Сапалы білімді қамтамасыз ету мақсатында студенттердің, әсіресе ауыл-аймақтардан келіп оқитындар үшін жатақханалардағы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығы аса маңызды. Бұл мәселені қадағалап отыру мақсатында кез келген оқу орнының басшылығының арнайы жұмыс жоспары белгіленген. Town Hall форматында кездесу барысында ҚазҰПУ-дың басқарма төрағасы - ректоры Дархан Біләлов студенттермен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады.
Іс-шараға университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов және Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков қатысып, сұрақтарға жауап берді.
Студенттердің тұрмыс жағдайын білу үшін жатақханаларды аралап, кездесу өткізіп, университетте жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесімен танысқан ректор білім алушыларды толғандыратын мәселелермен жете таныс екендігін білдірді. Алдағы уақытта да Д.Біләлов барлық сауалдар мен ұсыныстарды тыңдауға дайын екендігін атап өтті. Студенттердің білім беру саласындағы технологияларды меңгерудегі мүмкіндіктері, оқу үдерісінде қолданылатын платформалардың ерекшеліктеріне назар аудару да сапалы білім берудегі басты мәселе. Университеттің инфрақұрылымдық және техникалық оқу құрылғыларымен қамтамасыз ету қазіргі кезде кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Сонымен қатар академиялық үрдістерге де басымдық беріледі.
Ректор педагогтің рөлі мен оның мәртебесіне қатысты мәселелерді де ортаға салды. Бүгінде педагог қызметінің маңыздылығы және оның ел мен өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігі артып келеді. Сондықтан да жаңа білім мен дағдыларды игеріп, оларды үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Болашақ педагог ретінде студенттер қазірдің өзінде өз алдына кәсіби жауапкершілікті арттыру міндетін қоя білуі керек. Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланұлы жатақханаға қатысты сауалдарға жауап бере отырып, университетте білім сапасын арттыру, білім саласына өзгеріс енгізу мақсатында қолға алынып жатқан жобалардың біріне тоқталды. Бұл жоба әлемнің көптеген жоғары оқу орнында жүйелі қолданылып жүрген Honors College жобасы. Жобаның мақсаты – педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын дарынды студенттерге терең біліммен қатар дағдыларды беру. Ол үшін эмоционалды интеллект, критериалды бағалау жүйесі, білім алушылардың, әсіресе мамандандырылған НЗМ, РФММ, БИЛ, BINOM және т.б. мектептерде зерттеу дағдыларын дамыту сынды бағыттар бойынша дарынды студенттер тізімі жасалып, сертификатталған оқыту бағдарламалары енгізілетін болады.
Департамент директоры Хайрулла Жанбеков оқу үдерісі мен оқу форматы, ауысу, академиялық ұтқырлыққа қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Town Hall форматындағы кездесуде студенттер өз идеялары мен пікірлерін, ұсыныстарын еркін білдіріп, сұрақтар қойды. Осындай кездесулердің арқасында университет алдында тұрған өзекті мәселелер бойынша өз пікірлерін қалыптастыра алатын білім алушылардың, профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің саны артып келеді.
АЛМАТЫ