• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Әлем 08 Ақпан, 2022

Атау өзгертудің әлегі

328 рет
көрсетілді

ЧИКАГО. Шекспир «Атауда тұрған не бар? Егер раушан гүлін басқаша атасақ та, бәрібір жұпар аңқып тұратын еді» деп жазғанда бір нәрсенің болмысы оған қойылған есім-соймен байланыссыз екенін жеткізгісі келді. Алшаны алмұрт деп атағанымен оның дәмінде айырмашылық болмайды.  

 

Әрине, есімдердің белгілі бір мағы­насы бар екені түсінікті. Кез кел­ген бала атының бұрмаланғанын қала­майды. Сөздің таяқ пен тасқа қарағанда зияны аз деп есептейтіндер де бұдан сақтанады. Азаматтық соғыс генералдарының, экс-президенттердің, саклерлердің (атақты апиын сататындар) және Вашингтон (Колумбия округі) футбол коман­дасының атаулары жойылды, бас тартылды, сынға ұшырады немесе өз­гертілді. Қазіргі таңда ақыл-есі дұ­рыс адам баласына Гитлердің, тіпті Адольф­тың есімін қоймайды.

Атауын өзгерту туралы жанжал­дар әлі де бүкіл жерде кездеседі. Әсіресе командалар мен мектептердің атаулары үшін қызу пікірталас жүріп жатыр. Қоғамдық ғимараттарға, көшелерге және басқа нысандарға берілген атауларға қатысты даулардан бөлек, Америка Құрама Штаттарында көптеген колледж бен кәсіби спорт командаларының атаулары өзгерді. Бірақ адамдар көбіне ескі атауды дұрыс көреді (немесе жай ғана үйреніп қалған). Бұл әдетте жергілікті америкалықтарға қатысты. Ал ескі атаулар жас ұрпаққа ұнамады.

2017 жылы Йель университеті Кал­хаун колледжінің атауы өзгерді. Өйт­кені сенатор Джон Си Калхаун құл­дықты сақтауды, штаттардың құқық­тарын және 1800-жылдардағы феде­ралдық заңдардың күшін жоюды қолдады. Сондықтан мұндай маңызды мекемеге оның есімін қою қорлық деп танылды. Колледж қазір өнертапқыш компьютер ғалымы Грейс Мюррей Хоппердің есімімен аталады.

Сол секілді 2020 жылы Принстон уни­верситетінің Вудро Вилсон мектебі Принстон қоғамдық және халықаралық істер мектебі болып өзгерді. Осылайша, келешекте қандай да бір атақты түлектің немесе болашақ донордың есімімен аталуы мүмкін (бірақ саклерлерге өтініш берудің қажеті жоқ шығар).

Бір қызығы, Джордж Вашингтон құл иеленгеніне қарамастан, АҚШ астанасының атауына төніп тұрған қауіп жоқ секілді. Шынында да көптеген көше мен қала атаулары құлдықпен байланысы бар адамдарға беріліп, сол дәуірден хабар беруі мүмкін.

Кей жағдайда атауды өзгертуге қарсылық танытқандардың моральдық дәлелдері бар. Мысалы, Уилсон көпте­ген қара нәсілді америкалықты жоғары мем­лекеттік лауазымдардан алып тастаған нәсілшіл екені анық екеніне қарамастан оның ішкі саясаты өте прогрессивті еді. Бірақ жамандықтың орнын жақсы ниетпен немесе ізгі істермен алмастыра алмайтынымызды айтып, қарсы шығатындар табылады.

Мына мәселе ұзақ уақыт күн тәрті­бінен түспейтіні анық. Кез келген атау дамып келе жатқан ережелер мен қарсы пікірлер салдарынан өзгермей, шынымен қауіпсіз қала бере ме? Сайып келгенде, іс жүзінде әрбір атау қарсылық тудыратын немесе қорлайтын әрекетпен немесе нанымдармен байланысты болуы мүмкін. Тіпті олар өз дәуірінде қолдау тауып, марапатталса да бұдан құтыла алмайды. Ешқайсымыз қазіргі кез келген қызметтің уақыт сынынан өтетініне сенімді бола алмаймыз. Бүгінгі күннің өлшемдеріне сүйенсек, ата-бабаларымыз жақсылық пен жамандықты қатар жасағаны сөзсіз.

Ендеше, дау тудыратын атауды өзгерту­дің үш шешімін қарастырған жөн. Бірінші мәселе, заңдағы ескіру мерзімімен байланысты. Атауларды өзгертуге конвенция бойынша шектеулі мерзімге, мысалы 50 жылға рұқсат етілуі мүмкін. Осын­дай ықтимал әлеуметтік және саяси келі­сімге мерзім ерікті түрде қойылады. Бі­рақ бітпес даудан сақтануға көп кө­мек­теседі. Бүгінде қалыпты көрінетін мә­селе ұр­пақ­тарымызға қорқынышты көрі­нуі мүм­кін екенін мойындауымыз керек.

Осындай тәсілге сүйенсек, Вашинг­тон штатының атауына қауіп төніп тұрған жоқ. Вашингтон құл иеленсе де. Елдің атына да қатер келмейді. Дегенмен, болашақ ұрпақ Америка атауына наразылық білдіріп, әйелдерді теңізші ретінде жалдаудан бас тартқан он бесінші ғасыр зерттеушісі Америгоның (Веспуччи) есімімен байланысты екенін айтып мәселе көтеруі мүмкін.

Қалай дегенмен, әлеуметтік құнды­лықтардың өзгеруіне көп уақыт қажет. Атауы өзгертілген «Вашингтон коман­дирлері» футбол командасы 80 жыл бойы «Редскинс» аталып келді. Бірақ бұл ұсынылған шешімнің тиімділігін көру үшін әлеуметтік келісім айтарлықтай күшті болуы керек. Белгіленген мер­зім өткеннен кейін, қаншалықты қорла­ғанына қарамастан, ол атауға қарсылық білдіру дұрыс еместей көрінеді.

Екінші ұсыныс – мерзімдік шектеулер тұжырымдамасын пайдалану. Атаулардың өмір сүретін уақытын белгілеу қажет. Осылайша, оны бақы­лайтын ұйым тағы да белгіленген мерзімге ұзарту қажет пе, жоқ па, сол туралы шешім қабылдайды.

Нью-Йорк университетіндегі Сак­лер институтындағы оқиға секілді, қайы­рымдылық көрсеткен тұлғаға берілген есімді қарастырайық. Бұл жерде түсінік жаңа заңдарда қамтылған болуы мүмкін. Университет атауын сатуға құқылы болуы мүмкін. Тағы да, футбол командасы секілді коммерциялық компанияның өз атауын сақтап қалуына ештеңе кедергі емес. Әйтсе де өзгерістерге әкелетін заң емес, нарық қысымы.

Ақырында, сатып алу нұсқасы бар. Егер бастапқы атау «сатып алынбаса», демеушінің немесе қоғам қайраткерінің құрметіне қойылған атауды өзгерту оңай. Принстонға Уилсонның атын алып тастауды талап еткен жеке тұлғадан немесе топтан сыйлық алуына ештеңе кедергі болған жоқ. Бұл идея мүлдем жаңа емес. Театр алаңдары мен спорт стадиондарының атауы жарнамалық мақ­сатта жиі ауысады. Ал оларға тір­келген корпоративтік атаулар әдетте сатылымға арналған әрі белгілі бір мерзімге шектеледі.

Спорттық командаларға келсек, олардың атауы тарихпен тікелей байланысты. Бірақ егер ескі атау біреулердің намысына тисе, команда мен оның иелері аукцион арқылы атауды сатып, пайда көре алады.

Осы үш тәсілдің (біріктіре де аламыз) артықшылығы мынада: әрқайсысы уақыттың өзгеретінін, атаулардың да өзгеруі мүмкін екенін және атауды өзгертуге белгілі бір шектеулер болуы мүмкін екенін мойындауды талап етеді.

 

Саул ЛЕВМОР,

профессор және

Чикаго университеті

заң мектебінің бұрынғы деканы,

Кэролин БЕЙКЕР РИНГЕЛ,

Отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресетін The Second Step ұйымының адвокаты

 

Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org