Астықты Ақмола облысы биыл 4 миллион 200 мың гектарға ырыздық дәнін себуді жоспарлап отыр. Өткен жылдардағы сияқты биыл да ауылшаруашылық дақылдарын орналастырудағы әртараптандыру қадамдары жалғасын таппақ.
Диқандардың есебі бойынша, биыл майлы дақылдар егістігінің ауқымы 271 мың гектарды құрайды. Бұл былтырғы жылғы деңгейден 20 мың гектарға жуық көп. Ал көпжылдық шөпті қосып есептегенде мал азықтық екпе шөп ауқымы жарты миллион гектардан асып түспек. Бұған қажетті тұқым қоры алдын ала дайындалып қойылған.
Жалпы, облыс бойынша көктемгі егіске қажетті тұқым қоры 529 мың тоннаны құраса, ол толық құрамда құйып алынған. Оның 330 мың тоннасы сұрыптау сынақтарынан өткізілді. Қазір тұқым тазалау жұмыстары қарқын алуда.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласбаевтан көктемгі науқанды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету жайы туралы сұрағанымызда, дайындық былтырғыдан анағұрлым жақсы екендігін білдік.
– Үкімет күні кеше облысымызға әр тоннасын 98312 теңгеден 65 мың тонна дизель отынын бөлді, – дейді ол. – Осы тақылеттес көмек басқа да материалдарға кепілді түрде берілетін болады. Бұл диқандар қауымын жігерлендіре түседі. Бүгінгі күні жауапты науқанға қатысатын техниканың 78 пайызы дайындық сапына қойылды. Астықты алқаптарға 17 мың дана дән сепкіш шығарылса, оның 923-і жоғары өнімділіктегі тұқым себу кешендері.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.