Гаагадағы ІІІ Жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитінің екінші күні де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үшін қауырт басталды. Алдымен Қазақстан басшысы АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесті (Ол кездесу жөніндегі есеп бөлек беріліп отыр).
Саммиттерді жалғастырудың маңызы зор
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саммиттің екінші күні оның пленарлық отырысына қатысты. Саммиттердің болашағы жөніндегі бейресми пленарлық сессияда Қазақстан Президенті қысқаша сөз сөйледі. Өз сөзінде Н.Назарбаев форумның болашағына қатысты пікірін білдірді.
– Әлемдік қоғамдастық мүшелерінің көпшілігі қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптер алдында біздің жұмысымыздың 2016 жылдан кейін де жалғасуы үшін қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Қазақстан мұндай шешімді қолдауға дайын. Жоғары деңгейдегі кездесулерді араға 4-5 жыл салып өткізіп тұруды ұсынамын, – деді Қазақстан басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев мұндай тәжірибенің жалғасу қажеттігінің бірқатар маңызды себептерін атап өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысы әлемде атом энергетикасының «қайта өрлеуі» байқалып отырғанына тоқталды.
– Бұл үдеріс сезімтал технологиялар мен материалдарға, ядролық терроризм қауіп-қатерінің артуына байланысты қатерлердің ұлғаюына әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай күрделі жағдайларда өткен саммиттер барысында пайда болған саяси серпінді сақтаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрынғы саммиттерде алға қойылған мақсаттар мен міндеттер жеткілікті деңгейде іске асырылмағанына тоқталды. Осыған байланысты ұлттық заңнамаларды одан әрі жетілдіру және ядролық қауіпсіздік саласындағы негізгі көпжақты тәсілдерді әмбебаптандыру қажет.
Қазақстан Президенті әлемде қару-жарақпен жабдықтауда және әскери технологиялардың өзге де салаларында қолданылып отырған ядролық материалдардың орасан қоры бар екеніне назар аударды.
– Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа кірмеген ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық тәсілдерді әзірлеу қажет. Бұл жаһандық қауіпсіздікті нығайту түйткілдерін кешенді түрде шешуге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған қоса, Қазақстан басшысы орнықты даму мақсатындағы қосымша сенімді энергия көздеріне деген қажеттіліктің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– Біз өзінің қуаттылығы және тиімділігі жағынан атом энергиясынан асып түсетін жаңа энергия түрлерінің ашылу қарсаңында тұрмыз. Міндет – оларды барынша қауіпсіз және қолжетімді ету, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында әлемдік қоғамдастықтың басты назарын аударуды қажет ететін тағы бір бағыт ретінде Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ядролық технологияны дамыту және түрлі салаларда енгізу кезінде нақты қауіпсіздікті атап көрсетті.
Бейресми отырыстан кейін саммитке қатысушылар топтық суретке түсті және одан кейін салтанатты түскі асқа отырды. Ал түскі астан кейін саммиттің пленарлық отырысы қайтадан жабық есік жағдайында жалғасты. Ал оның жұмысы аяқталған соң бірлескен қарар қабылданып, Нидерланд Премьер-министрі М.Рютте мен АҚШ Президенті Б.Обама журналистерге саммит жұмысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Онда саммиттің өзінің алға қойған мақсатына жеткендігі айтылып, қарсы алушы жаққа ризашылық білдірілді және журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берілді.
Еліміз көшбасшылығының негізі
Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне арналған мақаласы жарияланды. Гаагадағы ІІІ жаһандық саммит қарсаңында жарық көрген, Euractiv және Washington Times тәрізді әлемнің жетекші интерактивтік саяси ақпарат көздерінде орналастырылған Қазақстан Президентінің мақаласында біздің еліміздің әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту жөніндегі шешімі осы саладағы Қазақстанның көшбасшылығына негіз болғаны атап өтіледі.
Қазіргі уақытта, мақалада атап көрсетілгендей, ядролық қарудың түрлі экстремистік топтардың қолына түсу қаупі айрықша алаңдаушылық тудыруда. Ядролық терроризм халықаралық қауіпсіздік үшін ең үлкен қатердің бірі болып отыр.
Мақаласының соңында Мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесі ядролық арсеналдың талқандау мүмкіндіктеріне емес, мүдделердің үндестігі мен халықаралық міндеттемелердің орындалуының жасампаз күшіне негізделуге тиіс екеніне баса назар аударады.
Екіжақты ынтымақтастық көрінісі
Қазақстан Республикасы және Америка Құрама Штаттары президенттері Ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қазақстан мен АҚШ Ядролық қаруды таратпауды және ядролық қауіпсіздікті нығайтуды жақтайтын бірлескен ұстанымдарын қуаттайды, делінген мәлімдемеде. Қазақстан мен АҚШ қауіп-қатерді бірлесе бәсеңдету жөніндегі бағдарламаның табысты іске асырылуын қанағаттанушылықпен атап өтеді және бұрынғы Семей сынақ полигонындағы нақты қауіпсіздікті нығайтуды жалғастыратыны атап көрсетілген. Сондай-ақ, АҚШ ядролық және радиоактивтік материалдардың заңсыз айналымының алдын алу үшін Қазақстан Республикасымен бірлескен күш-жігерді арттырудағы серіктестікті жалғастыра беретіні көлденең тартылған.
АҚШ Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтудағы және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Вашингтон және Сеул саммиттерінің шешімдерін іске асырудағы, соның ішінде ВВР-К (су-қайнамалы су реакторы) зерттеу реакторын аз байытылған отынға ауыстыру, жоғары байытылған ядролық материалды сұйылту және Ядролық физика институты реакторының пайдаланылған жоғары байытылған отынын әкету қызметін қолдайды. Құрама Штаттар мен Қазақстан жоғары байытылған отынмен жұмыс жасайтын реакторларды аз байытылған отынға қайта жабдықтаудағы, сондай-ақ, Қазақстанда зерттеу реакторларынан қалған жоғары байытылған уран қорларын техникалық тұрғыдан мүмкіндігінше жоюдағы өзара іс-қимылды жалғастырады, делінген мәлімдемеде.
АҚШ Қазақстанның өз аумағында МАГАТЭ-нің аз байытылған уран банкін орналастыру және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі өңірлік оқыту орталығын құру, оның төтенше жағдайларға төтеп беру, сондай-ақ олардың салдарын еңсерудегі мүмкіндіктерін нығайтудағы күш-жігеріне қолдау білдірді. Қазақстан мен АҚШ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттердің өткізілуін маңызды деп санайды, делінген мәлімдеменің соңында.
Қазақстан – абыройы жоғары мемлекет
Бұл күн қазақстандық журналистер үшін де «олжалы» болып басталған еді деп айтуға болады. Өйткені, осы күнгі барлық оқиғалар алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларға брифинг-сұхбат берген еді. Қазақстан басшысы алдымен саммиттің өзі туралы айтып, олардың өте маңызды әлемдік шаралар екенін атап өтті. Қазақстан ядролық қауіпсіздікті сақтау ісінде дүниежүзілік қоғамдастық алдында үлкен абыройға ие болып отыр. Өйткені, біз дер кезінде Семей ядролық сынақ полигонын жаптық, қолымызда бар ядролық қару арсеналынан өз еркімізбен бас тарттық. Соның арқасында Қазақстанға деген сенім туды, осы үшін бізді әлемде сыйлайды, экономикамызға да соның арқасында инвестиция құйыла бастады. Сонымен бірге, ядролық қауіпсіздік бағытында бірнеше әлемдік бастамалар көтердік. Сондықтан біз осы саммиттердің белді қатынасушысы болып саналамыз, дей келіп, Елбасы саммиттерде қаралатын мәселелерге тоқталды.
Оған қатысып отырған елуден артық мемлекет басшыларының бәрін ядролық қарудың таралмауы, оның лаңкестердің қолына түспеуі алаңдатады. Егер ядролық қаруларды жасырын түрде жасауға мүмкіндік беретін материалдар лаңкестік топтардың қолына түссе, ол үлкен трагедияға соқтыратыны сөзсіз. Саммиттерде осы мәселелер қарастырылып, әрбір мемлекеттің өз аумағындағы ядролық материалдар мен олардың қалдықтарына қатаң бақылау орнату қажеттігі туралы мәселелер айтылды. Атом медицина және басқа да салаларда қолданылады. Бұларға да қатаң бақылау керек. Бақылау, әсіресе, МАГАТЭ сияқты кәсіби маманданған халықаралық ұйым арқылы жүргізілгені дұрыс, сонда оның мөлдірлігіне кепілдік беріле алады. Осы орайда біз төмен байытылған уранның Қазақстанда сақталуы, яғни банкінің болуы туралы ұсыныс жасадық. Оны артынан бейбіт істер үшін байытуға алушы елдер бір жерден тапқаны дұрыс дедік. Қазір осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр, деді Н.Назарбаев.
Ал ядролық қалдықтарды бақылау мәселесінің Қазақстанға да тікелей қатысы бар, өйткені, бұрын Ақтауда АЭС болған, оның қолданылған заттарының кейбірі одан әрі пайдаланылу мүмкіндігі болғандықтан, біз де соған бақылау орнатуымыз керек, екіншіден, біз уран рудасын көп өндіріп, дүние жүзіне сататын мемлекет болғандықтан, оның бақылаусыз тарамауына үлкен мән беруге тиіспіз. Міне, сондықтан да саммит жұмысында Қазақстанға деген назардың үлкен болатын осындай себептері бар. Осы саммит барысында біз АҚШ-пен бірлесіп, Семей ядролық сынақ полигоны аумағын одан әрі қалпына келтіру туралы арнайы мәлімдеме қабылдайтын боламыз. Әзірге, бұл бағыттағы ынтымақтастықтарымыз жақсы жүріп жатқанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, саммит қорытындысы бойынша оған қатысушылардың бәрі атом материалдарының кейбір келеңсіз топтардың қолына түспеу қажеттігі туралы үндеу қабылдайтын болады, деді Н.Назарбаев.
Нидерланд – Отанымыз үшін жетекші инвестор
Осыдан кейін Қазақстан Президенті Нидерланд Корольдігіне жасаған ресми сапары мен екіжақты кездесулердің қорытындысына тоқталды. Нидерланд Қазақстан үшін жетекші инвестор болып саналатынын білесіздер. Осы күнге дейін Нидерландтың Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 50 млрд. долларға жуық. Былтырғы жылғы екіжақты сауда-саттығымыздың көлемі де 10 млрд. долларға жетіп отыр. Нидерландтың біз таңғалатын және үлгі алатын мәселелері өте көп. Соның ішінде халыққа білім беру, медицина саласында Нидерланд – Еуропадағы алдыңғы орындардың бірінде тұрған мемлекет. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында барлық тұрғындардың 3 пайызы ғана жұмыс істегенімен, осы саланың өнімін сыртқа шығару жөнінен Еуропада үшінші орын алады. Бізде халқымыздың 43 пайызы ауылда тұрып, соның 20 пайызы ауыл шаруашылығында жұмыс істегенімен, жалпы экономиканың 5 пайызын ғана осы сала береді. Міне, осы мәселе бізді қатты ойлантуы керек, деді Қазақстан Президенті.
Біз Нидерланд басшыларымен кездесу барысында бірнеше құжат қабылдауға қол жеткіздік. Осы елдің «Шелл» деген компаниясы біздің Қашағанда жұмыс істеп жатыр. Кен орнының жұмысын осы компания жалғастыратын болады. Екіншіден, ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты тереңдете түсуге келістік. Сондай-ақ, білім беру, медицина салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мәселелері талқыланды. Нидерланд халқының саны бізбен бірдей, ал жер көлемі Алматы облысының үштен біріндей ғана. Сөйтіп отырып, осы елдің экономикада өте биік нәтижеге қол жеткізіп келе жатқаны бізді қызықтырады, дей келіп, Н.Назарбаев экономикалық дамудың кілті ашықтықта екеніне тоқталды. Бірде-бір жабық, томаға-тұйық отырған мемлекеттің дамығанын көрген емеспіз, тек алыс-жақын көршілерімен де, бүкіл әлеммен ашық болып, экономикалық ынтымақтастық орнатқан мемлекет қана дамудың жоғары деңгейіне жете алады, деді Қазақстан Президенті.
Әлемді алаңдатқан мәселе
Одан әрі Елбасы қойылған сұрақтарға сәйкес саммит барысындағы Украина-Ресей мәселесінің талқылануына тоқталып өтті. Бұл мәселе қазір дүниежүзін алаңдатып отырғандықтан, оны аттап кетуге болмайды, деп бастады өзінің сөзін Президент. Оның үстіне Қазақстан осы мәселелерге тікелей болмаса да жанама араласып, эпицентрінде отырған мемлекет болғандықтан, бізге бұл мәселедегі тұрақты ұстанымымызды айтуға тура келді. Қазір Қазақстан – әлемге танымал мемлекет, сондықтан да біздің араағайындық рөлді атқаруымызды қалайтындар көп. Өздеріңіз көріп отырсыздар, кеше мен бүгін барлық ірі мемлекеттердің басшыларымен кездестім. Кездесулердің бәрі сол жақтардың бастамасымен болды және барлық кездесулерде де Украина мәселесі қаралып отырды. Әрине, Қазақстан бұл мәселеге орай өзінің ресми ұстанымын жариялады, оны сіздер білесіздер. Егер біразырақ жақын тарихқа тоқталар болсақ, ТМД елдері өздерінің тәуелсіздігін жариялаған кезде Украина 15 республиканың арасында барлық жағынан Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орын алатын. Біз оны өскен-өнген мемлекет деп санайтынбыз. Енді ше... 50 миллион халқы бар, ең құнарлы жері бар, көптеген металлургия, көмір комбинаттары, зымыранға дейін шығара алатын индустриясы бар дамыған ел болды. Сондай, тәуелсіздік мәресінен өтерде бізге қарағанда әлдеқайда әлеуетті елдің қазіргі экономикасы Қазақстаннан 30 пайызға төмен. Оған толып жатқан себептер бар. Соның ішінде алдымен әлі күнге шекарасы шегеленбегенін айта кеткен жөн. Барлық басшылары біресе анда, біресе мында тартып, халықты әрі-сәрі қылды. Қоғамдағы тұрақтылық пен төзімділікті сақтауға көңіл бөлінген жоқ. Жүргізген саясаттарында үнемі Ресейге қарсылық көрсетіліп отырды. Әрине, біз біреулерді жақтап, екіншілерін қаралай алмаймыз. Ресейлік саясаткерлер тарапынан да қателіктерге жол берілгені жасырын емес, деді Н.Назарбаев.
Екіншіден, деп жалғады ойын Қазақстан Президенті, көпэтносты мемлекетте елді жікке бөлуге, біреудің құқын таптауға болмайды. Украина да көпэтносты мемлекет, онда украиндармен қатар орыстар, поляктар, татарлар және басқалар тұрады. Ал Майданға шыққан украиналық саясаткерлер, тіпті, 12 миллиондай орыс азаматтарының ана тілінде сөйлеу құқын шектеп, азаматтық құқын тартып алуға дейін барды. Сөйтіп, экономикалық жағдайы нашар, әлеуметтік қорғалуы төмен ел енді осындай саясат жүргізіп отырса, ол елдің халқы толқымай қоя ма? Украина бізге жақын мемлекет, оның үстіне Қазақстанда украин ұлтының жарты миллионға жуық өкілдері бар. Сондықтан ондағы жағдайға біз де алаңдаушылық білдіреміз.
Украина мәселесіне біржақты ақ немесе қара деп қарауға болмайды. Өйткені, оның тарихи, геосаяси, қарым-қатынастық және т.б. жағдайлары бар. Бүгінгі қалыптасқан ахуалды түзетуге болмайды, біздіңше, алда тек осы дағдарыстан қалай дұрыс жолмен шығу мәселесі тұр. Осы орайда халықаралық нормалардың бұзылғандығы көлденең тартыла береді. Алайда, қазір халықаралық құқықтарды бұзу жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жоқ па? Алысқа бармай айтатын болсақ, Ливияға шабуыл жасағанда халықаралық норма бұзылмады ма? БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі ұшақтардың ұшуын бақылауға ғана рұқсат берген еді, іс жүзінде олар Ливияны бомбалады. Бұл құқық Иракта да, басқа елдерде де бұзылды. Осы жолы оны алдымен Украинаның өзі бұзып отырғаны бекер емес. Өйткені, заңды жолмен сайланған билікті күш көрсету жолымен орнынан тайдырды. Сондықтан бүгінгі билікті толығымен заңды деп атауға болмайды. Біз алдымен заңды жолмен жаңа президент сайланып, содан кейін Ресеймен келіссөздер жүргізілуі керек деген ұсыныс жасайтынымызды білдірдік. Халықаралық ұйымдар бұл жұмыстарға белсене қатысып, арасында делдал болып отырулары керек. Ал баяғы күш көрсету сарынына салып, мына жақтан Батыс санкция жасаймыз деп қорқытса, ана жақтан Ресей оған қарсы қиғаштықтар білдіре берсе, одан ешқандай пайда шықпайды. Тек дағдарыстан бейбіт жолмен шығу тәсілдерін іздеу керек, деді Елбасы.
Құқы бұзылмағанның бірлігі мығым
Осыдан кейін Президент Қазақстанның шекарасын шегендеп алғаны, елдегі тыныштықты сақтау жолында ешкімнің құқын бұзбау саясатын жүргізгені ұтымды болғанын атап өтті. Біз көршілерімізбен көпвекторлы саясат жүргізудеміз. Ішкі тұрақтылықты барлық этностардың тең құқылығы мен өзара төзімділігін қатаң сақтау саясатын жүргізу арқылы ұстап отырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын көптеген елдер қазір үйреніп, өздеріне үлгі етіп отыр. Тек осындай жағдай болғанда ғана мемлекет дами алады. Бейбітшілік тек адамдардың бір-бірін сыйлаған жағдайында, құқын бұзбаған жағдайында ғана мызғымайды, деді Елбасы.
Президентке Ресей мен Украина арасындағы салқындық Еуразиялық интеграциялық үдерістердің одан әрі дамуына теріс ықпалын тигізбей ме деген де сұрақ қойылды. Әрине, біз Украинаның Еуразиялық интеграциялық үдерістерге қатысқанын қалаймыз, алайда, енді ол мүлде болмайтыны белгілі. Бірақ қалған үш елдің арасындағы интеграциялық үдерістердің тереңдей түсуіне ол теріс ықпал жасай алмайды. Мен мамыр айының аяғында Астанада Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі келісіміне қол қойылатынына үміттімін. Әрине, бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікірлер бар. Ресей мен Украина арасындағы кикілжің жұрттың бәрінің, соның ішінде біздің азаматтарымыздың да алаңдаушылығын тудырғанын білемін. Кеше мен Финляндия Республикасының Президентімен кездескенімді білесіздер, міне, сол кісі де бұл іске алаңдаушылығын білдіретінін айтты. Біз оның бәрін біліп отырмыз. Бірақ біздің экономикалық одақта ҰҚШҰ келісімдерінің аясында Қырымдағыдай жағдай ешқашан болмайды. Интеграция үдерістеріне қарсылар тәуелсіздікке қауіп төнбей ме деген қорқыныштар айтады. Алайда, бүкіл әлемде тек интеграция жолына түскен мемлекеттердің ғана қатты дамып отырғанын көріп отыр емеспіз бе? Томаға-тұйық, өзін өзі арандармен қоршап алған елдер ешқашан дами алмайды. Мысалы, Марко Полоның алдынан қазақ даласында кедендік кедергілер тұрған болса, ол ешқашан Қытайға жете алмаған болар еді. Біз – теңізге шыға алмайтын, құрлықтағы елміз. Қара теңізге дейін тауарларымызды жеткізу үшін бізге 2 мың шақырымдай жер жүру керек. Егер осы жолда бізге кедендік кедергілер қойылып, баж салығын төлейтін болсақ, біздің тауарларымыз екі есе қымбаттап, ешкім алмайтын халге жетеді, деді Н.Назарбаев. Одан әрі Президент интеграциялық үдерістер тек қана экономиканың дамуы үшін жасалатынын, одан тәуелсіздікке ешқандай нұқсан келмейтінін айтты.
G-Global – болашағы зор бастама
Батыстың Ресейге қарсы жасаған санкциялары бізге зиянын тигізбей ме деген сұраққа Елбасы оның қатері жоқтығын айтты. Әзірге ешқандай экономикалық санкция жоқ, тек кейбір тұлғалардың Еуропа мен АҚШ елдеріне кіруіне ғана шек қойылған санкциялар жарияланды. Оның бізге тигізетін зияны жоқ, деді Н.Назарбаев. Алайда, экономикалық санкциялар жарияланып, ол Ресей экономикасына зиянын тигізсе, біздің де жапа шегетініміз анық. Сондықтан да біз экономикада көпвекторлы саясат ұстанып отырмыз, дей келіп, Қытайға, одан әрі Тынық мұхитқа, екінші жақтан Түрікменстан арқылы Иранға, одан әрі Парсы шығанағына шығу жолдары қарастырылғанын айтты. Көліктік бағыттарды әртараптандыру қатарына Каспий теңізі арқылы Бакуден Еуропаға шығу жолдары да енетінін жеткізді. Мұның бәрі болуы мүмкін түрлі қиыншылықтардың алдын алу үшін жасалған амалдар. Бірақ мен Ресейге қарсы экономикалық санкциялар бола қояды деп ойламаймын. Менімен сөйлескен мемлекет басшыларының сөздеріне қарағанда, қазір алғашқы екпін біршама бәсеңдеп қалған секілді, деді Президент.
Н.Назарбаев сөзінің соңында 100 жыл бұрынғы оқиғаның, яғни дүниежүзілік соғыстың басталу мүмкіндігі қазір болмайтынын айта келіп, өзі ұсынған G-Global ұсынысына интерактивті түрде 190 мемлекеттің қатысып, оның өміршең болғанын жеткізді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан» – Гаагадан (Нидерланд).
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.