• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2022

Кейуана коньки теуіп жүр

434 рет
көрсетілді

Сексеннің сеңгіріне шыққан Рысты Ілиясова есімді шешейдің көк мұздың үстінде коньки тепкені «Қазнет» кеңістігіндегі қауымның көңілін көтеріп тас­тады. Сөйтіп кейуана әп-сәттің ішінде «жұлдызға» айналып шыға келді...

Рысты Ілиясова Қара­ғандының іргесіндегі Ақ­­тас кентінде тұрады. Коньки тебу үшін 15 ша­қы­рымды артқа тастап, облыс орталығындағы сая­бақтың мұз айдынына ке­леді.

Рысты шешейдің бар саналы ғұмыры ауылда өткен екен. Жас кезінде қара жұмыстың бәрін де істепті: аспаз да болған, сиыр сауып, мал баққан, қой қырыққан. Еңбекқор жан соның өзінде бос уақыт табыла қалса, оны дене шынықтырумен ай­налысуға жұмсайды екен.

– Спортпен түпкілікті түрде айналысқан адам емеспін. Бірақ қолым босаған сәтте жүгіріп, суда жүзіп, дене шынықтыру жаттығуларын жасап тұратынмын. Қазір де сөйтемін. Құрбыларым мұныма күледі. Күл­се күле берсін, сол қимылдағанның арқа­сында үнемі сергек жүре­мін, – деп сыр шертеді Рыс­ты шешей.

Таяуда ұлы Бораш ана­сына жаңа коньки сатып әперіпті.

– Коньки тепкенінде уайымдайтыным рас. Қа­лай дегенмен де жасы бір­талайға келген адам ғой. Жібермейін десем, көнбейді, – дейді ол.

Сексеннің үшеуіне жа­сы келген Рысты шешей үйде отыра бергенше, бір мезгіл таза ауаға шығып, спортпен айналысу керек­тігін айтады. «Сонда адам­­ның қырыс-тырысы жа­зылып, денсаулығы да түзеледі», дейді сала­мат­ты өмір салтын серік еткен кейуана.

 

Қарағанды облысы