Өңірде жыл басынан бері ондаған жол-көлік оқиғасы орын алып, апаттың салдарынан 14 бала жарақат алды. Олардың төртеуі жаяу жүргінші болса, қалғандары көліктегі жолаушылар. Осы бір деректерді жалғастыра зерттеп, тиісті мамандардың пікірін безбендесеңіз, ең бірінші себеп бейқамдық екен. Бала біткеннің қауіп қайдан деп ойлап, қаперлеріне іле бермейтіні де бар. Демек, ата-аналар мен ұстаздары айтып келмес апаттың, орны толмас өкініштің алдын алуы керек.
Жол-көлік оқиғаларының 70 пайызы республикалық маңыздағы күре жолдарда орын алған. Жиі қайталанатын оқиғаларға сараптама жасаған жергілікті полиция қызметі басқармасы қауіпсіздік шараларын күшейтуге талпынуда. Әйтсе де қайғылы оқиғалар қатары сейілмей тұр. «Өткен жылы 109 жол-көлік оқиғасы орын алып, 8 балдырған қаза болды, 217-сі жарақат алды. 2020 жылмен салыстырғанда апат саны екі есе өсті. Бір айта кетерлігі, он екіде бір гүлі ашылмай өмірден өткен 8 баланың екеуі жаяу жүргінші, бесеуі көлікте келе жатқан жолаушылар, енді бірі мотоцикл жүргізіп, мерт болған», дейді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Құсайынов.
«Біз мектеп оқушыларының санасына жол қозғалысы ережесін сіңірудеміз. Бұл орайда әсіресе бастауыш сынып оқушыларына айрықша назар аударуымыз керек», дейді Көкшетау қалалық полиция басқармасы ювеналды полициясының учаскелік инспекторы Қуат Қажымов.
Апаттың азаймай тұрғанына қарағанда бұл істі әлі де ширата түсу керек. Олқылық статистикалық деректерден де көрініп тұр. Жыл басынан бері 65 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 92 адам әртүрлі жарақат алған. Таяуда ғана бес бірдей адам көлік апатының құрбаны болды. Жол бейқамдықты кешірмейді.
Ақмола облысы