Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстануы қажет екенін жеткізді. Бұл мәселені Президент бұған дейін де көтерген болатын.
Адал еңбек бүгінгі қоғам үшін ауадай қажет. Қ.Тоқаевтың бұл сөзі көзбояушылықтың дәуірі өткенін көрсетіп отыр. Өмірдің өзі әр нәрсені орын-орнына қойып келеді. Адал еңбексіз келген пайданың да, нәпақаның да соңы жақсылыққа апармайды. Осы мәселе туралы әрбір отандасымыз ойлануы қажет. Себебі адал еңбекті өзгеден ғана күтпей, өзіміз де осыған ынталануымыз керек. Бәзбіреу адал еңбек ұсынған болса, оған тұтынушы да адалдықпен жауап қайырғаны жөн.
Әрине, Президент бұл сөздерді ең алдымен, мемлекеттік қызметшілерге айтқаны анық. Себебі табиғи, энергетикалық, әлде әкімшілік болсын мемлекеттік ресурстардың барлығы мемлекеттік қызметшілердің құзыретінде. Оларға халық сенім артып, жауапты қызметке тағайындалуларынан үлкен үміт күтеді. Мемлекеттік қызметші дегеніңіз қоғамның сеніміне ие тұлға. Өкінішке қарай, қоғам бұл сенімін әлдеқашан жоғалтып алған. Лауазымды тұлғалар сенімінен айырылды. Көп мәселе әлі де болсын түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар беріп, бағыт-бағдар ұсынып отыр. Мәселелерді тиімді шешудің жолдарын көрсетіп берді.
Сондықтан әрбір адам адал еңбек етуге талпынуға тиіс. Мәнсапқа жету, байлыққа кенелу үшін адал еңбек еткен болып, айналасын алдап жүрегендердің тауы шағылатын кез келді. Ондай адамдарға да ойланатын, нақты іспен айналысатын уақыт жетті. Адал еңбек қана мемлекетімізді алға бастырады. Міне, сондықтан Президент те, қоғам да мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған азаматтарға осындай талап қойып, адалдығына сенім артып отыр. Алайда бұл сенімнің де, шыдамның да шегі бар.
Адамдар атқарған адал еңбегіне сай бақуатты өмір сүретін, әл-ауқаты жақсаратын болса мемлекеттік жүйені қалпына келтірдік деп сонда ғана айта аламыз. Мемлекет басшысы айтып өткендей, көптеген отбасының кірісі тек қана мемлекеттік дотациялармен, әлеуметтік жеңілдіктермен, субсидиялармен, түрлі әлеуметтік төлемдермен ғана байланысты болып отыр. Шынын айту керек, еңбек нарығында жүрген, экономикалық тұрғыда белсенділік танытып жүрген адамдардың саны шамалы. Әлеуметтік жеңілдіктерге сүйенетін адамдарды былай қойып, жұмыс істеп жүрген көп жандардың не өзін, не өз отбасын толық қамтамасыз ететін жалақысы да, мүмкіндігі де жоқ. Мәселенің өзегі осында. Егер елімізде еңбек адал бағаланып, жалақы әділ төленетін болса мұндай күйге түспейтін едік.
Әрине, мәселе жалғыз жалақыда емес. Барлық мәселе табыспен, кіріспен өлшенбейтіні де белгілі. Сақтандыру жүйесі болсын, қызметтердің қолжетімділігі болсын, оны қамтамасыз ететін инфрақұрылым, нарық болсын барлығы бір-бірімен тығыз, тікелей байланысты. Мәселе жүйелі түрде шешімін табуға тиіс. Олай болмаған жағдайда Мемлекет басшысы тиісті шара қабылдайтыны анық.
Айгүл СӘДУАҚАСОВА,
әлеуметтанушы