• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Ақпан, 2022

Көркем еңбек қолтаңбасы

1421 рет
көрсетілді

Мемлекеттік орталық музейде Қазақстанның «Көркем еңбек» пәні мұғалімдерінің қатысуымен республикалық «Бабалар үні» көрмесі ашылды. Дәстүрлі жоба жыл сайын үздік ұстаздарды рухани алаңға жинап, өзара тәжірибе алмасуға жол ашып келеді.

«Бабалар аманаты» жобасының мақсаты еліміз­дің бүкіл аймақтарындағы көркем еңбек пәні мұғалімдерін бір арнада тоғыстыру. Сол арқылы өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесі мен білім негізін ұштастыру һәм әрқилы жанрдағы туындылардың қыр-сырын тарих тағылымына терең бойлата отырып көрерменге жеткізу.

Биыл «Бабалар аманаты» Ұлттық жобасының құрыл­ғанына үш жыл толды. Жобаға Сурет­шілер одағы, Республика дизайнерлерінің Еура­зиялық одағы, Қол­өнер одағы және шығар­машы­лықпен айналысатын елі­міздің Көркем ең­бек мұғалімдері кіреді. Олар Түр­кия, Грекия және Ор­талық Азия елдері арасында өтетін халықаралық көрмелерге үзбей қатысып келеді.

Жоба жетекшісі – Қанағат Кодеков. «Бабалар аманаты» – халықаралық кәсіби суретшілері мен талантты Көркем еңбек мұғалімдерінің үздік шығар­малар жинағының авторы «Үздік педагог-2021» байқауының жеңім­пазы атанған болатын. Сондай-ақ оның қолтаң­басынан Әл-Фарабидің 1150 жыл­дығына, Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығына, Мұқағали Мақа­таевтың 90 жылды­ғына, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шы­ғармалар жинақтары жарық көрді.

– Көркем еңбек пәндерін оқытатын респуб­ликаның барлық өңірлерінен келген 800-ден астам ұстаз, шығармашыл педагог «Бабалар аманаты» жобасында республикалық және халықаралық деңгейде педагогикалық өнерді насихаттау мақ­сатында бірікті. Жоба мүшелері елімізде өтіп жатқан мәдениет күндеріне белсенді қатысып, көрмелер өткізеді. Қазіргі уақытта еліміздің педагогикалық қоғамдастығы өскелең ұрпақты ұлттық бейнелеу өнерінің құпиялары мен қыр-сырына үйрету үшін тынымсыз еңбек етуде, өнер арқылы оларды қазіргі заманғы көркемдік бағыттармен таныстырады, эстетикалық тәрбиені, сұлулықты дұрыс түсінуді қалыптастырады. Қазақстанның ұлттық өнерін насихаттау ісінде шығармашыл педагогтердің орны ерек, – дейді Қанағат Кодеков.

Биылғы көрмеге Қарағанды, Атырау, Ақтау, Шымкент, Маңғыстау, Павлодар, Семей, Өскемен және тағы басқа да аймақтардан халқымыздың ұлттық мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, Қа­зақстан табиғатының сұлулығын бейнелейтін 40-тан астам туынды ұсынылған. Алматылық көрермендер мен қала қонақтары аталған өнер жәрмеңкесін 2022 жылдың 23 ақпанына дейін тамашалай алады.

 

 

АЛМАТЫ