Қарағанды облысының қаржы полициясы мектеп мүлкін бас пайдасына жаратқан директорды ұстады. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Қаржы полициясы Ұлытау аудандық білім беру бөлімінің әкімшісі мен №18 мектеп директорының үстінен қылмыстық іс қозғады. Олар мектептегі 130 тонна көмірді сатып, одан түскен ақшаны қалталарына салған. Осыған байланысты білім бөлімінің шенеунігі мен мектеп директорына қатысты қаржы жымқыру және сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу фактісі бойынша айып тағылып отыр. Екеуіне де кепілдік түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
«Қаржы полициясы департаменті жедел іздестіру шаралары барысында Ұлытау аудандық білім беру бөлімінің әкімшісі мен осы жергілікті жердегі №18 орта мектеп директоры тарапынан сеніп тапсырылған мүлікті ұрлау және ысырап ету фактісін анықтады. Нақты айтқанда, олар жалпы сомасы жарты миллион теңгені өзара бөлісіп алған»,-дейді облыстық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Сүлейменова.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Хабар» телеарнасы.
Фото: www.Ktk.kz.