Таяуда ғана Испанияда аяқталған «Хаэн Классикасында» топ жарған қазақстандық велошабанбдоз Алексей Луценко сол елдегі «Андалусия Вуэльтасы» көпкүндігінде де табысты өнер көрсетуде.
Аталған жарыстың төртінші турында Astana Qazaqstan Team клубының серкесі нидерландиялық Ваут Пулстан ғана қалып қойып, екінші орынды иеленді. «Пелатоннан озып кету үшін көп күш жұмсадым. Оның үстінде күні кеше ғана «Хаэн Классикасына» қатысқан едім. Ол додада да біраз тер төгуге тура келді. Сол сайыстарда біраз шаршаңқырап қалғаным осы кезеңде анық сезілді. Бірақ бірінші орын алмасам да, бүгінгі көрсеткішіме көңілім толды. Енді бізді финалдық кезең күтіп тұр. Ол таулы аймақта өтеді. Сол бәсекеде де барымызды саламыз», дейді Андрей Луценко.
«Андалусия Вуэльтасының» төртінші кезеңінен кейін Қызғалдақтар елінің өкілі Ваут Пулс көш басына шықты. Екінші орында Astana Qazaqstan Team клубының мүшесі Анхель Лопес. Ал жалпыкомандалық есепте қазақстандық ұжым алдына жан салар емес.