Бәрімізге аты белгілі Бекең, Бердібек Соқпақбаевтың балалық өмірі, жастық шағы жеңіл болмаған. Қаламгердің өмір өткелдері сол кездегі қазақ ауылындағы балалардың, барлығымыздың басымыздан өткен қиын күндер еді. 30-жылдардағы сол сұрқай сүреңдерді қылышынан қан тамған тоталитарлық заманда жеріне жеткізе жазып, көрсете білген Бекеңнің қайсарлығына таңданбасқа болмас. Қазіргі ұрпақ әлемдегі алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарынан табылған қазақтың бүгінгі жетістігін аспаннан түсе қалған дайын дүние екен деп қарайды. Бұл аға ұрпақтың ащы терімен, төзімді еңбегімен келген негізгі жүктің бір бөлігі.
Мен жастармен, оқушылармен жиі кездесіп тұрамын. Олардан: «Менің атым Қожа» деген киноны көресіңдер ме?», деп сұраймын. Ересектері: «Көрдік», – дейді. «Авторы кім?». «Өзі айтып тұр ғой, Қожа». «Жоқ, жазған жазушының аты-жөні кім?», деймін. Бас шайқайды, білмейді. Бастауыш сынып оқушылары: «Ондай киноны көргеміз жоқ», деп төмен қарайды. Осыдан кейін: «Ойпырмай, Бердібек шынымен-ақ жас ұрпақ жадынан шығып бара ма, қалай?!» деген күдікті ой қаумалайды.
Сол Бердібек биыл 90-ға толады. Мерейімді өсіретіні қызметтес болған, қатарлас жүрген ағайын ұмытпай газет-журналдарға естеліктерін жазып жатыр. Тар шеңбердегі жерлестік, туыстықтан шығып, адалдық, адамдық танытып жатқан ағайынға мың да бір алғыс. 11 қаңтардағы «Егемен Қазақстан» газетінде балалар әдебиетінің ақсақалы Мұзафар Әлімбаев «берен талант Бердібек» деп бағаласа, Атыраудан Қадыр Жүсіп «классик», ал Қостанайдан Ақылбек Шаяхмет «Бердібектің шығармалары – халық қазынасы, ұрпақ несібесі» дейді. Айтулы жазушы Мархабат Байғұт өткен жылғы 1 тамызда осы басылымда «Үкімет назарына» деген айдармен «Бірегей Бердібектің бер бағасын...» деген оймен мәселе көтерді. Ақпан айында жазушы Медеу Сәрсеке өнегелі естелік жазды.
Мен 1947 жылы Нарынқол орта мектебін бітірдім. Бердібек біздің алдымызда бітірген түлек қатарында еді. ҚазПИ-ге оқуға түскенімде болашақ қаламгер жоғары курста-тын. Институт жатақханасында ол кісі болашақтағы үлкен әдебиет өкілдері Мұқаш Сәрсекеев, Баламер Сахариевпен бір бөлмеде жатты.
Көрнекті қаламгердің биылғы мерейтойы тұсында Жазушылар одағы ұйытқы болып Мәдениет министрлігінен Бекеңнің толық шығармаларын шығартуға мұрындық болса, кино саласы тарапынан да шаралар жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда Бердібек рухы жаңғырып, жұрттың санасы түлеп, мәртебесі биіктей берері анық. Өйткені, Бердібектей саңлақ санаулы. Өзімізді өзіміз көрсете білмесек, ұтпаймыз, ұтыламыз.
Бердібектің кіндік қаны тамған Алматы облысының Нарынқол жері, елі аяулы перзентін ұмытқан жоқ. Әр он жылда бір мерейтойын атап өтіп жүр. Өйткені, «құстың қос қанатындай» Бердібегі, Мұқағалиы бар ел де бекер ел, бекер жер емес. Біртуар таланттарды дүниеге әкелген ел – бақытты ел ғой. Күні бүгін солардың жолын қуушылар қатар түзеп келе жатқанын көріп, қуаныш, мақтаныш сезіміне бөленесің.
Аудан басшысы Қыдыркелді Медеуов бастап, Бердібектің 90 жылдығын атап өтудің шараларын жасап, арнайы комиссия құрып, қызу іске кірісіп кетті. Нарынқолдың ақсақалдары, ауыл әкімдігі, Қостөбе ауылын «Бердібек ауылы» деп атау жөнінде шешім қабылдап, ономостикалық комиссияға жіберді. Аудан әкімі, аудандық мәслихат мұны мақұлдады. Нарынқолдың өзінде Бердібек Соқпақбаевтың атында орта мектеп бар. Онда жазушының мұражайы жұмыс істейді. Мектеп алдына қаламгер бюсті қойылған.
Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығын кең көлемде атап өтудің қамымен аудандық ардагерлер кеңесі өңір жұртшылығына арнайы үндеумен шықты.Онда: «Адам өлген күні өлмейді, ел-жұртының, жақындарының жадынан шыққан күні өледі», дейді екен білетіндер. Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді» деп өмірлік шындықты айтқанмен, ұлы Абай: «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», деп үлкен философиялық қағида қалдырды. Ендеше Бердібек өлген жоқ. Оның шығармалары 11 тілде аударылып, 30-дан астам елде 40 жылдан бері «Менің атым Қожа» фильмі көрсетіліп келеді. Ендеше ерім дейтін әрбір азамат Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдығына айтулы үлес қосуы керек. 2014 жылды «Бердібек жылы» деп есептеп, оқу орындары «Бердібек оқуларын», кітапханалар жазушы шығармаларынан конференциялар ұйымдастырып, мәдениет үйлері арнайы кештер, кездесулер өткізсе, қаламгерге құрмет, кейінгі ұрпаққа үлгі болады», дедік.
Бас басылым – «Егемен Қазақстандағы» қаламгерлер пікірін Бердібек Соқпақбаев туған өңір азаматтары да қолдап, Алаш рухты жазушының мерейтойын ел көлемінде атап өтсек дегенге осылайша үн қосып отыр.
Совет ОРАЗАЕВ,
Алматы облысының құрметті азаматы.
Алматы облысы,
Райымбек ауданы,
Кеген ауылы.