«Қасіретті қаңтар» ауыр да азапты, қайғылы да қаралы болуымен қатар ол ұшқыр уақыттың таза парағы ретінде бізді мүлде тың көзқарастарға жетелей жеткен жаңа дәуірдің басы еді. Самарқау жұрттың санасына сілкініс әкелген бұл оқиға біздің жаңа қадамдарымыз ретінде тарих таспасына анық таңбаланды. Ол өзінің қар үстіне тамған қанды жасымен бірге біздің көкірегімізде «Жаңа Қазақстан» деген жасампаз идеяны тудырып кетті.
«Жаңа Қазақстан» – ұлттық идеяға айналуға тиіс. Ол бізді біріктіретін, биік мақсаттарымызды айқындайтын және соған толық жауап беретін арна болуы керек. Жалпы, замана өзі тудырған, уақыт өзі айқындап берген бұл идея ұлттық идея ретінде бүгінгі Қазақстан дамуының ішкі қажеттігінен, рухани сұранысынан, мемлекеттің тұтастығын сақтап қалуға деген шын құштарлықтан туындады. Кез келген идея мемлекет алдында тұрған ең негізгі сұрақтарға жауап беріп, ұлттың болашақтағы дамуына оң әсер етуге тиіс. «Жаңа Қазақстан» әлі де толыққанды идея деп аталмағанымен, ол біздің өзіміз жаққан жарық шамшырағымыз ретінде Қазақстан халқын біріктіретін, елдің басты мақсаттарын айқындайтын, үдеден шығатын және халық көкейіндегі көп түйткілді сұрақтарға соны жауап беретін идея ретінде өрістеуі керек.
Жалпы идеяның жоспарлы жүзеге асуына әрине халық, бірақ одан да бұрын мемлекеттік басқару жүйесі, яғни жоғарғы билік ынталы, құлықты болуға тиіс. Әуелі қоғамдағы жылдар бойы қордаланып келген мәселелердің түп төркініне шынайы үңіліп, олардың шешілу жолдары жоспарлануы керек. Әйтпесе, басында бүтін баспанасы жоқ, жалақысы мардымсыз, қарызы шаш етектен орта шаруа (дені жастар) ондай үлкен идеяларды жылдам жүзеге асыра алмайды. Қазақша айтқанда, «Аш бала тоқ баламен ойнамайды». Марксше айтсақ, сананы тұрмыс билейді. Сонымен қатар біз мұндай идеялардың ең алдымен, мемлекет құраушы ұлт үшін керек екендігін ерекше ескеруге тиіспіз. Өзге ұлттардың алдында қазақ мүддесі тапталмауы керек. Әрине, ең алдымен қазақ тілінің қанаты қасақана қырқылмауы тиіс.
Бір сөзбен айтқанда, Жаңа Қазақстан тілі – ол қазақ тілі болуы шарт.
Тіл – құрал. Тіл – келешек. Тіл – тірек. Біз «Жаңа Қазақстан» тарихын ата-бабамыздан аманатқа қалған ең бай мұрамыз, құнды да қасиетті тірі жәдігеріміз – қазақ тілінде жазуға тиіспіз. Қастерлі тілдің аясын айрықша кеңейтуіміз керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл ретінде күшейіп келеді. Ол ұлтаралық қатынас тілі болатын кезеңге де келіп жетті. Алайда ол үшін бәріміз бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Кез келген ұлттың, кез келген мемлекеттің биік мақсаттарға жетуі ол – өзара қарым-қатынас тілінің қаншалықты өміршең екендігіне тікелей байланысты.
Тілдің тұтастығы – ұлттың тұтастығы. Осындайда есімізге ежелгі дүние тарихынан белгілі «Вавилон мұнарасы» аңызы еске түседі. «Вавилон мұнарасы» – «Құдайға барар қақпа» деген мағынаны білдіреді. Вавилондықтар аталған қақпаны яки мұнараны Қосөзеннің ортасындағы әйгілі қаланың қақ ортасына құдіретті Мардук деген құдайларына арнайды. Аңыз бойынша ғаламат мұнара көкке жетуге аз қалғандықтан, құдай өзінің пенделері жасаған күпірлікке қаһарланып, мұнара салушылардың тілін сапырылыстырып, бір-бірін түсінбес үшін араластырып жіберген делінеді. Шынында да, бұл мұнараны түрлі ұлт өкілдері: мысырлықтар, иудейлер, ассириялықтар және т.б. салған деседі. Олардың көбін басқа жақтан осындай құрылыстарды салу үшін айдап әкелген. Ғалымдар зерттегендей, вавилондық бақылаушылардың таяғының астында ауыр халде жұмыс істеген құрылысшылар бір-бірінің тілін түсінбей, ығы-жығы, бей-берекет тіршілік кешкен. Жұмыс өнбеген. Осыдан «Вавилон сапырылысы» туралы аңыз қалады. Адамзат қашанда өзінің өрлеу кезеңін тарихи санамен сабақтастырып отыратынын ескерсек, біз де ана тіліміздің ертеңгі болашағына алаңдаған тұста осындай тарихтарды жас ұрпаққа жаңаша оқытуымыз керек.
Біздің Жаңа Қазақстан идеямыз – ол болашақ жолы. Осы жолда бір-бірімізді еркін ұғыстыратын, берік тұтастыратын, бір-бірімізді терең түсіністіріп тізе қостыртатын тіл саясаты үнемі күн тәртібінен түспеуге тиіс. Ал бір-бірімізді түсінуге тырыспай, әртүрлі тілде шүлдірлесетін болсақ, жоғарыдағы аңыздай ойға алған ісіміз орта жолда тоқтайды.
Біз көп жағдайда «Отан – отбасынан басталады» деген аталы сөзді тереңіне үңілмей бетінен қалқып қолданып жатамыз. Отан – жеке тұлға. Сіздің ел мұраты үшін жасаған әрбір ізгі іс-әрекетіңіз ол – Отанға қызмет. Біз ана тілімізді қазан-ошақтың қасында ғана қолданбауымыз керек. Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі бұлжымайтын қағидаға айналған кезде ғана тілдің тамыры тереңдейді, сабағы жеміс береді.
Қазақ тілі – бұған дейін де ұлтаралық тіл болған, тіпті ұлы-ұлы империялардың қарым-қатынас тілі ретінде осы күнге дейін өлмей, том-том кітап болып, құнарлы да бай қазынасымен біздің еншімізге жазулы тұр. Тек қанымыздағы тіл рухын түнекте тұмшаламай, жарқыратып жарыққа шығаруымыз керек.
Жас буын – қазақ тілінде сөйлеуді сәнге айналдырғаны жөн. Құнарлы да қасиетті, қазыналы да қарапайым қазақ тілі бүгінде ұлтымызды бүкіл дүниежүзіне әйгілі етіп жатқан Димаш Құдайбергеннің, Самал Еслямованың, Иманбектің, т.б. тілі ретінде шын мақтанарлық, шын сүйсінерлік, шын қорғарлық тілге айналуы қажет.
Жаңа Қазақстан – жалпы идеал мемлекет моделі болуы керек. Егер аталған идеяны философиялық, тарихи-танымдық тұрғыдан негіздеу керек болса, ойланбастан «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» трактатын темірқазық етуіміз керек. Аталған еңбек билік пен халықтың жалпы сипаты туралы ережелерден бастап, ел басшысының қандай болуы керектігін жан-жақты саралап, халықтың мемлекет өркендеуіндегі рөлі, т.б. жайлы терең талдау жасайды. Бұл еңбекпен қатар грек философтары Платон, Аристотельдің ізгі қоғам құру турасындағы еңбектерін, Томас Мордың «Утопиясын», Тао Юаньмидің «Шабдалы қайнары», т.б. еңбектерді «Жаңа Қазақстан» идеясына арқау ету қажет.
Жаңа Қазақстан идеясы ой-санамызға оңтайлы орнығып, білімімізбен бекіп, ілімімізбен іргеленіп, рухани құндылықтарымызбен қатар қабысып, тұтастай алғанда өмір сүру философиямыздың өзегіне айналғанда ғана өміршең идеяға айналады. Мәселен, «Алаш» идеясы.
«Алаш» та аз қазақтың басын азғантай ғана уақыт ішінде бір арнаға бүтін тоғыстыра алған тұтастық идеясы. Біз ендігі жерде қандай қадамға барсақ та тек ұлттық мүддеге жұмыс істейтін, ұлттық санасы ояу ұрпақтың ғана жұмылып жұдырық болар бірлігін бекемдеуіміз шарт. Алаш арыстары да осы идеяны сонау ғасырдың басында аса көрегендікпен бізге шамшырақ қылып жаға білді. «Алаш» ол – бағзы мен бүгінді, кешегі мен келешекті сабақтастыра білген саяси да рухани қызмет. Біз Жаңа Қазақстанды сол алаштықтардың ел ертеңі үшін аянбай күрескен ерен еңбектеріне арқа сүйейтін ілгері қадамына куә боламыз.
Түп қайнарымызды Түрік қағанатына, арғы бастауымызды Алтын Ордаға апарғанда ғана, оны жас ұрпақтың санасына толықтай сіңіре білгенде барып біздің шын мәніндегі өршіл рухымыз оянады.
Жалпы, Жаңа Қазақстан идеясы «Алаш» идеясына, «Алаш» идеясы Қазақ хандығы, Алтын Орда, одан әрі Түркі дәуірі, сақ, ғұн заманына қарай тереңдеп кете беретін кемел тарихпен керегелескенде ғана жаңа сипатқа ие болады. Жаңа Қазақстан – ендігі жерде жалаң ұран емес, жасампаз идеяға айналуы керек.
Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары өз идеяларын сол тар кезеңнің өзінде тәуелсіз қазақ мемлекетін құру үшін халықтың сана-сезімін оята жүріп, экономикалық, саяси сауатты арттыра отырып жүзеге асырды. Бір сөзбен айтқанда, қыспақта жүріп-ақ қазақ топырағында тың идеяның дәнін екті. Біз бүгінгі таңда сол бағдарламаны өзек ете келіп жаңа сипаттағы «Алашты» жаңғырта білсек жеткілікті. Жаңа Қазақстан – ол батыр да баһадүр ата-бабаларымыздан қалған аманат, жастарға аманат идея.
Жаңа Қазақстан идеясы айтылған кезеңде оны жүзеге асыратын негізгі күш жастар екені біз айтпасақ та түсінікті. Жалынды жаңа ұрпақтың жігер-күшін қандай мемлекет болсын дұрыс пайдаланғаны жөн. Нағыз дер шағындағы намысты қыз-жігіттердің жігерін жасытпауымыз керек. Тасқыны тау қопарар талантты өрендеріміз өнерлері мен білімдерін өз ұлтының ұпайын түгендеуге жұмсауға тиіс.
Бүгінгі Жаңа Қазақстанның жалынды жастары жоқ жерден өніп шыққан жоқ. Олар кешегі көк түрік заманындағы жас Күлтегін мен Тоныкөктің, жиырма-ақ жасында Жоңғар сардары Шарыштың басын найзаға шаншыған Абылай ханның, 14 жасында-ақ қалмақ қоңтайшысы Қалдан Сереннің алдында қаймықпай сөз алған қаздауысты Қазыбек бидің, «Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға» деп Сұлтанмахмұт баға бергендей, Лениннің алдында баяндама жасап, қазіргі Қазақстан территориясының негізін қалап кеткенде отызға да толмаған Әлімхан Ермековтің ұрпақтары.
Осындайда ақын Мұхтар Шахановтың «12-3=?» деген поэмасы еске түседі. Мазмұны естеріңізде болар, қартайған хан еліндегі қылшылдаған күллі жастың орнын қаусаған шал-шауқанмен алмастырып, онысымен қоймай көрші хандыққа соғыс ашып, артынан оңбай опық жеуші еді ғой. Жеңген елдiң әкiмi тұтқындап, шартпен қойған оңай сұрағының өзіне ойланып жауап бере алмаған бейшараны сонда жап-жас атқосшысы құтқарып қалатын.
«Не қалады он екiден үштi алса?» деген сұрақтың жауабы – тоғыз айдың тағдыры байлаулы жас көктем, жасыл көктем болатын.
«Көктем деген – табиғаттың
таңғажайып ерлiгi.
Ол ерлiктiң даңқын ешкiм қаға
алмайды шeткepi,
Ал жастық шақ – адамзаттың
көктемi.
Сондықтан да он екiден ешқашан
Yштi алуға болмайды,
Алған адам мына бiздiң
ханымыздай сорлайды!»,
деуші еді сонда бұла жас.
Өкінгенмен не пайда, артқа шегінер жолы қалмаған, елінің барлық жас өренін өрелеп, қыспақта ұстаған ақылсыз хан басын тоқпақтап қала береді.
Қол бастайтын жiгiттердi қорада
ұстап келiппiн.
Сорлаппын-ау, қанаттыға
болыппын-ау тар мекен,
Әттең-әттең, қорлаппын-ау
жiгiттердi нарға тең...
Tым кеш келген игiлiктi ойлардың
Қайғысынан артық азап
бар ма екен?!
Біз кейде шынымен жастардың орнына асарын асаған, жасарын жасаған кәрілерді жағаластырып, тықпалай беретініміз бар. Иә, тәжірибесі толысқан, көрген-білгені жетерлік, біз айтып отырған көп жастан көш ілгері мықты мамандар жоқ емес. Бірақ жалпылай алғанда келешек ұрпақты келелі істердің басына тура керек кезінде келтірмей, жігерлерін жасытып жіберетініміз өтірік емес. Біз оларға (жастарға) қашанда сеніммен, тәуекелмен қарауымыз керек. Бетін қақпай, белін буғанымыз жөн.
Жоғарыдағы поэмада да: «Балаусаға тас атқанды жек көрем» деген сөз бар.
Жаңа Қазақстан – қалай десек те жастардың жасампаз жолы. Ертеңгі келешекке бүгін берешек болмауымыз үшін де жалынды жас толқынның батыл қадамдарына баспалдақ бола білуіміз керек.
Әрине, осылармен қатар Жаңа Қазақстан жолы дегенде ол жолдың жемқорлықсыз жол болуы керек екендігін естен шығармаумыз қажет.
Біз бұдан былайғы уақытта сонау ықылым заманнан бері жең ұшынан жалғасып келе жатқан жегі құрттай жемқорлыққа жол бермегенде ғана жаңарамыз. Олай етпеген жағдайда, бәрі де әурешілік. Абай айтқан:
«Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың
Шенді шекпен жапқанға...» дейтін парықсыз парақорлыққа жол бермейтін жаңа түсінікті тұғырға көтеруіміз қажет.
Бұдан былайғы уақытта:
«Халыққа емес сыйымды,
Парақор баспақ биіңді,
Ел бүлдіргіш бегіңді,
Улы тілмен улаттым», дейтін Дулаттың сөздері сөрелерде тұруы керек.
Біз әдетте жемқорлықты, көпке түсінікті тілмен айтқанда коррупцияны тек біреуді ақшамен сатып алу деп келте түсініп жатамыз. Коррупция ол – адамды ақысыз жұмсау, біреудің хақысын жеу, асқынған рушылдық, үлкеннің кішіні, әлдінің әлсізді басынуы. Тіпті өзінен лауазымы жоғары немесе байлығы көп жуанға жағыну, жалбақтау, ақиқатты бүркемелеп, шындықтың жүзін жасыру, өтірік айту, жауырды жаба тоқудың өзі коррупция. Біз Жаңа Қазақстанда осы дерттерден айығуымыз керек. Әйтпесе, бұл дерт көрші елдердің кезеген көк мылтықтарынан да қауіпті, дұшпаның атқан жебесінен де жылдам дерт.
Қорыта айтқанда, Жаңа Қазақстан адамы ол – жұмысқа епті, қабілетті, жемқорлықтан ада, тіл білуге құштар, оқып-үйренуге бейіл, өмір сүруге деген құлшынысы биік, енжар емес ерек, зиянкес емес зерек адам болуы керек.
Өз тарихын өзегіне сіңіріп өскен, саяси сауаты жоғары, отбасы құндылығын бірінші орынға қоя білетін, саламатты өмірге жақын адам – ол Жаңа Қазақстан адамы. Бір сөзбен айтқанда, дені сау, креативті, шығармашылық сипатта ойлайтын мәдениетті тұлғаны қалыптастыруымыз керек.
Әрине, оның бәріне адам жақсы білім ала алғанда ғана, жеке тұрғын пәтері мен тұрақты жұмысы, жоғары жалақысы болған жағдайда ғана жетеді. Егер бұлардың бірде-біреуі Жаңа Қазақстан азаматының басында болмайтын болса, онда жоғарыда өзіміз атап кеткендей кезекті жаңа ұран кезекті жалаң ұран күйінде қала береді.