2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, мал ұрлығына қатысты қылмыстық жаза күшейтілген еді. Бұл Жарлықтың пәрмені бастапқыда ел ішіндегі мал ұрлығының екпінін азайтқандай болғанымен, қылмыстың тамырына мүлдем балта шаба алған жоқ.
Өкінішке қарай, аймақтарда ақ, адал малынан айырылып қалып отырған адамдар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мысалға, 2020 жылдың алғашқы екі айында Алматы облысы аумағында 77 қылмыс тіркелген. Осы мерзімде аймақта ірі қара мал ұрлығын «кәсіп» еткен 4 қылмыстық топ қолға түсіп, олардың 13 оқиғаға қатысы бары дәлелденген еді. Ал 2021 жылдың сәйкес мерзіміндегі қылмыс саны алдыңғыға қарағанда едәуір көбейген. Жалпы, былтыр облыс полицейлері мал ұрлығына қатысты 583 қылмыстық істі тіркеген көрінеді. Яғни мал ұрлығына қатысты қылмыстың үлесі өзгенің мүлкіне қол салу бабы бойынша анықталған қылмыс санының 12 пайызын құраған. Ал өткен жылы ұрланған малдың жалпы саны 2 885 басқа жетіпті. Оның ішінде 779 бас жылқы, 570 бас ірі қара және 1 473 бас уақ мал ұры-қарыға жем болғаны жайында нақты дерек бар.
Обалы нешік, тәртіп сақшылары мал ұрлығына қатысты арыз-шағымдардың барлығын қарап, із кесуге әрдайым бейіл. Бірақ қылмыстың көбін дер кезінде анықтап, ашу мүмкін емес. Оның бір себебін малы жоғалған ағайынның шағымдануға асықпайтыны мен төрт түлікті өріске қараусыз жіберуінен іздеу керек сияқты. Есесіне, ұрлықы малдың жедел сойылып, базарларға ет күйінде сатылып кететінінен бәрі хабардар. Мұндай жағдайда мал ұрлығының бетін ашу қиынға соғады. Оның үстіне ұрылардың ұйымдасып әрекет ететіні де анық. Яғни бұл қылмысқа баратындардың соңында кәдімгі сыбайластар тобы тұрады. Ұры-қарыға сойысқа қажетті семіз малдың жөнін нұсқайтын адамнан бөлек, қолды болған малдың ізін жасыруға қол ұшын созатын, тіпті сойып, етке өткізуге көмектесетін пысықтар және дайын тұратыны бар. Анық-қанығын кім білсін, ел ішіндегі алып-қашпа сөз мал ұрлығының дер кезінде ашылмауына кейбір тәртіп сақшыларының өздері де мүдделі дегенге саяды...
Облыстағы жағдайға оралайық. Былтыр жетісулық полицейлер мал ұрлығына қатысты 290 қылмысты дер кезінде ашып, ұрыларды анықтаған. Қолды болған 1 456 бас мал өз иелеріне қайтарылған. Ал тиісті құжатсыз мал етін саудалаушыларға қатысты 517 әкімшілік-құқық бұзушылық бабымен хаттама толтырылыпты. Сондай-ақ мал ұстау мен бағу ережесін бұзған 5 431 тұлғаға түрлі шара қолданылып, шектен шыққандарға салынған айыппұл көлемі 4 278 387 теңгені құраған.
– Ата кәсіпке арқа сүйеген өңір үшін мал басының көбейгені керек. Бұл тұрығыдан Алматы облысының аумағында мыңғыртып мал өсіретіндей жағдай бар. Алайда өңірдегі мал ұрлығының саны азаймай отырғаны бұған кедергі келтіретіні анық. Полиция тарапынан қылмыстың жолын кесуге барлық күш жұмылдырылғанымен, мұндай жаман әдетпен қоғам болып күресуге тиіспіз. Ең алдымен, қылмысқа баратын адам мал ұрлығы үшін жазаның күшейгенін білуі керек. Қазір Қылмыстық кодекске енгізілген өзгеріс бойынша, ұрлықпен ұсталған адам 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленеді. Яғни жаза ауыр. Демек мұндай жазадан сескенбейтін адам кәнігі қылмыскер деген сөз. Ал ұры түрмеде отыруға тиіс. Бұған тек тәртіп сақшысы мүдделі болмауы керек. Әсіресе мал иелері сақтықты күшейтіп, қолындағы малды қараусыз жібермегені жөн. Тұрғындарға осы заманғы техникалық мүмкіндіктерге сәйкес, мал ұстайтын қора маңына бейнебақылау камерасын орнату, ірі қара мен жылқы малына арнайы «чип» орнатып, қашықтан бақылау сияқты тәсілдерді ұсынамыз. Негізінен, бұл тәсілдер мал ұрлығының алдын алуға көмектеседі, – дейді облыстық Полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Арыстанғани Заппаров.
Жалпы, Жетсудағы мал шаруашылығымен айналысатын ірі шаруа қожалықтары жылқы мен ірі қара малына арнайы «чип» қондыруды қолға алғаны рас. Мысалы, «Алакөл Асыл жылқысы» серіктестігі заманға сай технология жетістіктерімен жабдықталған. Фермада мал бағудың да жаңаша тәсілі жүзеге асып отыр. Яғни жылқышылар қазір жылқыны бұрынғыдай құрыққа сүйеніп, ізінен аңдып бағудан құтылған. Бүгінде Қамбар ата баласының өрісін, жайылымдағы жүрісін монитордан бақылап отыруға мүмкіндік бар. Мұндағы асыл тұқымды әр жылқыға «чип» орнатылып, ол арнайы GPS құрылғысына қосылған көрінеді.
Алматы облысы