Бір шеті мен бір шеті күншілік жер делінетін, сулы, нулы өңірде жайылымның жетіспеушілігі қаны шығып тұрған шетін мәселеге айналды. Дәл қазір облыста бағымдағы мал үшін 1,7 млн гектар жайылым қажет.
Өңірде 605 елді мекен бар. Шаруашылық есебіне сүйенсек, ауылдағы малсақ қауым 250,6 мың ірі қара, 43,2 мың қой-ешкі, 12,8 мың жылқы бағып отыр. Барлығын қосқанда 811,4 мың бас. Соңғы жылдары жайылымдық және шабындық жердің жетіспеушілігінен шаруаның жігері мұқала бастағандығын айқын аңғаруға болады. Ауыл шаруашылығында алға басқан қадамды кері кетіріп тұрған да осы түйткіл. Бұл мәселе ірі мегаполистермен қатар, шалғайдағы, ат төбеліндей адам қалған ауылдарда да жиі байқалады. Қалалық жерде тіпті күрделі. Мәселен, Көкшетау қаласының іргесінде Нұрлыкөш ауылы бар. Ауыл тұрғындары негізінен облыс орталығында және іргедегі «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамында жұмыс істейді. Істеймін деген адамға жұмыс табылады, әйтсе де, Қырым мен Қытайдан ел тәуелсіздігінің арқасында ата-баба топырағына қоныс аударған қауымның қолы байлаулы. Осы далада ата кәсіп – мал шаруашылығынан несібесін айырған ағайын төрт түлігін өсіріп, ырыздыққа кенелсем дейді. Ал оған жайылымның жоқтығы Абылай аспас асудай жол бермей жатыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қазан айында «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасын ұсынған болатын, – дейді Нұрлыкөш ауылының тұрғыны Дәметкен Есетхан, – бұл жобаның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту да бар. Негізі, қазір мемлекетке алақан жайып отыратын уақыт емес. Он екі мүшесі сау адам жұмыс істеп, өз күнін өзі көруі керек. Біз атажұртқа көшіп келгенде алайық деп емес, Отанымыздың дамуына өз үлесімізді қосайық деп келдік. Әттең шіркін, мал өсіру үшін жайылым мен шабындық болса, бүйіріміз шығып қалар еді. Күнкөріс қана емес, келешегіңді кемел ететін кәсіп емес пе, біздің ауыл тұрғындарының барлығы ата кәсіптің жайын жақсы білетін адамдар, тек бергі жағымызда Краснояр ауылы, арғы жағымызда темір жол. Ала сиыр жаятын алақандай жер жоқ. Мал бағуға жағдай жасалса, ешкімге алақан жаймас едік.
Мұндай келеңсіздіктің белең алып кеткендігі рас. Әр жердің құнары әртүрлі, шөп шығымын есептей келе, өңірде әр қара малға 6,5 гектардан 13,5 гектарға дейін, қой-ешкінің әр басына 1,3 гектардан 2,7 гектарға дейін, ал жылқының әр тұяғына 7,8 гектардан 16,2 гектарға дейін жайылым қажет деп есептелінген. Қазіргі жайылымның көлемін қолда бар мал басына шаққанда 1,7 млн гектар жайылымның қажет екендігі белгілі болады. Өңірдегі Аршалы, Егіндікөл, Жақсы, Зеренді, Қорғалжын, Шортанды аудандарында және Степногорск қаласында жайылым жағдайы тіпті ушығып тұр. Өзге аудандарда қажеттілік 58 пайыздан жоғары. Малды-жанды Ерейментау ауданында 287,6 мың гектар, Зеренді ауданында 180,3 мың гектар, Целиноград ауданында 150,2 мың гектар жайылымдық жер жетіспейді. Бұланды мен Бурабай аудандарында да дәл осындай мәселе туындаған. Өрісі тарылған Сандықтау, Егіндікөл, Астрахан аудандарын да атай кетуге болады. Аудан әкімдіктері ауыл тұрғындары тарапынан орынды өкпе-наз туындауына себепші болып отырған осы жайды біржола шешуге талпынғанымен, әзірге жағдай оңалар емес. Елді мекендер шекарасын анықтап, мемлекеттік қордағы жерді қосқанның өзінде өріс көлемі айтарлықтай өсе қойған жоқ. Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігіндегі жайылымдық жерді алып, оның орнына өзге жерден беріп, амалдауға көшкен.
– 2021 жылы баламалы жер телімдерін беру арқылы 2,1 мың гектар алқап кері алынды, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі Римма Қарымсақова, – шөп шабу және мал жаю үшін жеке тұлғаларға 14,7 мың гектар көлемінде жер берілді, 0,7 мың гектар жердің келісімшарты ерікті түрде бұзылды. Орман алқаптарындағы бос жерлердің 13 мың гектарын ауыл тұрғындары пайдалану үшін келісімшарт жасалған. Сондай-ақ 154,2 мың гектар жайылымдық жер елді мекендерге бекітіліп берілген.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалғандығын да атап өткен болатын. Иә, өкінішке қарай, меморандумның дені жалған болып шықты. Өтіріктің өрісі қысқарған соң 219 келісімшарт ғана қалып отыр. Алдағы уақытта бұл жұмыс әлі де ширатыла түседі.
Ауылдағы әлеуметтік шиеленісті өршітпеу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірлесе отырып, 545 мың гектар жерді пайдалану үшін қала және ауылдық әкімдіктер 219 меморандумға қол қойған. 2018-2021 жылдары жайылымның жетіспеушілігіне байланысты Шортанды ауданының Дамса ауылынан, Зеренді ауданының Бұлақ, Шағалалы ауылдық округтерінен, Целиноград ауданының Оразақ, Қорғалжын ауданының Қорғалжын ауылынан арыз-шағым көп түсті. Бұл елді мекендердегі қордаланып қалған мәселе шаруашылық нысандарымен жайылымды бірлесіп пайдалану туралы келісім жасау арқылы шешілді. Бұл жайды шешудің тағы бір амалы бар, ол көне жайлауларды қайтадан қалпына келтіру.
– Ел рухани жаңғырып жатыр, шаруашылық та сол сияқты ескінің жұрнағын жаңарту арқылы ұйымдастырылуы керек. Мысалы, бағзы замандағы шүйгін жайлауларды қалпына келтірсек ұтымды болар еді, – дейді ел ағасы Амангелді Бекхожин, – мал басы біртіндеп көбейген соң жайылымның керектігі белгілі. Кешегі кеңес заманында сан ғасыр бойы тусырап жатқан Сарыарқаның сайын даласы жөнді-жөнсіз жоспар қуудың кесірінен туталақай болып, танаптар табалдырыққа дейін жыртылды. Бүгін де сол көрініс. Сөйтіп, шөп қоры, шөптің тұқымы жоғалып кетті. Егістік көлемін ұлғайтамыз деп жүріп, елдің малына тиесілі жайылымның азайғаны да рас. Қойды, сиырды, жылқыны тоқымдай жерде топырлатып, иіріп баққан соң тақырға айналмағанда несі қалсын. Кейінгі жылдары екпе шөп алқаптары тозып, өспей қалды. Уақтылы күтілмегендіктен. Есілдің бойындағы кең көсілген жайылымдарда мия, бозғанақ, бұйырғын, тобылғы, бозжусан, қоңыржусан, жержусан, көкпек, балықкөз, тұзжапырақ, ажырық, қарашағыр, ақ шағыр, қарғатұяқ, қоңырбас, ақселеу, кәріқыз, түйежапырақ, бәйшешек, қияқ тәрізді өсімдіктер қаулап өседі. Егер осы жерде жайлау ұйымдастырып, қолда бар малды көктемнен күзге дейін бақса, ауыл іргесіндегі жайылымдар босар еді. Жайлауда мемлекет малға қажетті құдық қазып, жағдай тудырса тіпті жақсы. Мал басын көбейтуге бел буып отырған бүгінгі таңда жаңа агроинновациялық саланың қарқынды дамып, айтарлықтай өнім алуы, алған өніммен толайым елді қамтамасыз етуі үшін өсімдік шаруашылығын түбегейлі зерттеп, оның өнімді пайдалы түрлерін тозып кеткен жайылымдық жерлерге ауыстыруы қажет.
2018 жылы аудандық, қалалық әкімдіктерге Жер Кодексінің 84 бабына сәйкес мемлекет мүддесі үшін жерді қайтарып алуға мүмкіндік берілген. Әйткенмен, қайтарып алу кезінде сол ауылдық округтен дәл сондай жер берілуі қажет. Ал олай жасауға бос жатқан жердің жоқтығы мүмкіндік бермей отыр. Осыған орай бүгінгі күні бұл механизмнің мәселені шешуге қауқары жетпейтіндігін қадап айтуға тиістіміз. Сондықтан Жер Кодексіне тиісті өзгертулер енгізілуі қажет. Мемлекет мүддесі үшін қайтарылған жердің өтеуіне дәл сондай жер телімі берілмейтін болса ше?.. Ендігі бір мәселе, ауылдың іргесіне дейін егістік алқаптарының орналасуы. Бұл өте үлкен қиындық туғызып отыр. Таяуда Садовый ауылында үй салатын жер телімі кезегіне 200-ден астам отбасының тұрғандығын, мал жаятын баланың жаялығындай жердің жоқ екенін ел газеті «Егеменде» жазған болатынбыз. Дәл осындай кері кеткен көріністі көптеген ауылдан көруге болады. Әуел баста ауылдық және аудандық әкімдіктер ауыл шаруашылығы құрылымдарына егістік жерді бөлген кезде ауыл тұрғындарының мүддесін мүлдем ескермеген.
Жоғарыда айтқанымыздай, өтеуге берілетін жер телімінсіз жерді қайтарып алу механизмі орманды алқаптары көп Бурабай, Зеренді, Бұланды аудандарында қолданылса оң болар еді. Курортты аймақтың құйқалы жері ерекше қорғалатын өңір. Сондықтан бұл жерде жаннат жерді бас-көзсіз жырта беруге және болмайды.
Ауылдағы шиеленісті жою, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру төрт түліктің сүмесімен күн көріп отырғандықтан кейін жайылымдық және шабындық жерге тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Мәселе оңынан шешілсе ғана ел ішіндегі өкпе-наз сейіліп, береке кірер еді. Әйтпесе, жайылымы жоқ ауылға жал біте ме?!
Ақмола облысы