• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2014

Жүзеге асқан жоба

276 рет
көрсетілді

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті қазақстандық филиалының директоры, профессор, Университеттердің еуразиялық ассоциациялары атқарушы комитетінің төрағасы Александр СИДОРОВИЧПЕН әңгіме. – 2001 жылы Астанада М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы ашылды. Еліміз үшін бұл филиалдың қаншалықты маңызы бар? – Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің қазақстандық фи­лиа­лының ашылуы – осы оқу ордасының тарихындағы және қос елдің қарым-қатынасындағы маңызды оқиға. Менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлының Мәскеу мемлекеттік университетінің 250 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде бұл филиалға жаңа белестің белгісі ретінде қарауы тегін емес. Бұл оқиға жаңа заман ырғағына сәйкес, елді дамыту, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жай ғана жоғары білікті мамандар емес, XXI ғасырдағы жағдайға бейімделген, соған сәйкес, әлемдік деңгейдегі базалық білімді иеленген мамандар қажет екенін көрсетіп берді. Міне, Мәскеу мемлекеттік университеті әлемнің ең озық университеттерінің арасында осындай қағидаттарды ұстануымен беделді. Қазіргі таңда дүниежүзінде оның түлектерін осы үшін де бағалайды. Филиал елдің қажеттіліктеріне бағытталған және оның стандарттарына толықтай жауап беретін әлемдік деңгейдегі білімге қолдау көрсетудің бір элементі болды. Бұл жерде мынаны еске түсірген жөн. Қазақстан сонау 1990-жылдардың өзінде жыл сайын Мәскеу мемлекеттік университетіне осы оқу ордасының есебінен ең үздік студенттерді жіберіп, сол арқылы Қазақстан мен ММУ арасындағы ғылыми байланыстарға қолдау көрсетіп отырды. Бұл ретте, біз филиалдың Мемлекет басшысының сенім үдесінен шығып келе жатқа­нына қуаныштымыз. 2014 жылы филиал қа­быр­ғасынан Мәскеу универ­ситетінің ең үздік деген түлектері­мен иық тірестіре алатын, озық деңгейлі біліммен қаруланған 1000-нан астам түлек түлеп шығады. Олардың барлығы қазірдің өзінде жас мемлекет – Қазақстанның нығаюына белгілі бір мөлшерде үлес қосуда. Филиалдың бір ерекшелігі – онда негізгі және іргелі университеттік жүйе құрылған, онда еуразиялық және жоғары сапалы білім қағи­даттары біріктірілген. Басқаша айтқанда, Қазақстанда кіші «Мәскеу университеті» құрылған деп те айтуға болады. – Филиалдағы оқыту жүйе­сінің артықшылығы неде? Қан­дай бағыттар бойынша дайын­дықтар жүргізіледі? – Бүгінде қазақстандық филиал­дың ұжымы Мәскеу мемлекеттік университетінің факультеттерімен тығыз байланыс орнатқан мүд­делестер мен пікірлестердің ұжы­мына айналды десек те болады. Соның арқасында ол жоғары кәсіби білікті кадрларды дайындау туралы мәселенің шешімін ойдағыдай тауып келеді. Қазіргі таңда филиалда шамамен 600-ге тарта студент пен магис­трант 5 бағытта білім алуда. Олар: ме­ханика-математикалық, есептеу математикасы және кибернетика, экология және табиғат­ты пайдалану, экономика, сон­дай-ақ, филология. Филиалды да­мытудың болашақтағы бір бағыты – магистратура. Бүгінде филиалдағы магистратура белсенді түрде дамып келеді. Қазіргі таңда ма­гистратурада ММУ-дің ғана түлектері емес, қазақстандық уни­верситеттердің үздік түлектері де білім алуда. Барлық студенттер мен магистранттар тегін, яғни Қазақстанның білім гранттары есебінен білім алады. Конкурсқа қабылдау жүйесі арнайы сынақтар негізінде жүзеге асырылады, оқыту үдерісіне университеттің 150-ден астам оқытушысы қатысады, ал дипломдық жұмыстардың Мәскеуде қорғалуы – студенттердің білім дең­гейінің нәтижелерін әділ және шынайы бағалау мен мойын­дауға мүмкіндік береді. Оқыту жүйесінің тағы бір ерек­шелігі мынада: филиал­дың түлектері бір жылдан ке­м емес мерзім бойы Мәскеуде біл­ім алуы керек. Бұл олар­дың ойлау жүйесін едәуір ке­ң­­­ейтеді және бұл мерзімде оқу ж­ү­й­­есіне еуразиялық сипат беріледі. Біз, сондай-ақ, мем­лекеттік тілді оқы­туға айрықша мән беріп келеміз. Мұндай қадам және мәселеге бұлай келу өзін өзі ақтайды. Себебі, біз кадрларды Қазақстан үшін дайындап отырмыз емес пе? Бұған қоса, барлық студенттер міндетті түр­де Қазақстанның тарихына, еура­зиялық мәдениетке қатысты мәселелерді оқып, зерттейді. – Филиалға оқуға түсудің қан­дай ерекшеліктері бар және абитуриенттерге қандай талаптар қойылады? – Филиалға түсу Мәскеу уни­верситетіне оқуға қабылдайтын ережелер негізінде жүргізіледі. Яғни, филиалға оқуға түсу үшін арнайы емтихандарды тапсыру қажет. Филиалдың ерекшелігіне сәйкес, біз Мәскеу мемлекеттік университетінің өзге елдің аума­ғындағы құрылымдық бөлім­шесіміз, сол себепті де біз Бірыңғай ұлттық тестілеудің нәтижелерін ескере алмаймыз. Ал оқуға түсетін емтихандар тізімі филиалдың сайтында (www.msu.kz) орналасқан және филиалдың өзінен талапкер­лерді қызықтыратын кез келген сауалдарға жауап алуға болады. – Қазір бәсекелестік заманы. Осындай қиын да күрделі заманда Мәскеу университеті және оның филиалы «бәсекелестік көшінен» қалмас үшін сапалы оқу-білімнің қандай озық жүйесін басшылыққа алып келеді? – Филиалдағы сапалы жоғары білімді Мәскеу университетінің әлемдік деңгейдегі өз орнын сақтап қалуымен де байланыстыруға болады. Біріншіден, университетте ғылыми мектептер сақталған және олар дамып келеді. Екіншіден, соңғы онжылдық мерзім беде­рінде Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің ректоры, академик В. А. Садовничийдің басшылығымен университет алға үлкен секіріс жасады. Университеттің жаңа аумағы игерілді, ғылыми-зерттеу құралдары жаңғыртылды, оқу-білім мен ғы­лымда жаңа бағыттар пайда болды. Үшіншіден, Мәскеу университетінің түлектері әлемде жоғары бағаланады, яғни оларға барлық континентте сұраныс көп. Жоғары оқу орындарына жүр­гізілетін рейтингтердің ерек­шелігіне қарамастан, бұл университет барлық рейтинг түрлері бойынша әлемнің жетекші саналатын университеттерінің құрамына кірген. Бұл ретте, мынаны айту керек. Бүгінде университет белгілі бір бағыттар бойынша әлемде жетекші орында тұр. Олар: алып қуатты есептеулер, спутниктік жүйелер және т.б. Наноматериалдар, физи­калық зерттеулер саласындағы жаңа жетістіктер де күн санап кең таралуда. Ал түлектерді оқыту мен дайындаудың сапасының жоғары екеніне филиалда оқыған үздік студенттердің пайыздық өлшемінің ММУ-дің факультеттеріндегі үздік­­тердің пайыздық өлшемімен деңгейлес келетінінен анық аңғаруға болады. Мен студенттердің Ресей және Мәскеудегі өзге елдер сту­денттерімен бірге өз дипломдарын қорғайтынын және мемлекеттік емтихандарды тапсыратынын атап өткім келеді. Біздің студенттердің 90 пайыздан астамы университетті бітіргеннен кейін Қазақстанда жұ­мыс істейді және жоғары лауа­зымдық сатыға көтеріліп жатады. Сол себепті де, біз өзіміздің жеткен нәтижелерімізбен мақтанамыз және филиалды жүзеге асқан жоба деп толықтай айта аламыз. – Қазақстан мен Мәскеу мем­­лекеттік университеті ара­сын­дағы оқу-білім байланыстары қалай дамуда? Әріптестіктің бұл бағытын өрістетудегі фи­лиал­дың үлесі қандай? – Мәскеу мемлекеттік уни­вер­­­ситеті Қазақстанның жоғары оқу орындарымен жақсы байланыс орнатқан. Бұл байланыстар Қазақстанның барлық өңірлерін қамтиды. Екіжақты байланыс­тар ынтымақтастық жөніндегі келісім­шарттар негізінде жүзеге асады, олар бірлескен конференция­ларды өткізуді, білім саласында ынтымақтастық орнатуды, сондай-ақ, нақты ғылыми және оқыту бағдарламаларын жүзеге асыруды басшылыққа алады. Мәскеу университеті Қазақ­станның Білім және ғылым ми­нис­трлігімен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл оқу ордасы Қазақстанда ұйымдастырылатын ірі халықаралық форумдарға үнемі қатысып келеді. Мысал ретінде мен 2012 жылы өткізілген «Тұңғыш Назарбаев оқуларын» айтар едім. Сондай-ақ, университет 2010 жылы «Қазақстан және жаңа әлемдегі еуразиялық идея» деген тақырыппен өткен конференцияға және әріптес­тіктің белгілі бір бағыттары бойынша ұйымдастырылған елеулі іс-шара­ларға қатысты. Біздің ынтымақтас­тығы­мыз­ды дамытудың маңызды белесі Университеттердің еуразиялық ассоциациясының XI съезін өткі­зу болды. Қос мемлекет жастары «Ломоносов» халықаралық ғы­лыми форумы­ның аясында бел­сенді ынты­мақтастық орнатқан. Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетімен, Қарағанды универ­ситетімен және басқа да жоғары оқу орындарымен де әріптестік байланыс бар. Еуразиялық эко­номикалық одақ құру аясында біздің ынтымақтастық жаңаша сипат алуда. Олар инте­г­рациялық үдерістердің негізі бола отырып, еуразиялық оқу-білімді іс жүзінде жүзеге асыру туралы Н.На­зарбаев міндеттеген маңызды тапсырмаларды шешуге үндейді. Филиал Президенттің осы идеясы тәжірибе жүзінде іске асырылатын ұйымдастырушылық құрылым болып есептеледі. Еуразиялық экономикалық одақ құру аясында білім және ғылым саласында, елдеріміздің жетекші ғалымдары арасында тығыз байланыстың өрістеуіне жол ашылар еді. Мен бұл орайда, жаңа буын кадрлары және оқу орындары арасындағы жаңа, тұрақты байланыстар жөнінде айтып отырмын. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен тұрақты өзара байланыс­тар Мәскеу университетіне Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ғылым саласындағы кооперациялық байланыстарды белсенді дамытуға мүмкіндік береді. 2013 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің филиалға арнайы келуі де қызметімізге елеулі әсер еткенін айтуға болады. – Сіз Мәскеу мемлекеттік университетінің және оның фи­лиа­лы түлектерінің Қазақ­стан­ның дамуына қосқан үлесін қалай бағалар едіңіз? – Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінің қазақстандық сту­денттерді оқыту тарихына көз жүгіртер болсақ, оның мықты кадр­ларды дайындап шығарғанын, ал түлектердің мемлекеттің дамуы мен тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқанын көруге болады. Мәселен, Мәскеу университетінің түлектері ғылымның барлық бағыттары бойынша ғылыми мектептер ашты. Қазақстанның білім жүйесі осы оқу ордасының үлкен көмегі негізінде қалыптасты. Бір мысал келтірейін. Қазақстанның министрліктерін 1990 жылдан бастап қазіргі күнге дейін осы университеттің 20-дан астам түлегі басқарыпты. Демек, біз филиал түлектерінің өздерінің алдындағы аға буынның жетіс­тіктерін еселеп жатқанына қуанамыз. Олардың басым көп­шілігі қызметтік сатыда табыс­пен көтеріліп, өз салалары бойынша көшбасшылық орындарды иеленді. – Осы наурыз айында Н.Назар­баевтың Мәскеу уни­­верситетінде оқыған дәрісіне 20 жыл толып отыр. Қазіргі заманда және елдер арасындағы қарым-қатынас мәселесінде еуразиялық идея қан­­ша­лықты рөл атқарады деп ойлайсыз? – Елбасы Мәскеу универ­ситетінің қабырғасында оқыған дәрісі аясында еуразиялық үде­рістің жаңа кезеңдегі дамуы­ның алғышартын жасады. Мем­лекетаралық қарым-қатынасқа қажетті еуразиялық үдерістің тәжірибелі кезеңін ашып берді. Қазақстанның бұл басымдығына қандай да бір сенімсіздіктен қа­рауға, я болмаса келіспеуге болмас. Ол баяндаманың тағы бір ма­ң­ызды қырын да айтуымыз керек: мәселен, онда елдер арасындағы қарым-қатынастың өзара түсіністік, құрметтеу және тек құқылық секілді тетіктер негізіндегі жаңа қағидаттарын айқындау мәселесі мазмұндалған болатын. Еуразиялық идеяның шынайы біріктіруші рөлі, әсіресе, қазіргідей жаһандану заманында және халықаралық қарым-қа­тынастың жаңа негізін іздеуде айрықша маңызды болып тұр. Тең құқылық қағидаттар негізіндегі еуразиялық интеграция мейлі олар, өңірлік, я болмаса жаһандық ас­пектілер аясында болсын, біздің елдеріміз үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Қазақстан мен Ресейдің экономикалық шекараларының кеңеюі арқылы табысқа кенелу, бір-бірінің нарығына кіру, саяси тәуелсіздік қағидаттары негізінде бір-біріне қолдау көрсету біздің елдеріміздің экономикасының жаңа өндірістік күшін қалыптастырады. Еура­зиялық экономикалық одақ­тың құрылуы интеграцияны тереңдетуге қажетті іс-шара­лардың қарқынын және тиімді­лігін арттыруға мүм­кіндік береді деп ойлаймын.  Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».