• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 24 Ақпан, 2022

Талант және тәкаппарлық

507 рет
көрсетілді

Өлеңге дүниедегі өлшемнің бәрі де сыяды. Ақынның бойын­дағы барлық қасиет өлеңнен кө­рініс табады. Әдетте көп жұрт ақын­дарды тәкаппар келеді деп ой­лайды. Алайда өлеңдегі тәкап­парлықтың жөні бір басқа. Әр­кімге соқтығу, өзінен басқаны көз­ге ілмеу, өзін өзгелерден биік са­нау бәлкім тәкаппарлық емес, та­сырлық болар.

 

Біз рух деген дү­ниеге көбірек ден қоямыз. Осы рух биіктігінің бір көрінісі өлең­дегі тәкаппарлық шығар деген ой келеді кейде. Сондықтан өлеңге бәрі де жарасады. Нені айту емес, оны қалай айту керек деген ежелден бар қисынға салсақ та, көп өлең өзін ақтап алып шығады.

Құдай мен қалам иесінің өзара байланысы бізге тәкаппарлық­тың бір көрінісін аңғартатын­­дай. Жалпы, Құдай ұғымы көркем ойлаудың ең биік эталоны десек, бұл хақында ақындар да жиі тол­ғанған. Әрине, Еуропаның кейбір шайырлары сияқты Құдаймен, тағдырмен ойнау мағынасында емес. Мұқағали «Сөредегі кермені кесіп өтсем, маған әлі келмейді Құдайдың да», дейді. Ақынның бұлай деуінің себебін кеңестік саясатпен де байланыстыруға болатын шығар. Бірақ біздіңше бұл кейде әлсіз болжам болып кө­рінеді. Шайырдың кеудесіндегі бұла тасқын оған осы сөзді айт­қызды. Жалпы, Мұқағали шы­ғар­машылығына зер салсақ, ақын өлеңдерінде кешегі күннің ық­палына жығылған, көркем шын­дықты көрінеу өзге арнаға бұр­ған сәтін кездестіре алмаймыз. Сондықтан да бұл сөзі ақынның өз мені, ішкі асқақтығы, тіпті та­лант тәкаппарлығы дер едік. Олжас Сүлейменовтің бір өле­ңінде «Пушкинді көрген, Құ­дай­ды көрген деп білем» деген сөз бар. Кей жағдайда өре түре­гелетін-ақ жолдар. Бұл кейде біз­дің пендеден пайғамбар көргі­міз келген мінезіміз сияқты. Бол­­маса қиялдан немесе қолдан жа­сай­тын әдетіміз секілді. Әрине, Құдай қайда, Пушкин қайда? Қай қисынға салсақ та қабыспайды. Бірақ шын поэзияның рухы қара­пайым пенденің жербетілік ойынан әлдеқайда тылсымға тартып кететінін білеміз.

«Бұйырса,

Шөлге көл боп түнегенмін,

Жел болып көк теңізде

түлегенмін.

Қара Жер,

Қария Жер,

Табын маған!

Тәңірің,

Құдайың да – мына менмін!..» Олжас Сүлейменов «Адамға та­бын, Жер енді» поэмасында осы­­лай деп жібереді. Бұл жерде де ақын өзінің емес, адамзаттың атынан сөйлеп тұр. Сондықтан да бұл жолдардан астамсу мен күпірлік емес, ақынға тән мінез, тәкаппарлық аңғарылады.

Өміршең өлеңнің мәні тау­дан биік, теңізден терең. Бұл әри­не өзіміздің білетін жаратылыс­тармен алғандағы өлшем ғана. Ал өлеңнің құдіретін тап басып, анықтап берген ешкім жоқ. Дегенмен ғайыптан ақынның кеу­десіне сәуле сияқты болып түс­кен шығарма біз ойлаған кеңіс­тіктен де ары кетуі мүмкін. Жұ­мекен Нәжімеденов «Жо-жоқ Құдай емеспін, пайғамбармын жай ғана», деп не үшін айтты екен деп жиі ойланғаныммен, жауабын таба алмадым. Әрине, ол өзін өзі жыр пайғамбарымын деп ойламағаны белгілі. Шын ақынның өлеңді жоспарлы түрде жазбайтыны, айтатын сөзін алдын ала жұптап алмайтыны белгілі. Ақын өзінің талант деңгейі­не шақ келетін тәкаппарлықтан туған жыр шынайылығымен қа­лады. Кейде өзіміз көтере алмай­тын шоқпарды белге байлап алып, ауызға сыймайтын сөзді айтып қаламыз. Қазір әрі-беріден соң бұл сән болған да секілді. Ал айтуға болатын сөз­дің өзін айтқызбайтын қоғамда Жұмекен ақынның бұлай дегені­не қай­ран қалмауға болмайды. Төлеген Айбергенов болса «Мен осынау аспани құдіретіммен, пай­ғам­­барлық етемін жерге түгел», дейді. Орда бұзар отыз жасқа әлі толмаған жігіттің сөзі. Өмір­зақ Қожамұратовтың «Өлең жазып жатқанда, Құдай да бір, мен де бір», дегені бар. Жұма­тай Жақыпбаев «Егер мені көз­ге іл­ме­се құбыла, онда мен де құ­была­ңа түкірдім», деп қат­ты айтады. Мұндай жолдарда ас­там­­шылық емес, талант тәкап­пар­лы­ғының жатқанын көру­ге бола­ды. Әйтпесе, аталған ақын­дар­дың ешқайсысы бір-бір «Құдай» болуға талпынған жоқ қой. Бірақ жанында алаулап тұрған жасын оты ақындарға осындай сөздерді айтқызды. Және мұндай сөздер айтылуы керек еді...

Әдебиетті сол жүйеге, сол қо­ғамға қызмет етуі керек дегенді кеше өзіміз шығарып алдық. Ақын­­дар да сол уақыттың жыр­шы­­сы дегенді жиі айттық. Бірақ тіл де, дін де, ұлттық рух та өгей­сіп, шет­теп қалған кешегі ке­зең­де заманның да, дәуірдің де сы­­зып берген шеңберіне ба­ғын­­­бай, өзіндік «аспани құдіре­тімен» ғарыштық ойларды айта біл­ген ақындар санаулы еді. Мұх­тар Әуезовтің «Мағжан – тәкап­пар ақын» дегені бар ғой. Жал­пы, тәкап­парлықтың өзі тек талант­тар­ға жарасатын тәрізді. Талант тәкаппарлығының биіктігі де, асқақ­тығы да содан болса керек.

 

Жамбыл облысы