• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2014

Ұлттарды ұйыстырған ұя

1043 рет
көрсетілді

Еліміздің қай өңірін алсаңыз да, көпұлтты болып келеді. Ұлтаралық қатынас өте кірпияз. Сондықтан да бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау ғана саяси тұрақтылықтың кепілі бола алады. Шүкір, Қазақ­станның қай өңірін алсаңыз да, қайсыбір елдердегі­­­­­дей ұлтаралық алауыздық пен дау-дамай, жан­жал туған емес. Ұлтаралық татулықтың тұғырын бекі­туде Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор. Біз Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хат­­шы­лығы меңгерушісінің міндетін атқарушы Зәм­­зегүл Бимағанбетовамен кездесіп, осы бағытта жаса­­­лып жатқан жұмыстар жайында әңгімелескен едік. – Зәмзегүл Әділгерейқызы, әңгіме­ңізді өңірде қанша ұлттың өкілдері тұратынынан, сондай-ақ, олардың ара­­­сын­да­ғы татулықтың қайдан та­мыр тартатынынан бас­та­са­ңыз. – Облыс аумағында қазірде 807 800 адам тұрады, соның 491 мыңнан астамы қалалық, қалғаны ауылдық жерлерге қоныстанған. Ал жалпы ұлттық құрамына келсек, 90-ға жуық ұлт өкілдері өмір сүруде, өңір халқының 79,5 пайызын қазақтар құрайды. Басқа ұлттардың арасындағы ең көбі орыс­тар, одан кейін украиндар мен татарлар болып келеді. Олар­дың басым бөлігі – кешегі пат­­­­­шалық Ресейдегі Столыпин ре­формасы кезінде Ресей мен Украинадан қоныстануға келгендер, сталиндік қуғын – сүргін кезін­де депортацияланған және тың иге­руге келген ұлттардың өкілдері. Олар – қонақжай қазақ хал­қының қайырымдылығын көрген ұрпақ. Оның үстіне тәуелсіз мемлекетіміздің ұлт­­­ара­лық қаты­наста ұстанған сая­саты да эт­ностардың өзара досты­ғы мен бір­лігін нығайтуға бағыт­тал­ған. Елбасы бастамасы­мен құ­рылған Қазақстан халқы Ассам­блеясы ұлтаралық тату­лық пен бірліктің, этностар ара­сындағы өзара достықтың бұрын­нан қа­лыптасқан ахуа­лын анағұрлым жақсартуға ықпал етуде. Қасиетті қазақ жерін мекендеген әр ұлттың өзінің салт-дәстүрін, әдет-ғұр­пын, мәдениеті мен тілін сақ­тауға жағдай туғызылып отыр. Әр жылдары тағдырдың жазуымен Ақтөбе өңіріне табан тіреген көптеген ұлттар тамырын тереңге жайып, қазақ халқымен біте қайнасып, бірлігін бекітіп, достығын нығайтты. Облыстық Қазақстан халқы Ассамб­леясы 1995 жылы құрылғаннан бері өңір этностары арасындағы татулық пен тұрақтылықты, бірлікті қалыптастыруда елеулі істер тындырып келеді. Оның құрамы қазірде 150 адамнан тұрады. Олардың қатарын­да өңір этностарының белгілі де білікті жетекшілері мен өкілдері, сондай-ақ, қалалар мен аудандар әкім­дері, облыстық және аудандық мәс­лихат хатшылары, мүдделі басқар­малар мен департаменттер басшылары бар. Облыстық ассамблея ай­мақ­та ұлтаралық қатынастарды, тұрақ­­тылықты және өзара келісімді қамтамасыз ету бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Ассамблея құрылғаннан бергі 19 жылдай уақытта өңірдегі тіркелген этномәдени бір­лестіктер саны бастапқыдағы бес­тен он тоғызға дейін өсті. Жеті аудандық филиал жұмыс істейді. – Ассамблеяның, оның хатшы­лығы қызметінің басым бағыттары қандай? – Ассамблеяның негізгі қызметі – ұлтаралық бірлікті, татулықты, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайту және елімізді мекендеген этностардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамыту. Мұндай игілік­ті істерде облыстағы этномәдени бірлестіктер бірегей буын ретінде оң нәтиже беруде. Жергілікті атқарушы органдар олардың жұмысының қалыпты жүруіне қолайлы жағдай жасап отыр. Қазіргі таңда этномәдени бірлестіктер облыста өткізілетін кө­­птеген қоғамдық маңызды шара­лардың қатысушылары ғана емес, бастамашылары да. Облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы хатшылығы, ашылғанына 5 жыл болған облыстық Достық үйі және этномәдени бірлес­тіктер өкілдерінің күш біріктіруімен халықтық мерекелер мен «этнос» күндеріне бағыт­тал­ған салтанаттар мен атаулы іс-шара­лар кең көлемде ұйымдастырылып, ор­тақ мақсатта өткізілуде. Еліміздегі барлық мемле­кеттік мерекелер өңір­дегі барша этнос өкілдері көптеп қаты­са­тын мәдени-рухани шаралармен айшықталады. Мұндай мерекелер этностарды бір-біріне жақындата түседі, өзара байланыстарын нығайтады. Жыл сайынғы Елбасы Жолдауын ха­лық­қа жеткізу, насихаттау және түсінік жұ­мыс­тарын жүргізу үшін этномәдени бір­лестіктердің беделді мүшелерінен мобильді топтар ұйым­дастырылып, жүйелі жұмыс істеп келеді. Соны өз көзімізбен көру мақ­сатында биылғы ақпан айында көп­ұлтты Мәртөк ауданында болып қайт­тық. Сондай-ақ, облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясының хат­шылы­ғы облыстық мәдениет басқар­масымен және облыстық Достық үйімен бір­лесе отырып, жыл сайын 1 Мамыр мере­кесінде облыстық халықтар достығы фестивалін өткізуді үрдіске айналдыр­ды. Осы мереке қарсаңындағы басқа да іс-шаралар аясында әр ұлт­тың өкіл­дері өнерден сынға түсетін бай­қау­лар, түрлі көрмелер өткізілуде. Бұл достықта шекара жоқ екенінің бір дәле­лі болса керек. Осындай шара­лар­дың нәтижесінде еліміздегі этностар бірін бірі бұрынғыдан да тереңірек танып, татулықтың тұнығына қаныға түседі. Біз бірыңғай мәдени-көпшілік шаралармен шектеліп қалмаймыз. Этно-мәдени бірлестіктер көшбасшыларының ой-пікірін білу мақсатында ішкі саяси мәселелер және оларды шешу жолдарын анықтайтын ұсыныстарды ортақ талқылау үшін ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіп тұрамыз. Облыстық этномәдени бірлестіктер өкілдері этностар шо­ғыр­­­лана орналасқан елді мекендер тұр­ғындарымен, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, мектептердің ұжымдарымен кездесіп, жасөспірімдер мен жастар арасында қоғамдық келісімді нығайтуға атсалысуда. Сондықтан да ұлтаралық ынтымақтың ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік ұйымы аймақты мекендеген этностардың тарихи отандарымен де байланысты дамытуға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін шетелдер мен көршілес Ресей өңірлеріне насихаттау бағытында да ұдайы іс-шаралар жүргізіп отырады. – Мұндай іс-шараларды өткізудің қаржыға тірелетіні белгілі. Бұл мәселе қалай шешілуде? – Облыстық Қазақстан хал­қы Ас­сам­блеясын дамыту шаралары өңір­де негізінен түрлі бюджет­тік бағ­дарламалар аясында қаржылан­дырылады. Оның ішінде тек этномә­дени бірлестіктердің, олардың шы­ғар­машылық ұжымдарының ұйымдас­тыруымен және қатысуымен өткен шаралар мен олардың жексенбілік мектептеріне 2013 жылы 13,5 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, толықтай игерілді. Облыстағы этномәдени бірлес­тік­­тердің белсенді жетекшілеріне ынталандыру сыйлығы ретінде жыл сайын облыс әкімінің атаулы гранттары табыс етіледі және оның көлемі жыл сайын ұлғайтылуда.  – Хатшылық мұрындық болатын көптеген іс-шаралар негізінен Достық үйінде өткізіледі. Сөз соңында осы шаңырақпен таныстыра кетсеңіз артық болмас еді? – Достық үйі ұлттарды ұйыстырған достық ұясы десе де болғандай. Біз­дің жұ­мысымыздың жүйелі түр­де ұйым­шы­л­дықпен өткізілуіне облыстағы 20 этномәдени бірлестіктің Достық үйінде бір шаңырақтың астында болуы да игі ықпал етуде. Кең де жарық еңселі об­лыс­тық Достық үйінен олардың әр­қай­­сысына қажетті қондырғылармен жарақтандырылған кеңселік бөлмелер бөлінген. Мұнда 300 орындық концерт, хореография және дайындық залдары, оқу сыныптары, лингафондық бөл­­ме, конференц зал, мұражай және ка­фе, дыбыс жазатын және бейнестудия, басқа да орындар бар. Осында бар­­лық этномәдени бірлестіктердің көр­кемөнерпаздар ұжымдары жұмыс іс­тейді. Оның жетеуі «Халықтық», бі­реуі «Үлгілі» өнер ұжымы болып табыла­ды. Басқа да үйірмелер, жастар клубтары жоспарлы жұмыс жүргізеді. Бір сөз­бен айтқанда, ұлтаралық бірлік пен ын­тымақтың тұғырлы болуында әр ақ­тө­беліктің азаматтық үлесі бар деу орынды.  Әңгімелескен  Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». АҚТӨБЕ.