• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Ақпан, 2022

Қуатты еселейтін тың жобалар

292 рет
көрсетілді

Былтыр елімізде Индустрия­ландыру картасы аясында 144 жоба іске қосылды. Жобалардың жалпы құны 1,3 трлн теңгеге тең. Бұл ретте өндіріс ошақтарында 12,9 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. 

Жүзеге асырылған жоба­лар­дың басым бөлігі тамақ өнер­кәсі­біне тиесілі – 41 жоба. Құ­рылыс индустриясында 26 жоба қатарға қосылса, машина жасау саласында 18 жоба жүзеге асырылған. Жобалардың 16-сы металлургияға, 10-ы химия өнеркәсібіне тиесілі. Жеңіл өнеркәсіпте 8 жоба іске қосылса, ағаш өңдеу саласында 3 жоба пайдалануға берілді. Сондай-ақ мұнай өңдеу саласында 3 жоба, фармацевтикада 1 жоба, энергетикада 12 жоба қатарға қосылды. 6 жоба өзге салалардың үлесінде.

Жобалардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан.

Іске қосылған жобалардың ішіндегі ең ірісі – Қарағанды облысындағы «Жәйрем КБК» АҚ байыту фабрикасының құры­лысы және жұмыс істеп тұрған өндірісті жаңғырту жобасы. Заманауи полиметалл байыту фабрикасының қуаттылығы жылына 5 млн тоннаға жуық кенді өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда заманауи технологиялар қолданылады. Бұл дегеніміз – жаңа карьер, цифрландырудың жоғары дәрежесі бар толық авто­мат­тандырылған фабрика және ин­но­вациялық жабдықтар. 400-ге жуық қосымша жұмыс орны ашыл­ды. Кен байыту комбинаты Қазақ­стандағы мырыш және қор­ға­сын концентраттарының ең ірі өндірушісі болады деп күтілуде.

Ірі жобалардың қатарына KAZ Minerals Aktogay ЖШС-нің қолданыстағы сульфид­ті фабриканы қайталау арқы­лы Ақтоғай кен байыту комби­на­ты­ның қайта өңдеу қуатын кеңей­ту жобасын жатқызуға бола­ды. Бұл жоба 2017 жылы KAZ Minerals компаниялар тобының индустриалды-инно­вациялық даму мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асыру аясында басталды. Комбинаттың екінші кезегін іске қосу кен өңдеуді жылына 25 млн тоннадан 50 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2022 жылдан бастап кен орнында 190 мың тонна мыс, оның ішінде 20 мың тонна катодты мыс өндіріледі деп жоспарлануда. Кәсіпорында алдыңғы қатарлы технологиялар, атап айтсақ, жасанды интеллект негізіндегі бағдарламалар бел­сенді қолданылады.

Qaz Carbon ЖШС-нің Қарағанды облысында агло­­ме­ра­циялық фабрикасы бар Сары­арқа ферроқорытпа зауытын салу жобасын да бөле-жара атап өтуге болады. Кәсіпорынның ерекшелігі – мұнда сұранысқа ие өнімді қысқа мерзімде шығаруға бейімделген жабдықтар бар. Автоматтандыру, жаңа технологиялар адам факторын барынша азайтуға мүмкіндік берді. Барлық пеш өндірісті басқару орталығынан басқарылады, операторлар бейнекамералар арқылы технологиялық процесті бақылайды. Мұнда өнімнің 8 түрі бар. Олар Nippon Steel, Marubeni Corporation, «АрселорМиттал» (Люксембург) сияқты шетелдік алыптардың сұранысына ие. Экспорт географиясы Жапония, Ресей, Еуропа елдері мен ТМД-ны қамтиды.

Қатарға қосылған қуатты жоба­­­ның бірі – «Петропавл элек­­тр тех­никалық зауыты» ЖШС-нің трансформаторлар өн­­ді­рі­сі. Зауыт 6, 10, 35 кВ кер­­неу кла­­сын­дағы тарату транс­­фор­маторлары мен жоғары вольт­­ты ұяшықтар шығарады. Зауыт­тың өндірістік қуаты жылына 13 мың бірлік өнімді құрайды. Шы­­ға­рылатын өнімнің 98 пайыздан ас­тамын ТМД елдеріне экспорт­тау жос­парлануда.

Ірі жобаның бірі – QazTehna ЖШС-нің Саран қала­сын­­дағы Yutong жолаушылар автобус­тарын өндіру жобасы. Кәсіп­орын­ның жалпы өндірістік қуаты Yutong брендінің 1 200 бір­лік жолаушылар автобусы мен электр автобустарын, сон­дай-ақ карьерлік, құрылыс және жол техникасының 500 бір­лігін құрайды. Компания сатып алған барлық жабдықтар стратегиялық серіктес Zhengzhou Yutong Group Co., Ltd. компания­сымен арнайы әзірленген және жинақталған. Қолданылатын жабдық жеткілікті икемділікке ие және QazTehna қызметкерлеріне бір бұйымды дайындаудан екінші бұйымға жылдам қайта баптауға, сондай-ақ тапсырыс берушіге аз мөлшерде қажетті бөлшектер­дің кең ассортиментін өндіруге мүм­кіндік береді. Өндірілетін өнімнің негізгі тұтынушылары – Қазақстанның көліктік, тау-кен өндіруші және өнеркәсіптік компаниялары. Болашақта таяу шетелдердің нарығына шығу қарастырылуда.

Сондай-ақ Қызылорда облысында Orda Glass ЖШС табақ шыны өндіретін зауыт тех­никалық тұрғыдан іске қо­сылды. Қуаты жылына 197 100 тонна табақ шыны өндіру және өңдеуге қауқарлы шыны зауыты Қызылорда қаласының Ин­­дустриялық аймағында ор­на­­лас­қан. Шыны күнделікті өмір­­дің көптеген саласында жо­ғары сұранысқа ие. Отан­дық шы­ны тұрғын үй және коммер­ция­лық жылжымайтын мүлік құрылысында, машина жасау­да, жиһаз және интерьер заттарын өндіруде қызметтер мен тауарлардың өзіндік құнын едәуір төмендетеді.