Күні кеше Үкімет утиль алымының жаңа мөлшерін жариялап, ол небәрі 50%-ға төмендеді. Біз бұған келіспейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы оқиғадан кейін халыққа деген қиянат олигополияның кесірінен болғанын, халықты түтіп жеп жатқан осы олигархтар екенін айтқан болатын. Сондықтан Үкіметке тиісті тапсырма берген еді. Алайда Президент тапсырмасы жартылай ғана орындалып жатыр.
«ӨКМ оператор» ЖШС үлкен жемқорлық схемасының бір ғана бөлшегі еді. Оның қызметі «Жасыл даму» АҚ-ға берілгенімен, жемқорлық схемасы жойылған жоқ. Бұрынғы қалыпта «қызмет ете беретін» секілді.
Үкімет пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ең алдымен еліміздегі автокөлік құрастыру саласын қолдауға мүдделі. Ал еліміздегі Экологиялық кодексте утиль алымының қағидасы анық жазылған. Утиль алымы дегеніңіз – нақты кәдеге жарату үшін жасалатын төлем. Біз бір нәрсені түсінбейміз, қазақстандықтар жеке автоөндірісті қолдау үшін неге қомақты қаражат төлеуге тиіс? Тіпті бұл отандық автоөндіріс те емес. Локализация да жоқ. Біз оны көптен бері айтып жүрміз. Тиісінше, елімізде құрастырылатын қай автокөліктің болсын қосалқы бөлшегі жасалмайды. Барлығы шетелден сатып алынады. Яғни сіз бен біз утиль алымына төлеп жүрген қаражаттың бір бөлігі шетел асып жатыр.
Сондықтан біз отандық автоөндірісті емес, шетелдік өндірушілерді қолдап жүрміз. Мұны әділдік деп айтуға келмейді. Бұл ретте біз Экологиялық кодекске бірқатар өзгеріс енгізуді талап етеміз.
Неліктен «Жасыл даму» АҚ-ға шектеусіз құқық беріліп, олар өз кезегінде жеке автоөндірісті қолдап отыр? Ендеше, Үкімет халыққа утиль алымын төлеуге міндетті екенін ашық айтсын. Қитұрқы әрекетті утиль алымына жасырудың қажеті жоқ. Немесе жеңіл көлікке утиль алымын 100 мың теңге мөлшерінде етіп, сосын тағы жеке автоөндірісті қолдауға қаражат төлеуді міндеттесін. Түсініксіз, мәнсіз һәм мағынасыз шығынды төлеуге қазақстандықтарды қалай міндеттейтіндерін көргім келеді.
Санжар БОҚАЕВ,
саясаттанушы