Бір кездері айдыны шалқып жатқан Аралдың тартылуы жағалауындағы жұртты ғана емес, күллі адамзатты экологиялық апатқа ұшыратты. Қазір ұшы-қиыры көрінбейтін далаға айналған кепкен теңіз ұлтанының көлемі – 4,5 млн гектар. Соның жартысына жуығы еліміздің аумағында жатыр.
Кепкен теңіз табанындағы құм көшкініне тосқауыл қою мақсатында Үкімет, облыс әкімдігінен бөлек донорлардың қолдауымен де фитоорманмелиорациялық жұмыстары жүргізілуде.
Жел сәл көтерілсе болды, құм суырып тұратын өңірде тал-дарақтың қадірі ерекше. Десе де, теңіз жағалауынан жырақтағалы бері әуелгіде тұз, кейіннен құм аралас дауылды көрсе де байырғы жұртты қиып кететіндер аз. Осыдан да Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында алдағы 5 жыл ішінде еліміздегі орман қорын 2 млрд ағаш көшеттерімен молайту туралы тапсырмасы осы өңір үшін аса маңызды саналады. Президент пәрменін жүзеге асыру үшін өткен жылы 101 мың гектар алқапқа фитоорманмелиорация- лық жұмыстар жүргізілді.
Орман шаруашылығы мекемесі тарапынан орманды күзету, қорғау және өсімін арттыру бойынша біршама жұмыс атқарылды.
– Былтырғы жұмыс жоспарына сәйкес 1 мың гектарға көктемгі сексеуіл көшетін отырғызу Қасқақұлан орманшылығының №162 орамында жасалды. Жалпы 1 млн 800 мың қара сексеуіл көшеті егілді. Тағы 1 гектар аумаққа терек пен Сыр талының 40 мың қаламшасы отырғызылды. Біздің мекеме мамандары атқарған жұмыстар аясында 100 кило үйеңкі, 80 кило қарағаш тұқымдары себілді. Осы күні тұқымбақта механикалық күтім және суғару толығымен аяқталды, – дейді Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Болат Бисенбаев.
Қашқан теңізбен бірге желегі де селдіреп қалған аймақта тал-дарақтың бағалы екенін сөз басында айттық қой. Көктемгі және күзгі көркейту-көгалдандыру жұмыстары барысында Аралдағы ауылдық округ әкімдерінің сұраныстарына сәйкес 10 496 түп саялы ағаш көшеттері таратылып берілді.
Жасыл желекті молайту бағытында жұмыс атқаратын мекеме мамандарына жыл он екі ай тыным жоқ. Әсіресе, көктем мен күз мезгілдерінде жұмыс қызады. Былтыр орман қорының санитарлық жағдайын бақылау үшін 2 600 гектар алқапта патологиялық зерттеу жұмыс- тары жүргізілді.
Есепті кезеңде орман заңдылығын бұзудың 5, жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын сақтамаудың 2 дерегі анықталды. Бұл әкімшілік құқық бұзушылық фактілеріне тиісті айыппұлдар салынып, толығымен өндірілді.
Мемлекеттік орман қоры аумағында ауылдық округтермен бірлескен дала және ірі созылмалы өрттерді сөндіру іс-қимыл жоспарына сәйкес былтыр мемлекеттік орман қоры аумағының №20, 14, 8, 10, 3, 4 орамдарындағы 449,5 гектар жерге бақылау жүргізілді.
Орман қоры аумағындағы өрт қауіпті маусымның басталуына байланысты кесте бойынша кезекшілік қойылған. Ауылдық округтерге ескертпе хаттар мен үнпарақтар таратылып, тақтайшалар, билбордтар жаңартылды.
Резервтегі су айдындарын күзету мекеменің орман күтушілеріне бұйрықпен бекітіліп, тиісті жұмыс атқарылды. Аудандық полиция бөлімі, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция қызметкерлерімен бірлесіп, көлдерді тексеру, шолу және броканьерлікке қарсы жедел рейдтер кестеге сәйкес ұйымдастырылды. Қазір Аманөткел елді мекені маңындағы Бұрмақұлақ арнасы бөгеліп, ескі Аспай су тоспасы арқылы Сырдария өзенінің деңгейі көтеріліп, Ақшатау, Қамыстыбас көлдер жүйесіне су құюда.
Соңғы жылдары қаңсып қалған көлдер жүйесінің қалыпқа келе бастауы теңізді аудан тұрғындарының үмітін оятып отыр. Былтыр қыста қар, жазда бір тамшы тамбай қуаңшылықтан мал мен жан қиналып қалып еді. Биыл ылғал жеткілікті болатын түрі бар.
Жалпы, Сырдың сәні саналатын сексеуілді жете зерттеген мамандар осы өсімдік түрінің бір түбі 1 тонна құм ұстайтынын айтады. Соңғы жылдардағы жүйелі жұмыс нәтижесінде кепкен теңіз табанында сексеуілдің миллиондаған түбі жайқалып өсіп келеді.
Қызылорда облысы