Көктем келісімен қызыл судың қаупі туындап, көңілдің қобалжуы әдетке айналғалы қашан. Биыл да Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген даланы қақ жарып өтетін өзендердің тасуы, көлдерге жиналған су арнасынан асуы ықтимал.
Мамандардың болжауына қарағанда, 17 аудандағы 13 мыңнан аса халық тұратын 125 елді мекенге қызыл су қауіп төндіріп тұр. Сондай-ақ республикалық және облыстық маңыздағы күре жолдың 74 телімінде, жалпы ұзындығы 33,9 шақырымды құрайтын темір жолдың төрт бөлігінде алаңдатарлық ахуал қалыптасып отыр. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметіне қарағанда, ақпан айында қар қалың түсуі әбден мүмкін. Оның үстіне күн күрт жылынады деген жорамалдар айтылуда. Облыста жылдың бұл уақытында әдетте 14-16 градус суық болатын болса, айлық көрсеткіш – 1 градус шамасында. Сондай-ақ қыстың соңғы айында 31 мм-ге дейін қар түсуі мүмкін. Міне, осындай жағдайда ерте келетін әрі күн күрт жылынатын көктемгі су тасқынына қапысыз қамдану қажет-ақ.
Жыл сайын тентек мінез танытатын Есіл, Жабай, Қалқұтан өзендеріндегі су мөлшері, өзен табанының тереңдігі қазірден бастап зерттелуде. Осы өзендерді жағалай қонған 53 елді мекенде дайындық жұмыстарын жүргізу қолға алынбақ. Таратып айтатын болсақ, Целиноград, Жарқайың аудандарындағы жалпы ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын өзен аңғары тазартылып, ағын су өтетін жерге бөгесін болмауы ескерілуде. Облыс орталығын қақ жарып өтетін Қылшақты өзенінің 22 шақырым аңғарын тазарту көзделген болса, бұл жұмыс 86 пайызға жүзеге асырылды. Міне, осындай шаруалар Атбасар, Аршалы, Бурабай, Астрахан, Есіл аудандарында да жүргізілуде. Әр жыл сайын қызыл судың қаһарынан қаймығатын өңірдің бірі – Сандықтау ауданы.
– Қазіргі күні өзеннің мұзы 80-100 сантиметр көлемінде, кей жерлерде бір метрден асады, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков, – дайындық жұмыстары үш кезеңде жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде ең алдымен елді мекендерге қызыл судың кіріп кетпеуін мұқият қадағалайтын боламыз. Әр жыл сайын өзен аңғарынан асып кететін судың қаупі мол. Су ғана емес, еріп үлгермеген мұз да қатер. Елді мекендермен бірге табиғаты көркем ауданның орман алқаптарын да қорғауымыз қажет.
Сандықтау ауданында 10 елді мекенді қызыл судың басып қалу қаупі бар. Оның ішінде Сандықтау, Балкашино, Петровка, Максимовка, Владимировка, Новый городок, Спаское ауылдары Жабай көлінің жағасын иектей орналасқан. Каменка ауылына Сарқырама өзенінің аңғарына сыймаған ағын судың жетіп қалуы ықтимал. Ал Бастрымовка, Новоселовка ауылдары Жыландының жағасында. Әр елді мекеннің іргесіндегі өзен жағалауларын көтеріп, топырақтан үйінді жасап, бөгесін ұйымдастыру қолға алынбақ. Ауылдық округ әкімдерінің берген мәліметтеріне қарағанда, 459 адам тұратын 162 үй қауіпті өңір санатында. Әр ауылдық округте жағдайды кірпік қақпай қадағалайтын жауапты адамдар бекітілген. Аудан әкімдігі қаулының жобасын да дайындаған. Аудандық су тасқынына қарсы жұмыс істейтін штабпен кезек күттірмес мәселелер екшелген ауқымды жоспар түзілген. Аудан әкімдігі облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе отырып, Жабай өзенінің бойындағы жалпы көлемі 6 400 шаршы метрді құрайтын жер телімін анықтаған. Бұл жерлер өзеннің басқа қабағына қарағанда еңістеу. Лықсып келген топан судың өтіп кетуі әбден ықтимал. Мамандар жер шолып, өзен қабағын аңдап, талдау жұмыстарын жүргізгеннен кейін ағын судың кептеліп тұрып қалмай, лықсып өтіп кетуін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ол үшін 8 100 шаршы метр көлемдегі мұзды жарып, судың іркіліссіз өтуін қамтамасыз етпек.
Тоқырауды білмес тасқын су елді мекендермен қатар, егін алқаптарына да зардабын тигізуі әбден мүмкін. Сондықтан қызыл суды жайып алмай, іле су ағатын жылғалар мен аңғарларға, сай-салаға ауыстыру үшін 20 моторлы насос дайындалған. Бұл жұмысқа «Сандықтау су» мекемесі де мұқият қамданып отыр. Айтпақшы, елді мекен ішіндегі және іргесіндегі ағын су өтетін жылғаларды аршу да маңызды. Ауылдық әкімдіктер қазір су ағатын құбырларды тазалауға дайын. Сондай-ақ елді мекендердің ішіндегі қар сыртқа тасымалдануда. Бұл жұмысқа жергілікті шаруашылықтар да қол ұшын беруде. Биыл 33 280 текше метр қар шығарылды. Жанар-жағар май қоры жасақталды. Жедел көмек қажет болатын болса қол ұшын созатын топ та дайын. Оның құрамында 57 адам бар. Олар 18 арнайы техникамен жабдықталған. Әрбір елді мекенде де осындай құрылымдар ұйымдастырылуда.
Атбасар ауданында да қызыл судың қаупі мол. 2018 жылы ауданның елді мекендері табиғат тақсыретін тартқан болатын. Кейін Атбасар қаласында қызыл судан қиянат көргендерге арналып 11 және 45 пәтерлік үйлер салынды. Су тасқыны зардабының қаншалықты көп екенін аудан тұрғындары жақсы біледі. Биыл 100 пәтерлік үй салуға 4 млрд 28 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Осының барлығы қызыл судың қырсығынан келген шығын. Биыл аудан қауіпті кезеңді шығынсыз өткізуге күн ілгері кірісіп кетті. Қазір бұл ауданда да Сандықтаудағы сақтық шаралары тақылеттес шаруалар жүзеге асырылуда.
Көктемгі қызыл судың бетін қайтаруға мол қаражаттың қажет екені белгілі. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 788,381 млн теңге қарастырылған. Оған қоса төтенше жағдайлар қорында 10 млн теңге бар. Аудан әкімдері тегіс ескертілген. Қазірдің өзінде 167,3 тонна жанар-жағар, 12,5 мың тонна инертті материалдар 58,2 мың құм салынған қаптар дайындалып үлгерді. Облыс бойынша елді мекендерден 87,6 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда.
Айтып келетін апат кезінде шалт қимыл мен шұғыл әрекет етудің маңызы өте зор. Сондықтан да көктемгі қауіпке күні бұрын дайындалған өңірде 445 адамды құрайтын, 84 арнайы техникамен жабдықталған жедел қимыл отряды құрылған. Олар су айдайтын насос тәрізді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жергілікті атқарушы органдарда 2 153 адам мен 977 арнайы техника дайындап отыр.
Жыл сайын су қоймаларының кенересі толып қалуы айтарлықтай қиындық туғызып, қауіптің бұлтын қалыңдататыны мәлім. Бүгінге дейін Астана су қоймасының аңғары 75,71, Сілеті су қоймасы 67,17 пайызға толып тұрғаны белгілі болып отыр. Бірақ бұл да қауіптің қаншалықты екенін дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Өйткені ауа райын болжайтын мамандардың ақпан айында қар мол түседі деген болжамын жоғарыда айтып өттік.
Қазіргі күні барлық гидротехникалық құрылғылар қатаң бақылауда. Қауіп-қатері мол өңірлерге бақылау бекеттері орнатылған.
Ақмола облысы