ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ ҮДЕРІСТЕРІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ
24-25 наурыз күндері Голландияның Гаага қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Мемлекет басшыларының ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммиті өтеді
КСРО-ның ыдырауымен ядролық текетірес келмеске кетіп, «қырғи-қабақ соғыс» сияқты ұғымдар көнерген сөздерге айналды. Ірі ядролық держава КСРО-ның орнында жаппай қырып-жоятын қарулары бар 4 тәуелсіз мемлекет – Ресей, Қазақстан, Украина және Беларусь пайда болды. Ресейді қоспағанда, олар 1991 жылғы желтоқсанда қабылданған Алматы декларациясына сәйкес, КСРО-ның құқықтық мұрагері болып қалды. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер алдында жоғарыда аталған қауіпті мұраны қайтпек керек деген күрделі мәселе тұрды.
Бүгінде баршаға белгілі жайт, еліміз аумағында ірі ядролық қару арсеналы шоғырландырылған болатын. Оның үстіне, химиялық және биологиялық қару өндірісіне қатысты елеулі әлеует жинақталған еді. Мұндай жағдай ел басшылығынан қысқа мерзімде ядролық саладағы мемлекеттік саясатты түбегейлі қайта қарастыруды талап етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында қиын таңдау тұрды. Ядролық қаруды сақтау жаңа тәуелсіз мемлекеттің халықаралық ұстанымы үшін айрықша қиын салдарымен қауіпті еді.
Ядролық қарудан бас тарту туралы шешім қабылдаған Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне белсенді түрде қосылды және өзінің ядролық қаруды таратпау туралы ұстанымын ашық түрде жария етті. Біздің мемлекетіміздің ядролық қаруды таратпау туралы болашақтағы саясатының негізі болған алғашқы қадам Елбасының Жарлығымен 1990 жылы, Кеңес Одағы әлі күшінде тұрған кезде Семей ядролық полигонының жабылуы болды. Қазақстан басшысының батыл да шешімді әрі тағдыршешті бастамасын бүкіл Отанымыз жұртшылығы қолдады.
1991 жылы Беларусьтің, Қазақстанның, Ресейдің, Украинаның басшылары Алматыда стратегиялық ядролық күштер туралы декларация қабылдап, онда ядролық қауіпсіздікті тиісті деңгейде ұстауда қандай да бір болмашы кемшілікке жол бермеу мақсатында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналына бірлесіп бақылау жасаудың тетігін белгіледі, сол арқылы олар стратегиялық шабуыл жасау қаруын қысқарту саласында КСРО-ның халықаралық міндеттемелеріне адалдықтарын паш етті.
Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне адалдығы 1995 жылдың 21 сәуірінде ел аумағынан ядролық қарудың толықтай шығарылуымен қуаттала түсті. Ал сол жылдың 30 мамырында Семей ядролық сынақ полигонындағы соңғы ядролық оқтұмсық жойылды. Осы сәттен бастап Қазақстан жері ядролық қарудан мүлдем тазартылды. Еліміз басшылығы бұл қадамдарға бас-көзге қарамай жайдан-жай бара салған жоқ. Әлемдік қоғамдастықтағы ядролық қаруы бар беделді мемлекеттердің өзінің қауіпсіздігіне деген толықтай кепілдігін алып барып барды.
Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғанындай, әскери әлеуетті еселей түсу мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепіл бола алмайды, қайта, керісінше, тұрақсыздандырушы факторға айналуы әбден мүмкін. Сондықтан осындай жолмен Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне белсенді түрде қосылып, өзінің ядролық қаруды таратпау туралы ұстанымы дұрыс екендігіне еш күмәнданбайтынын ашық білдірді.
Қазақстан Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы жобаға да қосылды. Ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға бағытталған азат аймақ құру жөніндегі Орталық Азия мемлекеттерінің бастамасы 1997 жылғы 28 ақпандағы Алматы декларациясында жария етілді. Жалпы, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы жаһандық үдерістерге қатысуы ұлттық заңнаманы жетілдіруден де көрініс тапты. Мәселен, 1996 жылы «Экспорттық бақылау» туралы заң қабылданды. Бұл қадамды халықаралық сарапшылар жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды болдырмау жөніндегі ортақ күш-жігерге біздің еліміз қосқан елеулі үлес ретінде жоғары бағалады.
2001 жылғы 29-30 тамызда Алматыда «ХХІ ғасыр – ядролық қарудан азат әлем жолында» атты халықаралық конференция болды. Форум Семей ядролық полигоны жабылуының 10 жылдығына және Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналды. Алқалы жиынға әлемнің 9 елінен 300-ден астам көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері келді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде осы конференцияның өткізілуі 10 жыл бұрын халықтың еркі бойынша ірі ядролық полигондардың бірін жапқан, әлемге ядролық қарудан ерікті түрде бас тартудың бұрын-соңды болмаған үлгісін көрсеткен біздің еліміздің күш-жігерін халықаралық қоғамдастық тарапынан тану әрі сенім білдіру фактісі екенін атап өтті.
Аталған халықаралық конференция қазіргі заманғы халықаралық саясаттың ірі оқиғасы болып табылды және ядролық қарусыз әрі анағұрлым қауіпсіз әлем құруды дәйекті түрде жақтайтын, осы игілікті мақсатқа қол жеткізу үшін нақты іс-қимыл жүргізіп жүрген мемлекет ретінде Қазақстанның беделін одан әрі нығайтуға жәрдемдесті.
Қазақстанның ядролық таратпау және қарусыздану саласындағы бастамаларының мойындалуы Семей ядролық сынақ полигоны жабылған күн – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы еліміз ұсынысының БҰҰ тарапынан қолдау табуымен де сипатталады. Мәселен, Семей полигоны жабылуының жиырма жылдығына байланысты Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның арнайы сапармен келіп, аталған халықаралық деңгейдегі үлкен оқиғаға орай ұйымдастырылған іс-шараларға қатысуы да Бас ұйым басшысының Отанымыздың осы бағыттағы бастамалары мен қосқан үлесіне деген ізеті мен ілтипаты екені сөзсіз.
Семей ядролық сынақ полигонының жиырма жылдығына байланысты ұйымдастырылған шараларға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Юкия Амоно, АҚШ энергетика министрінің бірінші орынбасары Дэниел Понемон, Франция сенаты парламентінің мүшесі Амери де Монтескью т.б. мәртебелі меймандар келіп қатысты. Атақ-дәрежелерінен ат үркетін осындай танымал адамдардың Қазақстанға арнайы атбасын тіреуі де еліміздің ядролық сынақтарға тыйым салу және жаппай қырып-жоятын қару түрлерін таратпау үдерістеріндегі көшбасшылық рөлін тағы бір мәрте танығандық деп қабылдау керек.
Енді, міне, 24-25 наурыз күндері Голландияның Гаага қаласында Мемлекет басшыларының ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммиті өтеді. Бұл халықаралық аса ауқымды шараға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымдастырушы тараптың арнайы шақыртуымен қатысқалы отыр. Бұл да аталған бағыттағы Қазақстанның көшбасшылық рөлін айқындай түсетін факт болып табылады.
Сәулебек БІРЖАН.