• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2010

КӨКАЛАДАН ҚАУІП КҮШЕЙДІ

473 рет
көрсетілді

Оңтүстік жұртын дүрліктіріп тұрған Конго-Қырым қанды қызбасы кенесін қазақтар көкала деп атаған. Талайы дертті болған. Кеселін анықтай алмай көз жұмған жағдайлары да болған. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің көшпелі алқа мәжілі­сінде республиканың бас мемле­кет­тік санитарлық дәрігері К.Ос­панов 1989 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданында осы көкала шаққан 72 адамның 11-і қайтыс болғанын айтты. Ол кезде аурудың диагнозын анықтауға он-он бес күн уақыт кететін болса, қазіргі халықара­лық жағдайда жабдықталған лаборотория 5-6 сағатта кеселді, кеселді емес екендігіңді көрсетіп береді. Қазір көкала Оңтүстікте құ­ты­рып тұр. Конго-Қырым қанды қызбасынан 8 жағдай тіркеліп, 2 адам дүниеден өтті. Бұрындары қора маңындағы шалғынға шаршағанда аунай кетіп, сәлден соң тұла бойына жабысқан кенелерді алақанымен сыпырып тастап, жүре беретін малшылар қазір сақсынып алды. Онысы жөн енді. Өткен жылы Түркістанда көкала шаққан жас нәрестелі келіншекті емдейміз деп науқаспен бірге операция жасаған біраз дәрігерлердің де қайтыс болғанынан бәрі құ­лағдар. Алқа жұмысына республика­лық ғылыми орталықтардың директорлары, санитарлық-эпи­демиологиялық қызметтің рес­публикалық, облыстық бас­шы­лары, Оңтүстік Қазақстан облыс­тық ауылшаруашылық басқар­масы басшылары, халықаралық СДС, ЮНИСЕФ, Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері қатысып, өзекті мәсе­лелерді талқылады. Көшпелі алқадан Конго-Қырым қанды қызбасының Оңтүстік өңірлердегі қалыптас­қан өзектілігіне байланысты республиканың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері К.Оспанов “Конго-Қырым қанды қызба­сының 2010 жылы Қазақстан Республикасында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайы және табиғи ошақтары туралы” баяндама жасады. Республика көлемінде 2010 жылы өткен жылдың осы мерзі­мімен салыстырғанда, тұмауға шалдығу 3,9 есеге, менингококты жұқпалар 2,1 есе, эпидемиоло­гиялық паротит 48%, педикулез 27,2%, қышыма 27,1 %, жедел ауамен тараушы вирусты жұқпа­лар 17,5%, ротавирусты энтерит­тер 15,6%, мерез 13,5%, ВИЧ 13%, эхинококкоз 11,4 %, тыныс жолдарының туберкулезі 6,1 %, өткір вирусты сары ауру 5,9%, оның ішінде “А” вирусты сары ауру 2,6%, “В” вирусты сары ауру 17,1%, сондай-ақ көкжөтел­дің төмендегені алқада атап өтіл­ді. Қызамық, іш сүзегі, құтыру, лептоспироз, кене энцефалиті жұқпалы ауруларының жағдай­лары тіркелінген. Алқада Конго-Қырым қанды қызбасының Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында қалыптасқан жағдайы, Талды­қор­ған және Қызылорда облыс­тарының обаға қарсы күрес стан­саларының жұмыстары, Алматы облыстық мемлекеттік санитар­лық-эпидемиологиялық қадаға­лау органдарының жеке кәсіп­кер­лік нысандарымен жұмыстар жүргізуі қаралды. Алқа қорытындысында Ко­ми­тет төрағасы – республика­ның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері екінші жартыжылдықта атқаратын жұмыстарды, мақсат­тар­ды айқындап берді. Конго-Қырым қанды қызба­сы, құтыру, сарып және басқа да аса қауіпті жұқпалы аурулар ошақтарында індетке қарсы бағытталған іс-шаралар жүргізу мәселелеріне көңіл бөлініп, тапсырмалар берілді. Қазір баяғыдай емес, су көздері азайып, шөл, шөлейтті жерлер көбейді. Бұл кенелер­дің өсіп-өнуіне жағдай туғызады. Үкі­мет осы дертке қарсы күрес­тің пәрменділігін күшейту үшін Оңтүстік Қазақстан облы­сына 380 млн. теңге бөлді. Об­лыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының бастығы Қанат Ыдырысов осы қаржы есебінен 933 мың 137 ірі қара, 3 млн. 590 бас қой-ешкілердің санитарлық тазалаудан өткенін айтады. Сондай-ақ дәрі бүрку, тоғыту сияқты жұмыстар толығымен аяқталып келеді. Мал қоралар мен көң үйінділері де тазалаудан өтуде. Осы ретте ауыл тұрғындары­ның үкімет жұмыс жасап жатыр ғой деп қағыс қалып отыра­тындығы да айтылды. Малдың бәрі ­– жекеменшік. Ендеше, мал қорадағы көң, қиды сыртқа шығару өз жұмыстары емес пе?! Шымкент қаласының әкімі де бейтарап отыра бермей, қала бюджетінен қаржы қарап, саябақ, сквер, балалардың ойын алаңдарын санитарлық тазалау­дан өткізіп жатыр. Конго-Қырым қанды қызба­сының алдын алмасаң, үлкен эпиде­миологиялық апатқа ұрын­ды­ра­тын кесел. Адамнан адамға жұға­ды. Сондықтан, бұл іске жүрдім-бардым қарауға болмай­ды. Кене шаққан адам лаборото­рияларда тез тексерілуі керек. Емделуге бар жағдай жасалған. Алқа мәжілісінде осы жағы баса айтылды. Бақтияр ТАЙЖАН, ШЫМКЕНТ.