Біздің қоғамдағы басты мәселенің бірі – баспана мұқтаждығы. Статистикаға сенсек, елімізде тұрғын үйге деген сұраныс көлемі жыл сайын 50 мың адамға дейін өсіп отырады. Бұл – ресми кезекке тіркелген азаматтардың саны ғана. Мұның сыртында қала жағалаған жұрттың тұрақты тіркеуге тұрмайтынын ескерсек, қанша отандасымыздың үйсіз-күйсіз жүргенін шамалауға болады.
Бірер жыл бұрынғы дерекке қарасақ, мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан тұрғын үймен қамту бағдарламаларына қатысуға өтініш берген адамдар саны 548 мыңнан асқан екен. Әрине, мұнша баспанасызды толық үймен қамту үшін кемі 70-80 жыл бойы тоқтаусыз құрылыс жүруге тиіс көрінеді. Бірақ мұндай мүмкіндік Қазақстан түгілі, әлемнің дамыған елінде де жоқ. Демек баспанамен қамтамасыз етуге қатысты тақырыпқа жақын арада нүкте қоя алмаймыз. Бірақ бұл бағыттағы мәселені шешуге қатысты мемлекеттің ұстанымы мен шешімдері жоқ емес, бар. Тіпті тұрғын үйге қатысты түрлі бағдарламаларды дүние жүзімен салыстыра қарағанда, теңдессіз деуге болады. Мысалға, 2020 жылы Қазақстанда 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Осы жылы 140 мыңнан астам пәтерде қоныс тойы тойланған. Ал тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2020 жылы едәуір өсіп, жалпы сомасы 2 трлн теңгені құрады. Яғни жеке бизнестің үй құрылысына салған қаржысы артқан, салыстыру үшін алғанда мемлекет құрылысқа 1 теңге қосса, инвесторлар 5 теңге құйған болып шығады. Ал мемлекеттік бағдарламалардың дені әлеуметтік санаттағы тұрғын үй құрылысына бағытталатыны белгілі және мұндай баспаналар негізінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы әулеттерге беріледі. Осы санаттағы үймен қамтудың да өз тетіктері бар. Оның негізін үй құрылысын субсидиялау мен тұрғындарға жеңілдік займдарын ұсыну сияқты шарттар құрайды. Аталған жылдары осындай санаттағы 38,4 мың отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілді. Мұның ішінде 28 мың әлеуметтік баспана өз иесін тапса, 10,4 мың адамға жеңілдетілген займ берілген көрінеді.
Алайда атқарылған шараның барлығы баспана мұқтаждығын шешуге бағытталған санаулы қадамның бірі болып отыр. Оның үстіне әлеуметтің көңілін нілдей бұзатын мәселе бұл жақта да жиі кездеседі. Мәселен, тұрғын үй кезегін жылжыту бойынша үнемі дау туып жататыны өтірік емес. Яғни әлеуметтің теңсіздік пен сыбайлас жемқорлық мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған шараларында да тамыр жайғанын мойындауға тиіспіз. Қазір бұл саладағы қылмыспен құзырлы органдар шындап күресе бастағандай. Жақын күндері мемлекет қаржысына салынған тұрғын үйлерге қатысты заңсыздық пен мақсатсыз жұмсалған бюджет ақшасына қатысты сорақы ақпараттарды естіп қалуымыз да мүмкін...
Өкінішке қарай, әлеуметтік санаттағы баспанамен қамту және тұрғын үй кезегіндегі әділетсіздікке қатысты дау Жетісуда да жиі кездеседі. Әсіресе Талдықорған қаласы бойынша мәселе көп. Облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатқанымен, баспана кезегінің үнемі бұзылатынын айтып шағымданушылар жеткілікті. Салаға жауапты шенеуніктер де өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тіпті қылмыстық қудалауға да түсіп жатыр. Бірақ әлеуметтік әділетке қол жеткізу бәрібір қиын болып келген еді. Мысалы, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Талдықорған қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметіне мониторинг жүргізген болатын. Нәтижесінде, бұл бөлімнің жұмысы тиісті заң аясында жүргізілмегені анықталып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
– Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде 9 фактор анықталды.Тұрғын үйге тіркелген азаматтардың реттік нөмірінің болмауы, тұрғын үй комиссиялары жұмысының бұлыңғырлығы, комиссия құрамында тұрғындар мен ҮЕҰ өкілдерінің болмауы, тәртіптік тергеулер мен мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төлемдерін мерзімінен бұрын алып тастау тәжірибесі, тәртіптік жаза қолданылмаған жағдайда департамент пен ведомстволық бағынысты мекемелердің қызметкерлерінде мүдделер қақтығысының болуы, басылымдар мен интернет-ресурстарға тұрғындар тізімі жайлы ақпараттың басылмауы, соңғы екі жылда тұрғын үй алған адамдардың тізбесі және бірыңғай электронды автоматтандырылған жүйенің жұмыс істемеуі және тұрғын үй бойынша бухгалтерлік есептің жасалмағаны белгілі болды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаев.
Талдықорған қаласының тұрғындары баспана мұқтаждығы жөніндегі мәселемен облыс әкімдігін қазір де жиі мазалайды. Жақында кезекті қабылдау өткізген өңір басшысы Қанат Бозымбаев арыз-шағым айтқан адамдардың әрқайсысына тұрғын үй кезегіне тұру және кезек ретіне байланысты баспана берудің жайын түсіндірді.
– Шешілмеген өзекті проблемалар облыста да аз емес. Оның ішінде баспанаға қатысты сұрақтар өткір тұр. Олардың қатарында тұрғын үй мен жер учаскелерін бөлу, саяжай тұрғындарының проблемалары бар. Облыста 57 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың басым бөлігі – тұрмысы төмен топтың өкілдері. Мұны шешуге аудан, қалалардың экономикалық дамуындағы алшақтық та өз әсерін тигізіп отыр. Мәселен, Алматы қаласының маңындағы аудандар мен Талдықорған өңірін салыстыруға келмейді. Бұл тұрғындардың күнкөріс деңгейінен де айқын байқалады. Бір ғана мысал, Іле мен Ақсу аудандарының экономикалық жағдайы жер мен көктей. Мұндай теңсіздікті болдырмауымыз керек. Аймақтар тең дамуға тиіс. Бұл үшін барлық ауданды қамтитын бірыңғай экономикалық бағдарлама дайындалуда, – дейді облыс әкімі.
Жалпы, облыста 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл бюджет қаражаты есебінен 304,4 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 3 869 пәтер салу жоспарланған. Соның ішінде 3 109 пәтерлі 350 тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беру міндеті тұр. Сонымен қатар жалға берілетін тұрғын үй үшін 639 пәтер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылары үшін 818 пәтер салу жүзеге аспақ. Мұнымен қоса несиелік тұрғын үй бойынша да 1 652 пәтерлік 38 тұрғын үй бой көтереді деген жоспар бар. Ал тұрғындар бұл бағдарламаның діттеген мерзімде орындаларына сенеді әрі үй кезегіндегі заңсыздықтың жойылатындығынан да зор үміт күтеді.
Алматы облысы