Шерхан Мұртаза еліміздің төрт құбыласындағы халыққа таныс тұлға. Әйгілі қаламгердің қаламынан туған шығармаларды ел іздеп жүріп оқыды. Әрдайым шындықтың шырақшысы болған жазушыны құрмет тұтты. Тұлғаның жазып қалдырған тағдырлы туындылары ел жадында. Жалпы, Шерхан сынды алып қаламгердің қаламынан туған әрбір сөз, әрбір жол ұлт руханияты үшін асыл қазына. Көркем шығармаларынан бөлек, әдеби мақалалары, күнделіктері мен хаттары да замана жүгін көтеріп тұрған дүниелер. Жазушының әр жылдары жазған хаттары да бұл күнде Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында сақтаулы тұр.
Аталған орталық қаламгер мұраларын жинақтауда жүйелі жұмыс атқарып келеді. Орталық қызметкерлері өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап жазушының жазған хаттарын жинап, жүйелеу үстінде. «Биыл абыз тұлға Шерхан Мұртазаның туғанына – 90 жыл. Мерейлі датаны атап өтуге біздің бірден-бір қосар үлесіміз – халық жазушысының жеке архивтерін зерделеу, зерттеу және оны мемлекеттік сақтауға өткізуге бар мүмкіндікті жасау деп білдік. Сондықтан да алғашқы қадамды өткен жылы бастап, жазушының қолжазба мұраларын жинастырдық. Жазушының жетпіске жуық күнделігі, жүзден аса хаттары және өзге де қолжазбалары Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығына жеткізілді. Бүгінде аталған орталық қызметкерлері қайраткердің жеке архивтерін саралап, оларды электронды-сандық түрге түсіру жұмыстарын жүргізуде», дейді Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова. Бұл әрине, қазақ руханияты үшін үлкен олжа. Қаламгердің хаттарында да оның қолтаңбасы айқын көрініп тұр.
Бүгінде Шерхан Мұртазаға жазған және Шерхан Мұртазаның өзі жазған жүз елуге жуық хат бар екен. Олардың негізгі бөлігі 1950-1955 жылдары жазылған. Сонымен қатар жазушының архивінен 1957, 1959, 1960 және 1980 жылы жазылған хаттарды да көруге болады. Бірақ бұл хаттар бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Мәскеуде оқып, елден жырақта жүргенінде анасы Айшамен, сол кездегі Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы мектепте ұстазы болған Хабибат Аубакировамен және достарымен жазысқан хаттары да бар. Жазушының өзі анасы Айшаның тағдыры туралы «Ай мен Айша» деген романында жазған. Елуінші жылы анасы Айшаға жазған хатынан анаға деген перзенттік құрмет, балалық сағыныш аңғарылады. «Москвадан сәлем! Апатайым! 29/ІХ-50 ж. Аман сау оқып жатырмын. Денсаулығым жақсы, оқу да жақсы. Бүгін, 28 сентябрьде посылкелеріңізді алдым. Бәрі қалпында, бүлінбепті. Мені өте қуантқан тері көкірекше болды. Бұл жақта қанша дегенмен күн ызғарлы ғой. Апа, енді посылкенің онша керегі жоқ. Өйткені сіздерге қиын соғарға ұқсайды, алыс жер болғандықтан көп ақша шығын болады. Өте керек болып қалған уақытта өзім хат саламын ғой. Елдің, өздеріңіздің әл-ахуалдарыңыз қалай, қысты қалай қарсы аласыздар? Мен дүниенің төрт бұрышынан түгел хат алып тұрамын, яғни атап айтқанда, алматылық Өсерден, т.б. жолдастардан, Латвиядағы Дүйсенбайдан, Ленинградтағы жолдастардан, Сібірде, Қытай шекарасында оқып жатқан жолдастардан, ал сіздерден өте сирек аламын, ол қалай? Ауылдың хал-жағдайын, жаңалығын айтып хат жазып беруге Қырекеңнің қолы тимей ме, хатты қанағаттандырып жазу Батырханның, Құрмаштардың, т.б. қолынан келмей ме? Қаржаубайға ағалық рахметімді айтамын, аз күннің ішінде 2 хатын алдым. Әйнек апайдың, Шебелдің халдері қалай? Сәлем айтыңыздар. Қуанышбай қалай жүріп жатыр, Байбосын науқасынан айықты ма? Пашира апайға сәлем, Өсекең неге хат жазбайды? Басқа не айтамын әзірге жаңалығым жоқ. Сау болыңыздар! Апа мені уайымдамаңыз, тек аманшылық тілеп, қайратыңызға мініп жүре беріңіз! Апа! Бұл жақта қазақша кітап жоқ, сондықтан сағындым. Үйде менің кітаптарым көп болушы еді ғой, атап айтқанда «Ботагөз» деген кітапты Машанға айтып, сол арқылы поштамен жіберулеріңізді өте сұранамын. Оған онша көп ақша да алмас. Ол посылкадай қиын емес. Жақсы қағазға орап, 2-3 кітап салуға болады. Шерхан Мұртазаұлы». Жат жерде жүрген азаматтың көңіл толқынысы, анасына және ағайын-туыстарына, ауылдастарына деген сағынышы, арада жетпіс жылдан астам уақыт өтсе де сарғайған сары парақтарда таңбаланып тұр. Сондай-ақ Шерхан Мұртазаның анасы Айшаға өлеңмен жазылған хаттары да сақталған.
Оқуым жақсы, денім сау,
Көңілім шат-шадыман.
Ішімдегі бір қаяу –
Ауылды, сені сағынам,
– дейді анасына жазған хатында. Жазушы әуелі қолына қалам алған жылдары өлең жазғаны белгілі. Қаламгердің бірқатар өлеңі күні бүгінге дейін сақталған. Бұл ретте жазушы мұраларын жинастырып жүрген Назым Қожамарова «Жазушының 1949-1950 жылдары сақталған құжаттарында ғашықтық өлеңдерімен қатар, табиғатқа арнаған лирикалық төрттаған жырлары, достық әзіл-әжуа өлеңдері және арнаулар да бар. Шерхан мен анасының жазысқан хаттарының арасында да өлең-хаттар кездеседі», дейді. Анасы Айша да ұлының өлеңмен жазған хаттарына өлеңмен жауап берген екен.
Жазыпсың хат
МГУ-дің заңғарынан,
Ақ сүтімді емізген құлыншағым.
Мақтаныш,
қуанышың аңғарылған,
Ел де, мен де қуанам, ұлым, соған.
МГУ-ім Алатаудай биік депсің,
Қадірлеп тасын сүйгін –
о да анаң.
Білімің де үйіңдей биіктесін,
Кеуек болсаң нәрсе жоқ
содан жаман,
деген Айша ананың жүрекжарды сөзі өрілген. Сондай-ақ жазушыға Жамбыл атындағы мектепте сабақ берген Хабибат Аубакированың 1951 жылы 3 маусымда жазған жауап-хаты да бар екен. «Так же и я спешу тебе сообщить, мой дорогой, о том, какую радость меня постигла, когда я прочитала такое художественно красочно и политически правильно оформленное письмо от моего вчерашнего абутирента – казаха, владевшегося русской речью несвободно. Твое письмо обрадовало и удивило не только меня одну, а всех учителей, которые тебя учили…». Бұл уақытта Шерхан Мұртаза Мәскеудегі жоғары оқу орнының бірінші курсын аяқтаған кезі екен.
Сақталған дүниелердің біраз бөлігі Шерхан Мұртазамен Жамбыл қаласында бір сыныпта оқыған Әбдуәлі, Төлен, Әбутәліп деген достарынан келген хаттар. Ол хаттардың кейбір жерлеріне жазушы түзету енгізіп, мәтінін түзеген белгілер салынған. Мұнысын да жақын достары жанашырлық ретінде бағалаған. Болашақ атақты жазушы, білікті бас редактордың қолтаңбасы аңғарылады. «Ай мен Айша» романында жазушы біраз уақыт Жамбыл қаласында мектепте оқығанын, өздеріне атақты академик Мұхаметжан Қаратаевтың сабақ бергенін, сыныптас достары кейіннен белгілі қайраткер Қаратай Тұрысов, темір жол саласының ардагері Әбдуәлі Данаев және өзге де азаматтар болғанын жазады. Елуінші жылдары достарымен жазысқан хаттарынан да жазушының ауыл-аймақтың амандығынан бастап, ел мен жердің, жалпы қоғамның әңгімесін қозғағанын көруге болады.
Жамбыл облысы