• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2014

Ықпалдастық – Еуразиялық экономикалық одақ құрудың басты кілті

483 рет
көрсетілді

Әлемдік экономикадағы бүгінгі өзгерістер мен жаһандық үдерістер, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің күрделене түсуі, мемлекеттердің таза экономикалық тұрғыдан бір-бірімен байланыстары мен өзара қатынастарын одан әрі тереңдетуді талап етіп отыр. Осы орайда, әлемдегі әр елдің экономикасы белгілі бір деңгейде бір-біріне тәуелді десе де болады. Ендеше, бүгінгі таңда кез келген мемлекет үшін экономикалық тұрғыдан тиімді қарым-қатынастарды үйлестіру мен нығайту – сол мемлекеттің көркеюінің басты бір кілті. Бұл жөнінде елімізде Елбасының бастамасымен нақты қадамдар жасалуда. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан ҒАБДУАЛИЕВАМЕН әңгімеміз осындай бағытта өрбіді. – Раушан Смадинқызы, Қазақстан, Ресей және Бела­русь мемлекеттері арасында Кеден одағы және Бір­тұтас экономикалық кеңіс­тік құрылған. Экономист-ғалым ретінде сіз осы жөнінде не айтасыз? – О бас­та Кеден одағын құрудағы түпкі мақсат бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыруға әкеліп тірейтін таза экономикалық жоба. Тағы да қайталап айтқанда, Кеден одағы таза экономикалық блоктың пай­да болуына әрі іске асуына жеткі­зетін жарқын жоба. Оның басты мұраты Кеден одағына мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету, осы тұрғыда халық мүд­делері мен мұң-мұқтаждарына бай­ланысты сұраныстарды біртін­деп шешіп отыру. Біз бүгінде Біртұтас  экономикалық кеңістік құра алдық. Алайда ол бір орында тұрып қалмауы, ылғи да алға қарай дамып, нығайып отыруы қажет. Мұндағы үздіксіз даму мен тереңдеу жолы түптей келгенде – Еуразиялық экономикалық одақ құруға бағытталған. Кеден одағы қызметінің бас­ты бағытының бірі – оған мүше болып кірмейтін елдерден тауар тасымалдау қатынастары кезінде сыртқы шекарада келісім жасау болып табылады. Жалпы алғанда, Кеден одағы мен Бір­тұтас экономикалық кеңістік ұғым­дары бір-бірімен мағыналас әрі төркіндес. Мақсат – осы ке­ңіс­тікке кіретін елдер экономи­ка­сын тұрақты дамыту және тұр­ғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге жағдай туғызу. Кеден одағы мен Біртұтас эконо­микалық кеңістікке қатыса­тын елдердің әрқайсысы бәсекеге қабі­леттілікті ұдайы көтеріп оты­руға мүдделі. Сонда ғана олар­дың экономикасы тұрақты даму жолына түсе алады. Әлемдік нарықтағы интеграцияның бас­ты көріністерін де осы арадан таба аламыз. Қысқасы, Қа­зақ­стан, Ресей және Беларусь өн­дірісшілерінің неғұрлым тығыз топтасқан кооперациялары бір­тұтас көліктік, энергетикалық және ақпараттық жүйе құрып, оны тереңдетуге барынша қолайлы жағдай туғызады. Кеден одағы құрылған кезден бергі уақыттағы кейбір дәйе­ктер мен деректерге үңілсек, мұнда экономикалық өсімнің тұрақты қарқыны сақталып келе жатқанына көз жеткіземіз. Атап айтқанда, 2012 жылы Кеден одағы­на мүше елдердің жалпы жиынтық өнімі 3,5 пайызды, осы елдер арасындағы өзара сауданың өсімі 8,7 пайызды, ал сыртқы сауда өсімі 3,2 пайызды құраған. – Сіз экономист-ғалым ре­тін­де Қазақстан экономикасы Кеден одағына мүше болудан не ұтты деп санайсыз? – Есіңізде бар шығар, Кеден одағы құрылғанға дейін тауар­ларды ресімдеу үдерісі өте көп уақыт алатын. Текке кеткен есіл уақытпен қоса, бұл жағдай моральдық-психологиялық тұр­ғыдан да біраз қиыншылықтар ту­ғызды. Міне, осы ресімдеу үде­рісі әжептәуір қысқартылды. Екіншіден, транзитті сауда опера­цияларының әлеуетті өсімі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, Кеден одағы Қазақстанның көлік-логистикалық нарығының жедел дамуына қолайлы әсер етті. Тағы бір ұтымды жағы, ай­та­лық, қазақстандық тауарларды Ресей немесе Беларусь мемлекеттері арқылы жеткізу мен тасымалдау транзиті мен уақыты қысқартылды. Бесіншіден, Кеден тарифының өсімі бюджетке түсетін түсімдердің әжептәуір өсуіне оң әсер етті. Алтыншыдан, Қазақстан аумағында бірлескен кәсіпорындар құру арқылы инвестициялар көлемін бұрын болмаған деңгейде арттыруға қол жеткізілді. Жетіншіден, шекаралас аймақтар Кеден одағы  жағдайында қосымша инвес­тициялар тарту мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, ұтымды тұстарымызды одан әрі жалғас­тыра беруге болады. – Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі декла­рацияға сәйкес, алдағы 2015 жылдың 1 қаңтарында тараптар халықаралық келісім­дерді кодификациялауды аяқ­тамақ. Дәл осы негізде ел­дер интеграциясының ең жоға­ры деңгейі – Еуразиялық эконо­микалық одақ құрылуы тиіс. Ендігі жерде осы мәселеге қатыс­ты ой-пікіріңізді білгіміз келеді. – Өте орынды сауал. Еуразия­лық экономикалық одақтың (ЕЭО) құрылуы әрі оның күт­кендегідей нәтиже беруі бүгін­гі Біртұтас экономикалық кеңіс­тіктің қазіргі және кейінгі аяқ алысына тікелей байланысты. Яғни ЕЭО құрылған кезге дейін Біртұтас экономикалық кеңістікке кіретін елдерде теңдестірілген макроэкономикалық және бюд­жеттік саясатқа қол жеткізі­луі қажет. Сонымен бірге, осы ара­лық­та еңбек, қаржы және тауарлар мен қызметтер нары­ғын құрылымдық тұрғыдан рефор­малауға баса көңіл бөлінгені жөн. Бұған қоса, энергетика, көлік және телекоммуникация салаларында еуразиялық желіні құру ойдағыдай жүргізілетін болса, ортақ мақсаттың көкжиегі неғұр­лым жақындай түседі. Түйіп айтқанда, бұл өмір сүру­дің жоғары стандарттарын қа­лып­тастыруды көздейтін инте­грацияның неғұрлым жоғары деңгейі. Осындай экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттер валюталық одақты қалып­тастыруға негіз бола алатын біртұтас валюталық-қаржылық қадамдар құруға баруы да мүмкін. – Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше елдерге Қазақстан не ұсына алады? – Таза бәсекелестік тұрғыдан алғанда сыртқы нарықта қазақ­с­тандық бизнестің артық­шылығы – шикізат салалары өнімдері. Кейінгі кезде оның экспорттық үлесі айтарлықтай өсіп келеді. Қазақстанның экспорттық бас­ты басымдықтары – минералды өнімдер, металдар мен бұйымдар, жануарлардан алынатын және өсімдік тектес өнімдер. Сондай-ақ, дайын азық-түлік өнімдері. Алайда бұл еліміз үшін айта қаларлықтай үлкен жетістіктер деп айту қиын. Сондықтан да алдағы кезде отан­дық өнімдерді Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңіс­тікке мүше елдер нарығына көбірек шығару үшін инновацияның көмегіне ден қоюға тура келеді. Бұл арада үлкен жауапкершілік елдегі орта және шағын бизнес өкілдеріне жүктеледі. Көп жағдайларда өндіріс пен инновацияны дамытуға салынған қаржы өзге мемлекеттерден тауарларды қайта экспорттаумен айналысатындарға қарағанда, әлдеқайда тиімді. Әлбетте, кімнің бәсекеге қабі­лет­тілігі неғұрлым жоғары, сол нарықтық қарым-қатынастарда өз үстемдігін жүргізе алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық бизнестің бәсекеге төтеп бере білуін ұдайы айтып жүргені де сондықтан. Сондай-ақ, бұл – Бірыңғай экономикалық кеңістікте табысқа жетуіміздің басты бір факторы. – Қазақстан бүгінде халық­аралық үдерістердің тең құқы­лы қатысушысы ретінде тек Кеден одағы мен Біртұтас эко­номикалық кеңістікке мүше елдермен ғана емес, сонымен бірге, Қытай, Азия және Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ, Еуропа одағымен тең әріптестікті және өзара тығыз байланыстарды нығайту сая­сатын жүргізіп келеді. Осы тұрғыда не айтар едіңіз? – Қытайға қатысты саясат Қазақстанның азиялық бағыттағы сыртқы саясатының басым бағыты болып табылады. Біз оған төмендегідей мәселелер бойынша мүдделіміз ғой деп ойлаймын.   Біріншіден, Қытай өзінің аумақтық орналасуы мен экономикалық әлеуеті, адам ресурстары мен саяси ықпалы жоғары мемлекет. Екіншіден, Қазақстан мен Қытай арасында ортақ шекара бар. Үшіншіден, Қытай өз кезегінде Қазақстан үшін алдағы жүзжылдықта осы заманғы әлемнің экономикалық-технологиялық дамуында жетекші орынға ие болатын Азия-Тынық мұхиты аймағына енуіне қақпа болып табылады. Сондай-ақ, соңғы жылдары Қытайдың Қазақстанға экономикалық мүдделілік деңгейі де елеулі түрде өсіп келе жатқанын атап көрсетуге болады. Бұл мүдделілік ең алдымен Қытай Халық Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету тұрғысынан туындайды. Соңғы жылдардағы Қытай экономикасының күрт өсімі қуат көздеріне деген сұраныстың артуына алып келді. Осы тұрғыдан қарастырғанда бұл елде мұнай және мұнай өнімдері импортының көлемі тез өсіп келеді. Жекелей алғанда, Қытайдың батыс аудандары көршілес Қазақстан аумағынан өзара тиімді жағдайда импорттауға болатын энергия тасымалдаушылардың жаңа көздеріне мұқтаж. Батыс елдерінің нарығына өз тауарларын жеткізу үшін де Қытай Қазақстанның көліктік-коммуникациялық әре­ке­тін пайдалануға мұқтаж. – Қазақстанның ірі страте­гия­лық әріптестері Еуроодақ пен АҚШ екені белгілі... – Ойыңызды түсіндім. Дұрыс айтасыз. Қазақстанның сыртқы сауда көлемінің 49 пайызға жуығы Еуропа үлесіне тиеді. Елімізге шетелдік инвес­тициялардың 60 пайызға жуығы тікелей еуропалық компаниялардан құйылады. Еуроодақ пен Қазақстан арасын­дағы әріп­тестіктің басым бағыты – энер­гетика. Сонымен бірге, Кас­пийаралық маршрутты жүзеге асыру мен экономикалық  тұрақ­тылықты қамтамасыз ету мәсе­лесі де екі жаққа тиімді. Ал АҚШ жөнінде айтар болсақ, бұл – жаһандық саяси және эконо­микалық үдерістердің дамуына елеулі түрде ықпал ете алатын әлемдік ірі держава. Ең бастысы, америкалық экономика әлемдегі бәсекеге қабі­лет­ті басты экономиканың бірі. Әлемнің жақсы дамыған отыз елінің қатарына кіру стратегиясын ұстанып отырған Қазақстан үшін АҚШ-тың экономикалық даму тәжірибесі құнды болып саналады. АҚШ Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бас­тап, оның экономикасына инвестиция құя бастады. Бұл ірі мемлекетке осы қадамы үшін де әркез құрметпен қарай аламыз. Осы ыңғаймен әңгімемізді одан әрі жалғар болсақ, қазіргі кезде де АҚШ мемлекетіміздің ірі шетелдік инвесторы болып табылады. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.