Кеше Астанада Еуропа футбол қауымдастығының (УЕФА) кезекті XXXVIII конгресі өтті.
Оған Премьер-Министр Серік Ахметов, ФИФА басшысы Йозеф Блаттер, УЕФА президентi Мишель Платини мен Еуропа елдерінің футбол федерацияларының өкілдері қатысты. Жиынды Үкімет басшысы ашып, сөз сөйледі. Ол УЕФА конгресiнің ТМД елдерi арасында алғаш рет Қазақстанда өткiзiліп жатқанын, біздің еліміз аталған ұйымға бертінде ғана қосылғанына қарамастан, қазірдің өзінде оның жұмысына белсене араласуға дайын екенін айтты.
Келесі кезекте Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков сөз алып, елімізде миллиондаған адамның сүйікті ойынына айналған футболдың даму деңгейіне, соңғы кездері еліміздің түкпір-түкпірінде балалар мен жасөспірімдер, жастар футболына баса мән беріліп отырғанына ден қойып, қазақ футболының дамуына УЕФА-ның үлкен үлес қосқанын атап өтті. Осы жерде ол еуропалық футбол қауымдастығының мамандарының қатысуымен онға жуық семинардың өткенін, осының өзі біздің ел үшін материалдық және методологиялық әдістеме тұрғысынан көмек болғанын жеткізді.
Осыдан кейін Ә.Жақсыбеков УЕФА-мен байланыс одан әрі жалғаса беретінін, өйткені, аталған ұйымның талаптарының арқасында стадиондарды қайта жөндеу, футболды бұқаралық спортқа айналдыру сияқты жұмыстардың жүргізілгенін айтты. Сонымен бірге, ол Қазақстан Футбол федерациясы Италия, Германия, Испания секілді Еуропаның футболы дамыған елдерімен меморандум жасап, келіссөздер жүргізгенінен де хабардар етті. «Осының бәрі Қазақстан футболының Еуропамен тығыз қарым-қатынас орнатып, жаңа қарқын алуына жасалып жатқан шаралар», деді ол.
Конгресте құрметті қонақ ретінде шақырылған ФИФА президенті Йозеф Блаттер де қазақ футболына қатысты өз ойын білдірді. Ол алдымен Қазақстан билігінің футболға деген көзқарасының жақсы екеніне тағы да көз жеткізгенін, қазақ футболына 100 жыл дегеніміздің өзі үлкен оқиға екенін, енді алдағы уақытта УЕФА мен Қазақстан федерациясы бірігіп жұмыс істеуді одан әрі жалғастыра беретінін мәлімдеді. Жиында оның бұл сөзін УЕФА президенті Мишель Платини қолдайтынын жеткізді.
– Қазақстан – керемет ел, Астана – жас әрi әдемi қала. Біз болашақта осындай ғажап елмен байланысымызды әрі қарай жалғастыратын боламыз. 60 жыл бұрын УЕФА құрылған кезде оның XXXVIII кезектi отырысы Қазақстан атты керемет елде және жас әрi ару Астанада өтедi деп кiм ойлаған? – деді ол.
Енді конгрестің өзіне келсек, онда футболды дамытуға байланысты бірнеше мәселе қаралды. Атап айтқанда, УЕФА бастамасымен балалар қоры құрылды. М.Платинидің айтуынша, ол ұлттық қауымдастықтар арқылы жергiлiктi талантты балаларды жаттықтыруға арналады. «Алдыңғы күнi УЕФА-ның атқарушы комитетi аталған қорды құру туралы құжатқа қол қойды. Ендi бiз оны іске асыруға атсалысатын боламыз», дедi УЕФА президенті. Сонымен бірге, ол аталған қордың тек Еуропада емес, жер жүзінің басқа да елдерінде мұқтаж балаларды қаржыландыру бағдарламаларымен айналысатынын атап көрсетті.
Конгресте бойкот мәселесі де сөз болды. Бұл туралы М.Платини қазіргі кезде көптеген елдер саяси жағдайға байланысты өздеріне ұнамаған мемлекеттерге бойкот жариялауға дайын тұратынын, егер бойкот жасағысы келсе, экономикалық санкциялар, басқа да жолдар арқылы бойкот жасауға болатынын, ал бірақ та оның спортқа ешқандай қатысы болмауы керектігін мәлімдеді.
Кешегі жиында, сондай-ақ, «Ұлттар лигасы» жобасы мақұлданды. Бұл лига 2018 жылғы әлем чемпионатынан кейін қолданысқа енеді. Қазақстан Футбол федерациясының хабарлауынша, аталған жоба ұлттық құрамалар арасындағы жолдастық кездесуді алмастыруы мүмкін. Әзірше турнирге 4 топқа бөлінген 16 команда қатысады деген дерек қана бар. Бұл идеяны конгресте 54 елдің өкілдері бірауыздан қолдады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».