• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Наурыз, 2022

Әділдіктің жеңеріне сенгенбіз

251 рет
көрсетілді

Қазір азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, жұмыс жағдайын жақсартуға, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз етуге баса маңыз беріліп отыр. Бұл ретте кәсіподақ қызметінің орны ерекше екенін де айта кетейік.

Осыған байланысты біз де жұмыс берушілер мен жұмыс­шылардың арақатынасын реттеп отыратын кәсіподақ құру талабын бастағанбыз. Бірақ Сыр бойында мұнай өндіретін «КазПетролГрупп» компания­сы бас­шылығы біздің бұл тала­­бы­­­­мызды теріс көрді. Құп­та­ма­ға­ны былай тұрсын, сол үшін жұмы­сымыздан боса­тыл­дық. Дегенмен, алған беті­міз­ден таймадық. Ең бас­ты­сы – әділ­діктің жеңеріне сен­дік. Об­лыстық кәсіподақтар ор­талығына, еңбек саласын­дағы бақылау басқармасына жүгі­ніп, қалалық сот шешімі арқылы жұмысымызға қайта оралдық.

Бақандай төрт ай бойы бізді сарсаңға салған мәселе былтыр­ғы жылдың қыркүйек айынан басталған еді. «КазПетролГрупп» мұнай компаниясында жұмыс істейтін бір топ жұмысшы өзара ақылдаса келіп, кәсіподақ ұйымын құруды жөн деп тапқанбыз. Бірақ, бұл ойымызды басшылық құптай қойған жоқ. Керісінше, түрлі жолмен қатарымызды сиретуге тырысып бақты. Ол ойлағандары іске де асып жатты. Тек 12 жұмысшы ғана бастапқы ойымыздан айнымай, «Қызылорда облысы кәсіподақ орталығы» арқылы кеңестер алдық. Бірақ жұмыс беруші мен жұмысшы арасын­дағы қарым-қатынасты реттейтін ұйым құруға кіріскенімізге ай тол­май жатып бізбен компания ара­сында жасалған келісім-шарт бұзылды. Мына заманда жұ­мыс­сыз қалу кімге де оңай емес. Мәселені заңды жолмен шешу үшін «Қызылорда облысы кәсіподақ орталығынан», ең­бек саласындағы бақылау бас­қар­масынан құқықтық көмек сұра­дық. Олар аз уақыттың ішінде мәсе­лені зерттеп, құқығымызды қор­ғауға белсене араласты. Кәсіп­одақ орталығының бастамасы­мен мәселеміз әлеуметтік әріп­те­стік жөніндегі облыстық үшжақ­ты комиссияның қарауына шығарылып, кәсіподақ алаңында бірнеше рет талқыланды.

Жасыратыны жоқ, көтерген бас­тамаңның дұрыстығын дәлел­дей алмай жігерің – құмға, ынтаң – ұнға айналатын кездер де болады. Осындайда тиісті орындарға жүгінесің. Бұл ретте қалалық сот­тың жұмыс берушінің бізбен еңбек шартын бұзу әрекетін заңсыз деп танығаны біздің талабымыздың дұрыстығын дәлелдей түсті. Сотта бізбен еңбек шарты бұзылғанда Еңбек кодексінен 2020 жылғы 4 мамырда алынып тасталған 50-баптың 3-тармағы негізге алынуы заңсыз екендігі анықталды. Судья Меруерт Тоғызбаеваға істі әділ қарап, біздің жұмысымызға қайта тұру, мәжбүрлі бос жүр­ген уақытымызға жалақы төлеу туралы арызымызды қанағат­тандырғаны үшін алғыс айтамыз.

Бұл сот ісі Кәсіподақтар феде­рациясының ерекше назарында болды. «Қызылорда облысы кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, оның орынбасары Марат Бәйімбетов, осы орталық өкілі Майра Боранбаева қиын сәтте қасымыздан табылды.

Сонымен әділдік жеңді. Сот шешімімен жұмысымызға қайта орналастық. Ақпанның жиырма бірі күні «вахтаға» аттанып кеттік. Кәсіподақ ұйымын құру туралы ойымыздан әлі айнығанымыз жоқ. Ұжымдағы жағдайды Кәсіп­одақтар федерациясының бақы­лауында ұстайтын болды. Осы орайда біздің құқығымызды қор­ғауға көмек берген азамат­тар­дың барлығына Алғыс айту күні өзіміздің ризашы­лығымызды жеткізгіміз келеді.

 

Азамат ҚАЛЖАНОВ,

«КазПетролГрупп» компаниясының мұнайды дайындау және айдау операторы