Алматы аясындағы ауылдарды дамыту мәселесі өзекті. «Шетсіз қала» бағдарламасы бойынша оңтүстік астана маңын таяу жылдарда көркейту қала әкімдігі үшін назар аударатын келелі мәселе.
Инфрақұрылымдармен қатар, жұртшылыққа қызмет көрсететін мекемелерді талапқа сай жетілдіру уақыт күттірмейді. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев шет аудандарды аралау кезінде бірқатар кемшілікке көз жеткізіп, таяу арада шешуге тиіс жобаларды жүзеге асыруға тапсырма берді. Түрксіб ауданындағы жұмыс сапарын «Әлмерек» шағын ауданынан бастаған қала басшысы қазіргі кезде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер өткір тұрғанын атап өтті. Мұнда өткен ғасырдың 80-жылдары салынған тұрғын үйде жұмыс істеп тұрған дәрігерлік амбулатория санитарлық нормаларға сай емес және жөндеуге де келмейді. Ал 300 оқушы орынға есептелген №195 жалпы білім беретін мектепте 741 оқушы білім алуда.
Көшпелі кеңес барысында қала әкімі күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстармен танысты. Жайлы қалалық орта басқармасына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп ағымдағы жылы медициналық нысанның құрылысын жобалауды бастау және басқа да әлеуметтік нысандардың: балабақшаның, спорт және балалар алаңдарының құрылысын одан әрі жүргізу мәселесін пысықтау, сондай-ақ №195 мектепке қосымша нысанның 450 орынды құрылысын жобалау мерзімін жеделдету және ағымдағы жылы құрылысты бастау туралы тапсырма берді.
Қазіргі кезде Түрксіб ауданында назар аударатын өзге де мәселелер жеткілікті. Осы орайда тұрғындарды орталықтан сапалы сумен және су бұрумен қамтамасыз ету мақсатында биыл шағын ауданда инженерлік желілердің II кезеңінің құрылысы басталып, сумен – 287, су бұрумен 519 үйді қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жұмыс сапары барысында қала әкімі «Авиатор» стадионының аумағын аралап көріп, 3 гектар аумақта орналасқан спорт нысанының басым бөлігі бос тұрғанын көрді. Осыған байланысты денешынықтыру-сауықтыру кешенін жобалау туралы шешім қабылданып, алдағы уақытта ондағы секцияларға «Нұршашқан», «Әлмерек» шағын аудандарының, сондай-ақ әуежай маңындағы тұрғын үй алабының балалары тегін қатысуы қажеттігі тапсырылды. Сондай-ақ стадионды жаңғыртуға назар аударылып, көрермендер трибуналары мен киім ауыстыратын бөлмелер жөнге келтіріліп, жүгіру жолы салынатын болады. Сондай-ақ қала басшысы Огарев көшесіндегі жұмыс істемейтін бұрынғы ведомстволық балабақшаның аумағын пайдалану жоспарларымен танысты. Мұнда әрқайсысы 160 орынды мемлекеттік заманауи балабақша мен балалардың даму және шығармашылық орталығының құрылысы жобалануда. Қазіргі кезде 400-ге жуық бала кезекте тұр, әзірге 280 орынды бір ғана №185 мемлекеттік балабақша жұмыс істеп тұр. Осыны ескере отырып, қала әкімі жобалау жұмыстарын ағымдағы жылдың III тоқсанының соңына дейін аяқтауды тапсырды. «Қайрат» шағын ауданында 41 көппәтерлі тұрғын үйдің, 1 500 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылысымен, емхана мен балабақшаны жобалау барысы да әкім назарына ілікті.
Сумен жабдықтау және кәріз мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінде 200-ге жуық үй жобаға әлі кірмеген. Қаланың Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына абоненттерді желілерге қосу жұмыстарын шұғыл аяқтауы тиіс.
Шаһар басшысы өткен ғасырдың 30-жылдары салынған мемлекеттік тілде оқытатын №59 мектеп-гимназия жұмысымен де танысты. Қазіргі кезде 860 орынды мектепте 1 251 оқушы білім алуда. Ағымдағы жылдың ақпан айында мектеп-гимназияның жанынан қосалқы нысан салу жөніндегі жобалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың қортындысын алды. Қалалық жайлы орта басқармасына реконструкциядан соң спорт алаңын абаттандыру үшін тиісті аумақты кеңейту тапсырылды. Сондай-ақ қала әкімі ескі үйлерді реновациялау аясында салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты. Мұнда Сауранбаев, Молдағалиев, Чернышевский, Толстой көшелерінің шаршысында 4 үй бұзылып, 3 үй салынды, 7 үйдің құрылысы жалғасуда. Жалпы, Түрксіб ауданындағы 606 үй реновация бағдарламасына жатады, бұл Алматы қаласындағы ескі тұрғын үйлердің жалпы санының 50 пайызын құрайды. Әкім сонымен бірге ауданды абаттандыру, Оқушылар үйінің жанында орналасқан скверді жаңарту және жаңа рекреациялық аймақтарды құру жобаларымен танысты.
АЛМАТЫ