Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орай «Д. Қонаев – Қазақстан Республикасының демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретіндегі даму мұрасы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп жазады Egemen.kz.
Конференцияны Д.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясы мен Д. Қонаев халықаралық қоры, Қазақстандық криминологиялық қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияның модераторы Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалаири аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, кеңестік Қазақстанды отыз жыл басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ел дамуындағы басшылық кезеңі мен ғылыми жолы туралы айтып өтті.
Д.Қонаевтың өмірі мен мемлекеттік қызметі, оның республикамыздың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі, кейбір саяси және құқықтық көзқарастары, Мемлекет басшысының саяси таланты туралы естеліктерімен бөлісті. Оның өмірі мен көп қырлы қызметі Қазақстанның ұлы дәуірінің символына айналды.
Жиын барысында Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаев сөз алып, Дінмұхамед Ахметұлының ел өміріндегі, сонымен қатар байланыс ортасы жайына кеңінен тоқталды. Қазақстан ғалымдары одағының президенті, академик Оразәлі Сәбден республикамызға Д.Қонаев басшылық еткен жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға кеңінен тоқталды.
Ш.Уәлиханов атындағы тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, Д.Қонаев атындағы қордың Өзбекстандағы бөлімі атынан академик Абдулла Рустемов, жазушы Ораз Қауғабай, ҰҒА корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор Николай Бүктіков, Қазақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, Әуезов үйі мәдени орталығының директоры Диар Қонаев, тағы да басқа ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерден қатысушылар Д.Қонаевтың халықаралық дәрежедегі тұлға екендігіне, оның ел басқарумен қатар ғылымдағы зерттеулерінің маңыздылығына тоқталды.
Дінмұхамед Ахметұлы басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 43 қала бой түзеді. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Теміртау, Жаңатас, Кентай, Арқалық, т.б. қалалар салынды.Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды. Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70, мырыштың 40 пайызынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, т.б. іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты. Металл өңдеу және көлік жасау салаларында да өндіріс тиімділігі артты.
Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Тараз және Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 100-ден аса ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды. Өз еңбектерінің халық шаруашылығына тигізер пайдасының зор екендігін іс жүзінде дәлелдеді.