Отандық жас ғалымдар ойлап тапқан күн энергиясын тұтынудың инновациялық әдісі еліміздегі шалғай орналасқан елді мекендерге пайдасын тигізіп, қалалы жерлерде экологиялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді.
Мамандар таяу жылдарда ірі электр стансаларының өнеркәсіптік энергияны сақтау және әртүрлі электр жинақтаушы нысандар өндіруге назар аударуы қажеттігін алға тартады. Көптеген елде энергияны тұтыну көлемі жыл мезгілдеріне байланысты болып келетіндіктен, энергияны маусымдық кезеңде үнемдеу технологияларын меңгеру қажеттілігі туындап отыр.
Осы мақсатта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары «Күн жылу энергиясын көпқабатты ғимараттар мен тұрғын үй қалашықтарын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында маусымдық жинақтау технологиясын» зерттеп, іске асырды. Механика кафедрасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, PhD және инженерия докторы Мәдина Тұңғатарова баламалы энергетика саласына қажетті технологияның қыр-сырын сипаттай келіп, «Бұл жоба Бақытжан Ахметовтің докторлық және Таңнұр Аманжолов, Зарина Тұртаева, Абзал Сейітовтердің магистрлік диссертациясының бір бөлігі ретінде басталды. Дүниежүзілік банктің «Нәтижелі инновациялық жобаларды ынталандыру» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға өтініш бергеннен кейін, жоба іріктеуден сәтті өтті. Жоба үш жарым жыл көлемінде қаржыландырылатын болды», деп атап өтті. Жоба – тұрғын үйлерді ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етуде энергия үнемдеуді мақсат етеді. Жаз айларында күн энергиясы тым көп бөлінеді, алайда нағыз қажет кезі – қыс мезгілі.
Мәдина Тұңғатарова осы орайда күн энергиясын сақтаудың инновациялық үлгісі еліміздегі шалғай орналасқан елді мекендерге көп пайдасын тигізеді деген пікірде. Жас ғалымдар алғашқы жұмыстарын Болгарияның София атындағы техникалық университетінде тағылымдамадан өту барысында жүзеге асырса, «Ньютон – Әл-Фараби» гранты негізінде Бақытжан Ахметов Ұлыбританияда жүріп осы жобаға үлесін қосқан.
Бүгінде ауыл-аймақтарға газ немесе көмір жеткізудің өзі қымбатқа түседі. Жаңа технология кішігірім аудандар мен коттедждік қалашықтарға арналған. Алматыдағы жылыту маусымы кезінде жылу электр стансалары қарқынды жұмыс істейді. Салдарынан ауа ластанады. Жас ғалымдарды әлемде осы проблеманы шешуге бағытталған қандай технология түрлері бар екені толғандырған. Мысалы, Канада елінде осы жобаға ұқсас технология бар. Мәселен, Канададағы бір тұрғын үй коттедждік қалашығын алар болсақ, оның 97 пайызы аталған технологияның көмегімен жылумен қамтамасыз етілуде. Ал Канада географиялық тұрғыда Нұр-Сұлтан қаласына ұқсас. Аталған жоба нәтижесіне ғалымдар үш жылдың ішінде қол жеткізген. Демек, бұл – толық жүзеге асыруға болатын технология.
Ғалымдар атап өткендей, қажетті компоненттердің көпшілігі шет мемлекеттерден әкелінетіндіктен, күн энергиясын сақтау технологиясының өзіндік құны қымбатқа түседі. Дегенмен адам денсаулығына, экологияға қосатын үлесін ескерер болсақ, бұл перспективалық жобаға айналмақ. Сондықтан әрбір нысанның энергия тұтыну көлеміне қарай есеп жүргізу қажет. Талдау жасаған кезде нысанның қуатына байланысты жобаның өтелу мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімді құрайды. Жобаны жүзеге асыру барысында ҚазҰУ-дың Агро-био орталығында жаңа технология жасалды. Бұл орталық Алматы облысына қарасты Байсерке ауылында орналасқан. Жобаны коммерцияландыру мақсатында Алматы облысы Көксай ауылындағы мешітте осы технология іске қосылған. Бұл нысан күн энергиясын маусымдық жинақтаудың нәтижесінде жылы сумен қамтамасыз етеді. Жас ғалымдардың инновациялық жобасы осы маңда соңғы бір жылда үздіксіз жұмыс істеп келеді. М.Тұңғатарованың айтуынша, технология жоспарланған мөлшерден де көп энергия алуға және сақтауға мүмкіндік береді. Инновациялық болуының да себебі осында. Сонымен бірге «Ньютон – Әл-Фараби» гранты негізінде Бақытжан Ахметов әртүрлі парафин түрлеріне алюминий оксидінің нанобөлшектерін қосып тәжірибе жасаған. Бұл да аккумулятордың өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Демек, жобаның негізгі инновациялық жаңалығы – күн энергиясын сақтау технологиясының тиімділігін арттыру. Мамандардың айтуынша, инновациялық технологияға Шымкент қаласындағы бетон зауыты қызығушылық танытқан. Бірақ ол өте ауқымды қуат көзін қажет ететін нысан болғандықтан, жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаражат қажет болады. Негізінде, бұл технологияны мектептер мен жылыжайларда, т.б. мекемелерде қолданған өте тиімді. Ғалымдар мемлекет тарапынан жоба толық қаржыландырылмайтындықтан, жеңілдетілген несиелер арқылы экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік бар екенін айтады. Жас мамандардың бірлескен жобасы оның әлеуметтік әсерін арттырып, тәжірибелерін жан-жақты шыңдауға ықпал етуде. Оның нәтижесінде З.Тұртаева «Абай-Верн» бағдарламасы арқылы Францияда докторантурада, ал Б.Ахметов Сингапурдың Наньян техникалық университетінде білімін жалғастыруда. Ғалымдар болашақта баламалы энергетика саласындағы жаңа технологиялар елімізде қарқынды дамиды деген сенімде.