• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Ақпан, 2022

Шаруаға шынайы көмек керек

1307 рет
көрсетілді

Биыл Жетісу өңірінде қыс болмады десе де болады. Таулы аймақта аздаған қар түскені болмаса, етектегі ел қара суық пен құрғақ ауа райына малданды. Өкінішке қарай, табиғаттың бұл құбылысы санаулы күндерден соң басталатын ауыл шаруашылығы дақылдарының егісіне кері әсерін тигізуі кәдік.

Яғни жауын-шашынның аз тү­сіп, қардың мүлдем жаумауы ди­қан­­дар­ды алаңдатып отыр. Мысалы, «Қазгидромет» орталығының есебі бойынша облыста ылғал жинақтау кезеңінде түскен жауын-шашын орта есеппен 16-38 пайызға азайса, тау басындағы қардың жиынтық қоры да орташа көрсеткіш бойынша 24-47 пайызға кеміген екен. Ал қазір көктемгі егіннің қамына қызу кіріс­кен шаруалар бұған алаңдау­лы. Демек, Жетісуда биылғы жиын-терін нәтижесі күткендегіден аз болуы мүмкін.

Дегенмен, елдің үміті суар­ма­лы алқаптарда. Бірақ аймақ­та суар­малы егістік көлемі көбей­гені­мен, суару желілері мен гидро­тех­ни­ка­лық құрылыстардың тозуынан канал­дардағы су шығыны да артып келеді. Бұл мәселені шешу үшін облыстың 16 ауданындағы 113,8 мың гектар суармалы жерді қал­пы­на келтіру мақсатында суару желі­­лерін реконструкциялау жұ­мыс­тары жүргізілуде. Осы мақсатта жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары Ақсу, Ескелді, Қарасай аудандарында және Талдықорған қаласында қолға алынса, бұған қосымша Ислам даму банкі бөлген қаражатқа сәйкес тағы 2 ауданда ирригациялық желілерді қалпына келтіру жалғасуда.

Әрине, су қорын үнемді де тиімді пайдалану үшін шаруашылық­тар ылғал сақтау технологиясы­на көшуі тиіс. Бүгінде облыста 20,7 мың гектардан астам жерге там­шыла­тып және жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған. Алай­да бұл теңізге тамған тамшыдай ғана болып отыр. Яғни өңірде ре­сурс­тық технологияны қолдану дең­гейі 4,7 пайыз шамасында ғана.

Жалпы, биыл өңірдегі егіс алқап­тарының көлемі 973,6 мың гектарға жетуі тиіс. Яғни бұл мөлшер өт­кен жылмен салыстырғанда 1,4 мың гектарға ұлғаяды деген сөз. Ал осынша алқапты тиімді игеру шаруаның ғана міндеті болмауы керек. Әрине, жергілікті би­лік көк­темгі егіс науқанына даяр­лық­ты тыңғылықты қадағалап отыр­­ға­­ны­­мен, тез арада шешуі тиіс мә­се­­лелердің бар екенін де жоқ­қа шы­ғар­майды. Мәселен, биыл егіс­­тік­ке қажетті тыңайтқыш баға­сы жыл­дағыдан екі есеге қым­бат­­­та­ған. Ал осы минералды ты­ңайт­­­қыш­тарға биыл жергілікті бюд­жет­­тен 2 млрд теңгеден астам суб­си­­дия бөлінген. Бұған 43,7 мың тон­на тыңайтқыш сатып алып, егіс ал­қап­тарына қол­дану жос­пар­лан­ған. Алай­да тауар бағасының өсуі ша­руа­шылық­тарға қажетті ты­ңайт­қышты алуға қиындық туғызуда.

Сондай-ақ егін шаруашылы­ғымен айналысатын қожалықтар­дың денінде қажетті техника жоқ. Барының өзі ескірген. Облыс әкім­дігі бұл мәселені шешу үшін жылдар бойы жанталасып, аудандардан машина-трактор стансаларын ашуға тырысып келеді. Алайда бұл әдіс ірі шаруашылықтарды қол­дауға бағытталғандықтан, ша­ғын шаруа қожалықтары үшін тиім­сіз. Техниканы жалдау құны мен басқа да шығындар өзін ақ­та­м­айды. Мәлімет бойынша, ай­мақтағы көктемгі дала жұмыс­тары­на тартылатын 32,9 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен тіркеме агрегаттарының дайын­дығы 94,1 пайыз шамасында.

Көктемгі дала жұмыстары кезін­­де ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржылай қол­дау­дың да маңызы зор. Биыл «Аграр­лық несие» корпорациясына облыс шаруаларынан жалпы сомасы 264 млн теңгені құрайтын 29 өтініш түсті. Қазірге дейін соның 19 өтініші мақұлданып, қажетті 165 млн теңге қаржы тиісті көздерге берілген.

– Көктемгі дала жұмыстарына дайын­дық – барлық аудан, қала әкім­­дерінің алдында тұрған негіз­­гі міндеттің бірі. Бұл тарапта көп­­­теген мәселе бар. Біз шаруа­лар­ды қиындықпен бетбе-бет қал­дыр­­­маймыз. Дегенмен, суару жүйе­лерін қайта жаңғырту, су қой­ма­­­ларын салу, су тарифін, ми­не­­­рал­­ды тыңайтқыштар мен жа­нар-жағар май бағасын реттеу, ауыл шаруашылығы техникаларын жа­ңар­ту сияқты мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес. Бі­рақ нақты жос­пар жасап, кезең-кезеңі­мен қар­жы­ландыра отырып шешу­ге бола­ды. Осы орайда егіс алқап­тарын­да су­ды үнемдеу және ылғал сақ­т­ау тех­но­логияларын енгізу жұмыс­тары­­на ерекше мән беру керек. Ке­піл­дендірілген дизель отынын жет­кізу­дің бекітілген кестесіне сәй­кес жанар-жағармайды уақтылы жет­кізуді және машина-трактор паркін жаңарту мәселелерін бақы­­лауға алуды тапсырамын. Тех­н­и­ка­лар­ды жаңартуға бағыт­тал­ған об­лыс­та арнайы бағдар­лама әзір­лей­міз. Бұл бізге аудан, қа­ла­лар­да­ғы МТС-тардың ахуалын айқын көр­сетіп береді. Осы сарап­т­ау қоры­тын­дысына сәйкес аграрлық шаруа­шы­­лық­тардың мүм­кін­­діктеріне қа­рай техника са­тып алудың несие, займ, ли­зи­нг сияқ­­ты қаржыландыру көз­­дерін нақ­ты­­лай­тын боламыз. Сол сияқ­ты облыс­тағы су шаруа­шылық­тары­мен айна­­лы­са­тын арнайы мекеме құры­лады, ол өз мінде­тіне сай тиісті жұ­мыс­тар­ды атқарады, – дейді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

 

Алматы облысы