Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты тағы да жаңа форматымен, эксклюзивті қырымен назар аудартты. Өте маңызды мәселелер қозғалды.
Халық алдында иллюзия жасап, күні өтіп бара жатқан тәжірибені сандықтан шығарып, шаңын қағып, оны қайта пайдаланудың мүмкін еместігін білеміз. Барлық салада ашықтық керек, барлық саладан сол сәттегі уақыттың лебі есіліп, әсері жаңғырып тұру керек. Сонша қиын болса да шындықты айналып өтуге болмайды.
Жалпы, қаңтар оқиғасынан бері әлем назары біздің елдегі саяси оқиғаларға бағытталып отырғанын біліп отырмыз. Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдарына деген көзқарасы, журналистиканың қоғамдағы рөлін түсінуі осынау маңызды әлеуметтік-мәдени саладағы мемлекеттік саясатты алдын ала айқындап береді. Қазір әлеуметтік экономикалық-саяси контентке деген сұраныс жоғары, ал сұхбат, диалог билік пен азаматтық қоғамның интеграциясын жылдамдататын форма ретінде қарастырылады. Мемлекеттің болашағына қауіп төніп тұрған кезде қоғам Ел басшысының журналистермен кездесулеріне, бұқаралық ақпарат құралдарын саяси мақсаттарға жету құралы ретінде пайдаланудағы белсенділік дәрежесіне дейін назар аударады.
Тағы бір байқалғаны – Президент журналистикадағы сұхбат формасын маңызды мәселелер бойынша мемлекеттің ұстанымын түсіндіріп берудің мүмкіндігі деп қабылдайтыны. Халықаралық тәжірибеде жиі қолданылатын мұндай тәсілді біз соңғы жылдары тым ресмилендіріп алдық. Жаттандылықтың шекпенінде тығылып қалатын мұндай сұхбаттарға халық назар аудармады, қоғамның назарын аударуға себеп болған фактор да болмады. Бұл жолы Мемлекет басшысының сұхбатынан әркім өзіне қажетті месседж тапты. Ашып айтылған, астарлап айтылған пікірлердің жаңғырығы қоғамда кеңінен сөз болуда.
Алдағы уақытта БАҚ пен билік арасындағы байланыс жаңа бағытта дамиды. Бұл менің өз ойым. Сұхбат алуды ойлаған әрбір журналист немесе журналиске сұхбат беруді жоспарлаған шенеунік «арадағы әңгіме қоғамға қандай әсер етеді?» деген мәселе төңірегінде ойлануы керек.
Мемлекет басшысынан бастап үкімет мүшелерімен арадағы әңгіме осы форматта дамиды. БАҚ та, билік те бұл мүмкіндікті пайдаланады деп ойлаймын.
Президент сұхбатынан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсындағы жайттарға қатысты ойын ашып айтуы Мемлекет басшысына ауыр екенін байқадық. «Әлеуметтік желілерде Тұңғыш Президент туралы түрлі пікірлер айтылып жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір бар дегендей. Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығармаймын. Бұл – тарихқа құрметсіздік. Егер Тұңғыш Президенттің қателіктері болса, онда бұдан жас басшылар сабақ алуы керек», деді Қ.Тоқаев. Бұдан басқа сөздің салмағы жоқ екенін көзі қарақты оқырман түсінеді деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының ұстанымы мен стиліндегі дипломатиялық сақтық әзірге өзінің миссиясын атқарды. Дәл қазіргідей күрделі кезде Мемлекет басшысының сұхбаты саяси құжаттың салмағын көтеріп тұр. Себебі сұхбат арқылы ел күткен сұраққа жауап берілді. Тіпті алдағы оншақты жылда ашылмайды деп келген біраз мәселелерді ашып айтты. Мысалы, Президент Конституция бойынша екі мерзім бойы қызмет ете алатынын және бұл талапты бұзуға болмайтынын айтып, «Тұңғыш Президент туралы» ҚР Заңына сыни тұрғыдан түсініктеме берді. Мұндай заңдардың алдағы уақытта қажет болмай қалуы мүмкін екендігі де айтылды. Сондықтан Үкіметке немесе халықпен байланыстың бұрынғы тәсілінен айырылып қалғысы келмей жүрген шенеуніктерге «көзілдірігін» ауыстырып, екі жаққа да тиімді форманы қалыптастырудан өзге жол жоқ. Қысқасы, қаңтардағы оқиғаларға ел тарихындағы ең қайғылы оқиға деген баға берілді. Президент ұсынатын жаңа реформаларын күзді күтіп отырмай-ақ Наурыз айының ортасына жоспарланған халыққа Жолдауында айтатынын айтты. «Мен бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағам, бірақ саяси реформаларды наурыздың ортасында халыққа Жолдауымда ұсынатын болдым. Қазіргі таңда жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отырғанын білемін. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп үндеу жолдадым. Онда айтылған мәселелерді көпшілік қолдап отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қаңтар айынан бергі уақыттағы өзгерістер жаңарудың басы екені байқалады. Мұндай жаңаруға бет алған қадамның құны қымбат екенін көріп отырмыз. Жаңа мен ескінің арасындағы күрестің жаңғырығын сезіп жүрміз. Еліміздегі ірі алпауыт компаниялардың жалына жармасып, үлес алып келген делдал компаниялардың аттары аталып, әшкереленіп, олармен келісімдер тоқтатылып жатыр. Көлеңкедегі «алпауыттармен» күресу оңай емес.
Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы үшін, жастардың болашағы үшін тәуекелге бел буып отыр. Саяси элита эволюциялық жолмен жаңарып жатыр. Қателіктің құны ауыр. Дәл қазір халықтың қолдауы ел үшін де, Президент үшін де маңызды.
Эдуард ПОЛЕТАЕВ,
саясаттанушы
АЛМАТЫ