• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Ақпан, 2022

EXPO 2020 Dubai көрмесінде қазақстандық павильон миллионыншы келушісін қарсы алды

346 рет
көрсетілді

Бүгін Дүниежүзілік EXPO 2020 Dubai көрмесіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны миллионыншы келушісін қарсы алды. Ол Дубай қаласының 38 жасар тұрғыны, кәсіпкер Махмуд Әл Бурай атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, ол Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, сондықтан біздің елге келу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысатынын айтты.

«Достарым маған Қазақстан павильонына баруға кеңес берді. Олар оның EXPO-дағы ең үздік павильондардың бірі екенін айтты. Мен Қазақстанда ешқашан болған емеспін, содан болар павильонның мазмұнынан үлкен әсер алдым. Маған әсіресе робот қолмен ұсынылған қойылым ұнады, ол өте эмоционалды және керемет, ал павильон алдында өнер көрсеткен ұлттық оркестр тамаша туындыларды орындауымен тәнті етті. Мен елдеріңізге барып, саяхат жасайтыныма өте қуаныштымын», деді Әл Бурай.

Қазақстандық павильон мен Қазақстан Республикасы, сондай-ақ EXPO 2020 Dubai ұйымдастырушы комитеті атынан миллионыншы қонақты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті елшісі Мадияр Меңілбеков, EXPO 2020 Dubai көрмесі төрағасының халықаралық қатысушылар жөніндегі орынбасары Омар Шехаде, EXPO 2020 Dubai-дағы Қазақстан Республикасының Ұлттық секциясының бас комиссары Аллен Шәйжүнісов құттықтады.

Махмуд Әл Бурайға Қазақстанға тегін турға екі адамға арналған сертификат берілді. Әуе билеттері мен Қазақстанға бару турын қазақстандық Air Astana әуе компаниясы мен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік EXPO 2020 көрмесі Дубайда 2021 жылдың 1 қазаны мен 2022 жылдың 31 наурызы аралығында өтеді және Таяу Шығыстағы алғашқы EXPO көрмесі. Көрменің тақырыбы – «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру». EXPO 2020 Dubai ұйымдастыру комитетінің мәліметі бойынша, 15 ақпандағы есеп бойынша көрмені 13,5 млн адам тамашалаған, ал Ұлттық павильонға күніне орта есеппен 8 мың адам келеді.

Қазақстан павильонының туристер үшін тартымдылығына сурет салған адамдар саны бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген «Әлем бейнесі» арт-жобасы мүмкіндік береді.

Туристік қызығушылықтан бөлек, ол халықаралық бизнес топтары арасында жоғары қызығушылыққа ие. ҚР Ұлттық павильонының алаңында 30-ға жуық іскерлік іс-шара жоспарланған, оның аясында конференциялар, форумдар, B2B кездесулер өтеді, сондай-ақ елдің инвестициялық және туристік әлеуеті бойынша жобалар, ғылым және білім беру саласындағы бастамалары ұсынылады.