ҚАЗАҚСТАН – ЖАҺАНДЫҚ ҚАРУСЫЗДАНУ БАСТАМАШЫСЫ
Ең алғаш Семей қаласына келген сапарында «Невада-Семей» қозғалысының бірқатар шараларына қатысқан, сол қозғалыстың белсенді мүшесі болған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов 2009 жылы Семейде өткен «Бейбітшілік миссиясы» митингісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен де тікелей кездескен болатын. Сол жиында Елбасы алғаш рет сынақ бомбасы жарылған 29 тамыз күнін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялауды ұсынып, бұл ұсыныс БҰҰ тарапынан толық қолдауға ие болды. Біз сәті келуіне орай «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы ең алғаш рет қалай басталды және Семей сынақ полигоны қалай жабылды, міне, осы мәселелер жөнінде ең алғашқы көзкөрген куәлердің бірі Амантай ДОҒАЛАҚОВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Амантай Айтмырзаұлы, биыл «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысына 25 жыл толып отыр, ширек ғасыр бұрын халықаралық маңызы бар осы іске қалай келдіңіз? – Мен ол кезде облыстағы Жаңасемей ауданында басшылық қызметте едім, осы іске бүкіл халық болып кіріскен соң, қозғалыстың өз ауданымыздағы төрағасы ретінде сайландым. Бүкіл халық жұмылып, митингке шыға бастадық. Қуғындауға ұшырадық. 1991 жылы 29 тамызда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын тарихи Жарлығымен жапқан кезде біз үшін ақ түйенің қарны жарылған күн еді. Бұл күнді мен көзіме жас алып тұрып есіме түсіремін. Бір күні ауданымызға қарасты Шүлбі кентіндегі «Энергетик» кинотеатрына ақын Олжас Сүлейменов келгелі жатыр деген хабар алдық. Айта кетейін, Шүлбіде ГЭС бар, ол КСРО көлеміне маңызды құрылыс. Оны қадағалайтын ЕртісГэсстрой басқармасы тікелей Мәскеуге бағынатын. Аудан басшысы болғандықтан, қарамағында 5 мыңдай жұмысшысы бар кәсіпорын тірлігі де менің назарымда. Ертіс-Гэсстрой басқармасына қарасты осы басты жұмыс орны Шүлбі ГЭС-і болатын. Тұрғын үйлер, электрстансаларын, кәсіпорындар салумен айналысады. Оның үстіне Ертіс-Гэсстройға бүкіл КСРО бойынша жұмысшыларды әкелді. Шыны керек, қазақ болған соң бүкіл аудан, ауыл болып көкөніс, ет, сүтпен қамтамасыз етіп, асырап отырдық. Біздің ауылымыздың да жастары сонда жұмыс істеді. Жұмысшылар негізінен Серебрянск, Семей, Шүлбі, Талдықорған, Өскемен, Текелі, Рубцовск, Қапшағай, Тюмень облысындағы Сургут қалаларында маңызды нысандар, гидроэлектрстансалар салды. Сондай-ақ, Семейде ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-ні кеңейтті. 1989 жылдың ақпан айы болатын. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайлану барысында Шүлбідегі сайлаушыларымен жүздесуге ақын Олжас Сүлейменов келді. Жоғарыда айтқанымдай, жергілікті «Энергетик» кинотеатрында кездесу өтті. Шығармашылығы жайлы әңгімелей келе ұлттар достығына орай жолдары бар өлеңдерін оқыды. Мағынасында Қазақстанға әртүрлі жолдармен, себептермен келген түрлі ұлт өкілдерінің тағдырына деген бауырмалдық, жанашырлық бар. Шыны керек, өлең маған қатты әсер етті. Қазақы дастарқан жайып, Олжасты ұлттық салт-дәстүрге сай күтіп жатырмыз. Мен аудан басшысы ретінде ұйымдастырушылық жағына жауап беремін. Осылайша, Семей ядролық сынақ полигонын жабу жолында «Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысында бірге жұмыс істей бастадық. – Соғыстан соңғы кезең, елуінші жылдардың басында Семейдегі жарылыстар халық үшін тым түсініксіз болған еді. Қан майданнан әбден есеңгіреп қалған қазақ ауылдарының жағдайына ешкім мән бермеді. Бірден сынақ жарылыстары басталды. КСРО-ның әскери-өндірістік кешені қуаттылығы жағынан күшейіп, экономикаға ғана араласып қоймай, ғылымды да өз бағытында дамытуға күш салды. – Несін айтасың, 1949 жылдың 29 тамызында басымызға қасірет төнді. Мен 1946 жылы полигон маңындағы Сарбұлақ ауылында дүниеге келдім. Көзімді ашқалы қырық жыл бойы көргенім атом жарылысы. Ауылымызда іштен кемтар болып туғандар, өзіне өзі қол салғандар шектен тыс көбейіп кетті. Біздің ауылда әскери адамдар пайда бола бастады. Олар бізге атом жарылады деп айта ма? Жоқ, Кеңес өкіметінің қауіпсіздігі үшін тың қадамдар жасап жатырмыз деп қояды. Кейде бізге келіп түсіндіреді. Жер қозғалуы мүмкін, бірақ қорықпаңыздар, есік-терезені, пештің аузын мықтап жауып, далаға шығасыздар, дейді. Бомба жарылады демейді. Деген күнде де біз қайда барамыз. Мен ес біліп, өзім шамалас балалармен интернатта оқып жүрген кезім. Жарылыс болар кезде бізді жинап алып, Артезиан құдығы деген жердегі шұңқырға алып келіп, етпетімізден жатқызады. Үстімізді одеялмен жабады. Бірақ, бар болғыр балалар ойнап, не болады екен көрейікші деп қызығып, бетімізді ашып тастаймыз. Орнымыздан тұрып кетеміз. Алдымен шынында да жер қозғалады, аспаннан үлкен саңырауқұлақ шығады. Жылы бір леп келеді. Сөйтсек, бұл радиация екен ғой. Оны қайдан білейік. Адамдар жер сілкініп басылғанша 5-10 минут далада тұрады. Ал жан-жануарлар, тілсіз мақұлық бірдеме сезгендей шыңғырып, ұлып естері шығып кетеді. Иттер мен сиырлар қосыла топырлап тау-тасқа қашқанын сол кезде көрдік. – Жер-дүниені тітіренткен ядролық полигон жабылғанмен, жарасы жазылмаған жер мен қайғы шеккен ел қалды ғой. Сіз ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жүрдіңіз, қолыңызда қандай ақпараттар болды? – Семей полигонының аумағы 18,5 мың шаршы шақырымды құрады. Құрамына Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының кейбір аудандары кірді. Ресейдің Омбы, Том қалалары да жақын орналасқан. Семей полигонынан 1,5 млн. адам зардап шекті. Мыңдаған адам мүгедектікке ұшырады. 1997-1998 жылдары БҰҰ шешімімен бізге донорлық көмек ретінде 43 млн.доллар беру керектігі айтылды. 1999 жылы Токио конференциясында донорлыққа Жапония, Швейцария, АҚШ елдері қосылды. Семей жерінің басты экологиялық проблемасы тек қана ядролық сынақ полигонының зардаптары. Бұрынғы полигон аумағын соғыс атомынан бейбіт атомға көшіру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Курчатовта Ұлттық ядролық орталық құрылып, өз жұмысын бастаған еді. Орталық директоры, ғалым Ерлан Батырбековпен кездесуімізде белгілі болғандай, бұрынғы полигон жері қазір үш ауданға бөлінген. Біріншісі экономикалық тиімділігі бар, тұрғындарға өмір сүруге және ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы болса, екіншісі әлі де болса зерттеуді қажет ететін жарасы жазылмаған жерлер. Ал үшінші аудан тыйым салынған, яғни адам ағзасына қатерлі радиациялық бөлшектері басым өңір болып табылады. Ядролық полигонның зардаптары оңай кете қоймайтыны анық. Жерді тазартып, Хиросима, Нагасаки қалаларының деңгейіне жеткізу үшін уақыт керек. Қазақстанның ғылымы жете дамығаны жөн. Әрине, бұл ретте Ұлттық ядролық орталық академик Ерлан Ғаділетұлының жетекшілігімен тыңғылықты жұмыстар жасап жатыр. Бірақ мұның әлемдік деңгейдегі экологиялық проблема екендігін ұмытпаған жөн. 1998 жылы Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарын жою үшін БҰҰ-ның 53-сессиясында қабылданған құны 7,8 млн. АҚШ доллары тұратын 6 экологиялық жобаның біреуі ғана жүзеге асты. Ол – «Семей ядролық сынақ полигонындағы жерді пайдалану стратегиясы». Жақында ғана жүргізілген радиологиялық зерттеулер нәтижесінде белгілі болғанындай, Шаған өзені тритий радиоизотобымен ластанған. Өзеннің үстіңгі қабатының кейбір бөліктерінде зиянды зат қалыпты мөлшерден 40 есеге артып кетіпті. Бұл сол жердің тұрғындарына ауыз-су және көкөніс, тағам арқылы жұғу, өту қаупін туғызуда. Жерасты суларының радиоактивті қалдықтармен былғануы «Балапан» ядролық сынақ алаңында өткен жарылыстардың әсерінен болып отыр. Сондықтан да, осы проблеманы жете зерттеп, жіті бақылауға алған Ұлттық ядролық орталық «Қазақстандағы атом энергетикасының дамуы» атты бюджеттік бағдарлама аясында жұмыстар жүргізуде. Әрине, біз дұрыс жолда тұрмыз. Сапалы әрі тегін медициналық қызмет, төлемақылар, ең бастысы, жараланған жерді емдеуде қаладағы коммерциялық емес ұйымдар ассоциациясының президенті Сұлтан Омарұлымен де тығыз қарым-қатынастамыз. Жерді сауықтырып, халыққа, шаруашылыққа қайтару керек. Міне, осыған орай біз бірнеше жыл қатарынан Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықпен де байланыс орнатып, жұмыс жасаудамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде ғалымдарға полигоннан қалған жерлерді экологиялық жағынан сауықтырып, 95 пайызын ауыл шаруашылығына қайтаруды тапсырып отыр. Ертіс маңындағы жерлердің қайта түлеуіне мүмкіндік бар. Бұл мүмкіндік жүзеге асса, Павлодар өңірінің де шаруа қожалықтарының жерлері ұлғаюы мүмкін. Президенттің жерлерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындауда алғашқы жетістіктер де жоқ емес. Мәселен, полигон аумағының солтүстігі толықтай тексеріліп бітті. Осы тұста тұратын полигоннан зардап шеккен Саржал ауылының тұрғындары ауылшаруашылық жерлеріне қол жеткізгендіктері үшін Ұлттық ядролық орталықтың директоры Ерлан Батырбековке, экология және радиациялық қауіпсіздік институтының директоры Сергей Лукашенкоға рахметтерін айтып, хат жазыпты. Иә, қырық жыл бойы сынақ алаңының тірі тышқанына айналған қазақ халқы басынан кешкен қасіретін ұмытқан жоқ. Бұл жөнінде болашақ ұрпақ та мәңгі-бақи есте сақтағандары жөн. Бүгінгі күнде Ұлттық ядролық орталықтың жанынан полигон тарихы мұражайы ашылған. – Осы күндері Нидерланд әлемдегі ең беделді саясаткерлердің бас қосқан алаңына айналды. Жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитіне жиналғандар Елбасымызға ерекше құрмет көрсетуде, оның бір дәлелі Нидерландтағы Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне арналып, пошталық марка мен қызғалдақтың жаңа сорты шығарылуы. Мемлекет басшысының осынау ел тағдырын ойлап, жол тартқан сапары туралы не айтар едіңіз? – Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд жерінде ядролық қаруды қауіп деп тану керек, Қазақстанның бұлай деп айтуға моральдық құқығы бар. Біз ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірін жаптық, 40 жыл ішінде Семей полигонында 570 ядролық жарылыс жасалды, деп нықтап айтты. Біздер, полигон зардабын тартқандар, әбден ризамыз. Келіссөздер жемісті деуге негіз бар. Бірден екі құжат қабылданды. Жуық арада Қазақстан-Нидерланд Іскерлік кеңесі құрылып, екі ел Сыртқы істер министрліктері саяси кеңестер алмасуға уағдаласты. Қорыта айтқанда, Қазақстан Президенті – Семей сынақ полигоны мен ядролық арсеналды сақтап қалу қажет деген пікірге әу бастан үзілді-кесілді қарсылық көрсетіп, батыл шешім жасаған басшы. Бұл ұстаным әлем елдерінде қолдауға ие болды. Қазір көптеген елдерге осындай батылдықпен нақты шешім жасай алатын басшылар керек секілді. Елбасының енді халықты сауықтыру бағытында оң қадамдарға барып отыруы құптарлық іс. Әңгімелескен Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ.
•
26 Наурыз, 2014
Полигон зардабын өз басынан өткерген ел ғана сезіне алады
1534 рет
көрсетілді