• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2014

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ: «Айтыстағы аймақтық дәстүрлерді сақтап қалу керек»

1568 рет
көрсетілді

Белгілі айтыскер ақын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы Наурыз мерекесі қарсаңында Астана қаласында шығармашылық кешін өткізбекші. Ғылым жолында да еңбек етіп жүрген азаматпен үлкен концерттің алдында пікірлесуді жөн санадық. – Ұлыстың ұлы күні, дәл Наурыз мерекесінде «Қазақстан» орталық концерт залында «Перзент тілегі» атты шығармашылық есеп беру кешіңізді өткізгелі отырсыз. «Перзент тілегі» деген атаудың өзі құлаққа жағымды естіледі. Мәнісіне тоқтала кетсеңіз. – Бұл сұрақ бұған дейін де бірнеше рет қойылды. Біріншіден, Ұлыстың Ұлы күні қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша адамдар бір-біріне ізгі тілегін айтады. Кеш сол күнге тура келіп тұр. Екіншіден, қазақ елінің перзентімін. Концертте айтылатын ән де, оқылатын өлең де жұртыма деген арнауым, перзенттік тілегім, елге деген еңбегім деп білемін. Сонымен қатар, ата-анама арналған осы аттас ән де бар. «Перзент тілегі» деген атқа барлығы қызығушылық танытып жатқанына қарағанда сәтті шыққан сияқты. – Кештің өтуіне кімдер демеушілік жасап, қолдау көрсетіп отыр? – Кештің үлкен көлемде өтуіне Астана қаласы әкімдігі, оның ішінде Мәдениет басқармасы тікелей қолдау жасап жатыр. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов та бар көмегін көрсетуде. Ал Бас редакторлар клубы ақпараттық қолдау жасамақшы. – Айтыстан бөлек жазба ақын ретінде де танымалсыз. Шығармашылық кеш барысында алғашқы жыр жинағыңыздың да тұсауы кесіледі екен. Тағы қандай жаңалықтар күтеміз? – Мені жазба ақын ретінде белгілі бір орта ғана танитын шығар. Көпшілік жұрт айтыскер ретінде біледі. Жазба өлеңдерім сайттарға, бір-екі газетке шыққан. Бұрынғы өлеңдерімді, жаңа, жарияланбаған жырларымды қосып, жинақ дайындап жатырмын. Есеп беру кешінде тұсауы кесіледі. Менің ұстаздық келбетімді де осы кеште тани аласыздар. Өйткені, сахнаға Еуразия ұлттық университетіндегі шәкірттеріммен бірге шығам, мектеп оқушылары да бар. Кәсіби актерлермен қоса олар да өлеңдерімді оқиды. Айтыстың айтулы саңлақтары Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов, Иран­­­­­ғайып Күзембаев, Мейірбек Сұлтанхан, Еркебұлан Қай­­­назаровтармен шығып айтыс көрсетеміз. «МузАРТ», «Жігіттер», «Бәйтерек», «Ала­ман», «Ерке» топтары, Заттыбек Көпбосынұлы, До­сымжан Таңатаров, Жа­ңа­бай Өтегенов, Роза Әл­қо­жалар жаңа әндерді орындап, Тұрсынбек Қабатов, Олжас Сыдықбек секілді әзіл әлемінің өкілдері де елге өз тартуларын жасайды. – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған «Топжарған» жас айтыскерлер мектебінің жетекшісісіз. Осы мектептен қандай айтыскерлер түлеп ұшты? Қандай жұмыстар атқарылды? – «Топжарған» алғашында арнайы студия ретінде ашылған. Осыдан екі-үш жыл бұрын ол жабылып, қазір қоғамдық клуб ретінде жұмыс істеп жатырмыз. Ел алдында жүрген ақындардың көбі біздің түлектер. Биылғы алтын домбыраның иегері Жандарбек Бұлғақов, кейінгі толқын ақындар Мейірбек Сұлтанхан, Жақсылық Орынбасар, Мейіржан Әлібеков, енді аттары шыға бастаған Сырым Әуезхан, Таңжарық Ержандар осы клуб мүшелері. Еуразия ұлттық университетіндегі жаңадан қосылған шәкірттеріміз арасынан да жүзіктің көзінен өтетін жүйріктер шығып жатыр. – Төл өнерімізді зерттеп, еңбектер жаздыңыз. Қытайда, Әзербайжанда насихаттағаныңыз да бар. Ғалым ретінде айтыңызшы, қазіргі қазақ айтысына не жетіспейді? – Қазіргі айтыс жоғары қарқынмен даму үстінде. Кейбіреулердің айтыс құлдырады деген пікірімен келіспеймін. Қаулап өсіп келе жатқан жастар легінің деңгейі жаман емес. Тіпті айтыста бізден бұрынғы буын­мен қатар буынның біразы жастардың бет қаратпас екпініне шыдамай, толқын лақтырған бөренедей шетке шығып қалып жатыр. Ол өнер дамыған кезде болатын заңдылық. Айтыстың қазіргі кемшілігіне келер болсақ, аймақтық дәстүрлердің сақталмауын айтар едім. 2000 жылдарға дейін бұл дәстүр жойылмай келді. Мысалға, батыстық мектептің өкілі Мэлс Қосымбаев, Салауат Исақаевтар кешегі Абыл, Қашаған, Нұрымдардың мақамымен төкпелеп айтысатын еді. Арқадан Аманжол ақын сал-серілердің ізімен, Жетісудан Оразалы Досбосынов Құлманбет, Сүйінбайлардың жолымен, Қаратау мектебінен Мұхаметжан Тазабеков, Бекарыс Шойбековтер өздерінің мақамдарымен шықты. Ал қазіргі жаһан­дану жағдайында бұл керемет дәстүрлер жұтылып, жойыла бастады. Негізінен, дәстүрлі аймақтық мектептер сақталған кезде ғана ұлттық өнеріміз дамиды. – Ал өзіңіздің соңғы кездері айтыс­та көп көрінбей жүргеніңіздің себебі неде? – Мен айтыстан алыстаған жоқ­пын. Жылына кем дегенде үш-төрт рет шығып тұрам. Осы күз­де ғана Қызылордада «Қаз­Гер­Мұнайдың» 20 жыл­­­­дығына орай өткен айтыс­та жүлделі үшінші орынға ие болдым. Жаздағы «Ел. Елбасы. Астана» деген айтысқа да қатыстым. Өкі­нішке қарай, көбін эфирден көрсетпей жатыр. Сон­дықтан жұрт мені айтыстан кетті деп ойлайды. – Жер-дүниені шуа­­ғына бөлеп жеткен Нау­рыз мерекесіне ақын­дық, перзенттік тілегіңізді айт­саңыз. – Жалғыз-ақ тілегім – еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен. Әлемдегі болып жатқан дүрбелеңдер мен келеңсіздіктер бізге келмесін. Ынты­мағымыз бен бірлігіміз жараса берсін. Ұлыс күні айтылған ниеттің барлығы да қабыл болсын! – Сұхбатыңызға рахмет. Алдағы шы­ғар­машылық кешіңіздің сәтті өтуіне тілектеспін! Сұхбаттасқан Абай ТІЛЕНШИЕВ, Еуразия ұлттық университетінің студенті.