Майнинг фермалардың «арқасында» майшаммен қайта қауышуымыз мүмкін. Энергетика саласынан хабары бар көпшілік елімізде жарықтың жиі сөнуінің және энергоблоктардың істен шығуының себебін криптовалютаны өндіретін орталықтармен байланыстырады. Бұл қаншалықты рас? Екібастұз өңіріндегі электр стансаларын жағалаған майнинг фермалар негізгі тұтынушыларды қалыпты жарықпен жарылқаудан айырмай ма?
Қазір криптовалюта майнингі бойынша еліміз жаһандық көшбасшылардың қатарында. АҚШ-тың үлесі 35,4 пайызды құраса, Қазақстан 18 пайызбен екінші орында. Бірі бұл мақтанатын жағдай емес екенін алға тартса, кейбірі криптовалютаның болашағы зор деп топшылап, одан үрікпеуге кеңес береді. Жасыратыны жоқ, осыдан 3-4 жыл бұрын елімізде криптовалюта, биткойн туралы әңгіме-дүкен құратындар аз еді. Қазір бұған қоғамның, әсіресе жастардың ынтасы ауып, майнингтің майын тамызып айтып беруге әзір.
Цифрлы юаньға толық көшуді мақсат еткен Қытай оған бәсеке болуы мүмкін криптовалюта айналымына және өндірісіне қатаң тыйым салғаны белгілі. Салдарынан Қытай елінің майнинг фермалары жаппай Қазақстан мен АҚШ-тың Техас штатына шатыр тігуге асықты. Лидерлер тізімінің қалыптасуының бірден-бір себебі бәлкім осы шығар. Шынтуайтында, еліміздегі электр бағасының арзан болуы жалғыз қытайлықтарды ғана емес, бұл іспен айналысамын деген кез келген кәсіпкерді қызықтырып отыр. Кәсіпкер демекші, заң бойынша тіркеліп, салығын төлеп, шаруасын дөңгелетіп отырған майнинг орталықтар жетерлік. Десе де, соңғы уақытта көлеңкелі бизнестің тізгінін ұстап, жасырын түрде табыс тауып отырғандар жайлы ақпараттар жиі қылаң беріп жүр.
Бұл мәселеге жуықта өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тоқталды.
– Криптовалюта өндірісінің әлеуметтік-экономикалық әсері аз. Жаппай жұмыс орындары құрылмайды, нақты өнім жоқ. Сонымен қатар бұл сала электр энергиясын бірнеше облыс сияқты пайдаланады. Кейбір жосықсыз криптовалюта өндірушілер халыққа берілетін тарифтерден төмен тарифтерді пайдаланады. Импорттық жабдыққа салықтар мен баж салығы төленбейді. Ең бастысы, бұрынғы ресурстарды сарқып, ақша тауып жатыр. Барлық криптовалюта өндірушісін анықтап, салық және кеден мәселелерін тексеріп, техникалық келісімшарттарды, сондай-ақ қызметтің басқа да аспектілерін мұқият зерделеу қажет. 19 наурызға дейін есеп беруді тапсырамын. Бұл салада жұмыс істегісі келетіндердің тиісті лицензиясы болуы, сәйкес тариф бойынша электр қуатын алуы, кірістерін декларациялауы және салық төлеуі, жасыл энергетика жобаларын іске қосуы керек. Қазіргі мөлшерлеме – электр қуатының бір киловатына 1 теңге мардымсыз. Үкіметке бұл салықты тез арада еселеп көтеруді пысықтауды тапсырамын. Үкіметке цифрлы майнинг жұмысын реттеу және дамыту бойынша толыққанды шешімдер пакетін әзірлеу керек. Нәтижесін 1 сәуірге дейін күтемін, – деп тапсырды ел Президенті.
Іле-шала Екібастұз өңірінде жаңбырдан соң бас көтерген саңырауқұлақтай қаптаған майнинг фермалардың иелеріне хабарластық. Бәрі ақпарат беруден бас тартып, ат-тонын ала қашты. Сол сәтте «Майнинг фермалардың көбі жоғарыда отырған көрінбейтін көкелердікі» деген қаңғыма сөз шындыққа жанасады ма деген ойға қалдық. Әйтеуір араларынан батыл біреу табылды-ау. «Ақ» майнингтің өкілі болғандықтан «жасыратын ештеңе жоқ» деп ағынан жарылды.
– Әу баста елімізде жүйелі бақылау болмағандықтан, майнинг орталықтар электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы кәсіпорындардың аймағына жағалай жайғасып алды. Артық ақша қалта тесе ме? Кәсіпорын басшылары тиімді ұсыныстарды қабылдаудан бас тартпады. Майнинг фермалардың қайсысы заңды жұмыс істеп жатқанын анықтау қиын емес. Бүгінде майнинг қондырғыларын елімізге кіргізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің рұқсаты қажет. Кедендік декларациядан да айналып өтпейсіз. Жауапты органдар жоспарлы тексерістер жүргізсе, талай былықтың беті ашылары сөзсіз. Десе де, елімізде жарықтың жиі сөну себебін майнинг орталықтармен байланыстыру қисынға келмейді. Онсыз да жыл басынан бері электр энергиясынан қағылдық. Бүгінде қондырғыларымызды жинап, Ресей, Норвегия нарығына аяқ басуды көздеп отырмыз, – дейді «ВТС KZ» ЖШС-нің құрылтайшысы Дінмұхаммед Маткенов.
Өткен жылдың соңында еліміздегі ең ірі электр стансасы – Екібастұз ГРЭС-1 кәсіпорнында энергоблок апатты түрде тоқтап қалған болатын. Келесі күні №8 блок істен шықты. Әрине, ірі кәсіпорындағы негізгі қондырғылардың істен шығуы қауіпті. Қос энергоблоктың қуаты 500 МВт екенін ескерсек, апатты жағдайдың салдары оңай болмасы анық. Апаттың себебі майнинг орталықтардың жұмысымен байланысты емес пе?
Аталған кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, апаттың себебі генерация көлемінің 1000 МВТ-қа төмендеуінен орын алған. Салдарынан №1 Екібастұз МАЭС-тегі электр энергиясының тапшылығы 1 500 МВТ-қа дейін жеткен. Мәселені шешу үшін Энергетика министрлігінің араласуымен кейбір тұтынушыларға электр энергиясын шектеу туралы шешім қабылданды. Аталған ведомство «Бүгінде энергоблоктардың барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Апаттың туындауына майнинг орталықтардың түк қатысы жоқ», деп қысқа қайырды.
Естеріңізге салсақ, былтыр қараша айында Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің қызметкерлері «KEGOC» АҚ-ның «Ақмола ЖЭТ» филиалы арқылы заңсыз әрекет еткен майнинг фермасын анықтаған болатын. Бұл – бір ғана мысал. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін «сұр» майнингтердің сұрқия әрекеттері әшкере болатынын болжай беріңіз. Салықтан жалтармай, «таза» жұмыс істейтіндерге жол ашық.
Елімізде майнинг орталықтардың жұмысына шектеу қойылған жоқ. Тек талап күшеймек. Соған қарағанда министрліктегілер бұл саладан «бірдеме» шығатынына сенетіндей ме, қалай? Дінмұхаммед Маткеновтің айтуынша, криптовалютаның болашағы зор. Өкінішке қарай, елімізде әлі күнге дейін бұл салаға сенімсіздік басым.
– Көптеген мемлекеттер криптовалюта арқылы экономиканы жандандыруға болатынын аңғарып, қазірден бастап нақты шараларды қолға алуда. Бұл сала Жапонияда 4 жыл бұрын ресми түрде мойындалған. АҚШ-та да негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Бізде ше? Саланың дамуына қолайлы жағдай жоқ. Әйтпесе, Екібастұз өңірін өндірістік алаңға айналдыруға мүмкіндік зор. Мемлекет басшысының пікірі орынды. Талап күшейсін. Бірақ майнинг орталықтардың тағдырына түпкілікті балта шабуға болмас, – дейді Д.Маткенов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жасыл энергетика» жайлы тілге тиек етуі тегін емес. Егер оны іске қоспаса, Қазақстанның майнинг қарқынын бұдан әрі көбейтуге еш мүмкіндігі болмайды. Яғни майнингке жұмсалатын электрэнергиясын көмір мен мазуттан емес, күн, жел мен су қуатынан алуға тиіс. Не десек те, Президенттің тапсырмасынан кейін бұл салада өзгеріс орын алатыны сөзсіз. «Үкімет сәуірде тәуір немесе ауыр шешім шығара ма?» деп алаңдап отырған майнинг орталықтарының иелері кез келген жағдайға дайын болуы керек. Бұл – нарықтың талабы.
Оралхан ҚОЖАНОВ,
журналист