. Ал автоматтандырылған мал қорасы болса, ың-шыңсыз, барлық жері тап-таза, жып-жылы болып тұрар еді. Жаңа үрдіске көшкен Украинада бір сиырдан күніне 40 литр сүт сауылады, ал біздегі көрсеткішті өздеріңіз де білесіздер. Егін шаруашылығы да солай. Біздің диқандар егістік алқабының көлемімен ғана пайда тауып отыр. Ал жердің қара шірігінің азайып, тозып бара жатқаны ешкімнің ойына келер емес. Алдағы уақытта аз жерден көп өнім алу мәселесі туындайды.
Ерсұлтан қазір үйінің жанынан жылыжай салуға кіріскен. Ондағы ойы – жылыжайды өзі дайындайтын биогазбен жылыту. Өзі бағып жатқан тауық пен қара малдың қиынан биогаз өндіреді. Қажетті құрылғыны өзі жасап шықпақ. Биогазбен үйді жылытуға да, электр қуатын өндіруге де болады. Ғылыми тілде биогумус деп аталатын сұйықтық өндіріп, оны тыңайтқыш ретінде пайдаланбақ. Құрамында азот, фосфор, тағы басқа қосындылар қай мөлшерде болатынын есептеп, тәжірибеден өткізді. Егер осыны алқапқа пайдаланса, гектар берекесі үш есеге дейін артпақ. Тек топыраққа сіңірерде тыңайтқыштың тепе-теңдігін сақтау керек, әйтпесе, тұқымның күйіп кетуі де мүмкін. 500 гектар егістіктен 5 мың гектар алқаптан алатын өнімді алуға да болады.
Ізденуден жалықпайтын жас жігіттің көкірегі тұнып тұрған идея. Қара малға, тауыққа азығын турап, жармалап, содан соң түйнектеп берудің артықшылығын айтты.
– Түйнектеудің қаншалықты қажеті бар? – деп сұрадық біз.
– Мәселен, тауыққа қажетті азықты дайындағанда ішіне әртүрлі дәрумендер қосылады. Олар тәтті болады да, тауық оны бірінші жеп қояды, қалғаны ағзаға пайдалы болса да, желінбей қалады. Қазақы ұғымға жақындау етіп түсіндірейін. Мәселен, алдыңызға бір табақ ет келді екен делік, қазысы мен қартасын теріп жейсіз, қара етке зауқыңыз соға бермеуі мүмкін. Бұл да тура солай, – деп күледі ол.
Әрі түйнектеген кезде жемнің құрамындағы микробтар өліп, қалдық қалу мөлшері күрт азаяды екен. Осының барлығы жұмсалатын қаражатты үнемдеуге сеп. Екпе шөптің де тез көтерілуіне әрі шығымдылығына қажетті тыңайтқыш дайындаудың өзі бір жыр.
Ерсұлтанның қазіргі ойы автоматтандырылған тауық қорасындағы еңбек ырғағын бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, жалпақ жұртқа таратпақ. Көрсін, үйренсін. Өзінің бастаған оң шаруасы ел үшін, елдің игілігі үшін.
– Қол қусырып қарап отыруға әсте болмайды. Менің кейбір білімді, озық ойлы таныстарым шетелге кетіп қалды, мені де шақырған. Бірақ бәріміз бірдей өзге елде сұлтан болсақ, өз елімізді кім алға сүйремек?, – дейді жаңалыққа жаны құмар Е.Жақанов.
Бүгінде идеяларын пайдалану үшін бірге жұмыс істеуге шақырып жатқандар аз емес екен. Бірақ Ерсұлтанның ойы қарақан басының табысы емес, ауылдың ахуалын көтеру. Ендігі керегі, оң сипаттағы озық идеяларын тәжірибесімен көрсету. Ол үшін тоқымдай жер керек.
Ақмола облысы