Елбасының: «Тараз қаласы – еліміздегі химия өнеркәсібінің отаны. Қаратау өңіріндегі фосфор рудасының бүгінгі нақтыланған көлемі 5-6 миллиард тонна болса, ал жалпы жобасы 15 миллиардты құрайды. Яғни, әлемдегі 4-орында тұрмыз. Кеңес Одағы кезінде фосфордың үштен бірін шығаратынбыз. Соның бәрі тоқтап қалған. Сондықтан барлығымыз жабылып, Үкімет болып қаржы тартып, халық болып, бүкіл оңтүстік өңірінің жағдайын түзеу, елімізге көп пайда келтіру жағын ойластыру керек», деген сөзін жамбылдық химияшылар әлі ұмытқан жоқ.
Бүгінгі таңда “Қаратау” мен “Шолақтау” тау-кен өңдеу кешендерін, “Минералдық тыңайтқыштар” филиалы мен “Жаңа Жамбыл фосфор зауыты” секілді нысандардың басын біріктіріп отырған «Қазфосфат» ЖШС өңір экономикасын өрге сүйреген қуатты локомотив десе де болғандай. Бұрынғыдай емес, ол қазір фосфор кенін өндіруден бастап, оны өңдеу мен дайын өнім шығару, химия кәсіпорындары үшін осы өнімдерді сату жұмыстарымен де шұғылданады.Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңде зауыт жылына бар болғаны 5-6 мың тонна фосфор өндірсе, қазір жылына 100 мың тоннадан астам сары фосфор шикізатын экспортқа шығарып отыр.
Зауытта фосфориттерді суспензиялық-флотациялық байыту фабрикасын салу және жаңғырту және күкірт қышқылы цехын салу бойынша жобалар жүзеге асты. Бұл химия саласындағы кокс, кальциленген сода, күкірт қышқылы сияқты құрамдастар тапшылығы мәселесін шешуге және химия өндірісі көлемдерін арттыруға мүмкіндік берді. Еуропадағы ірі әріптестерінің бірі, чех елінің «Fosfa» a.s.» атты компаниясымен бірлесіп, гексаметафосфат натрийі мен тағамдық фосфат өндіретін цехты іске қосты. Бұл кәсіпорынның жалпы құны 500 миллион теңге болды.
Гексаметафосфат өнімінің Еуропадағы қолданылу аясы өте кең. Ол суды химиялық өңдеуден бастап тағам өнеркәсібінде, құрамажемді дайындауда, тоқыма өнеркәсібінде, бояу өндірісінде, керамикалық өнеркәсіпте, тазалағыш құралдарын өндіретін кәсіпорындарда кеңінен қолданылады. Демек, зауыт сары фосфор өндірумен ғана емес, сонымен бірге, жаңа өнімдерді Еуропа мен ТДМ елдеріне өткере бастады. Соның нәтижесінде бүгінде компанияның өнімі әлемнің 30-ға жуық мемлекетіне жөнелтілуде.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Қазфосфат» ЖШС қолға алған болашағы мол жобаның бірі – өнімділігі жылына 600 мың тонналық жаңа күкірт қышқылы өндірісін салу. Бұл зауытқа өндірілетін тыңайтқыштардың өзіндік құнын қадағалап отыруға, рынокта қалыптасқан бәсекелестік позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, соңғы жылдар ішінде компания өндіріске мынандай инвестициялық жобаларды енгізді. Атап айтсақ, олар: №№ 5 және 6 пештерде пеш газын кәдеге жарату жүйесі (ПГКЖЖ); тағамдық ортофосфор қышқылын шығаратын өндіріс; түйіршіктелген натрий үшполифосфатын шығаратын өндіріс; чехтың «Fosfa» a.s.» компаниясымен бірлесіп, натрий гексаметафосфатын шығаратын өндіріс; фосфор шламын кәдеге асыру; сары фосфорды зиянды органикалық қоспалардан тазарту сияқты болып жалғаса береді.
Ал бұл жобалардың енгізілуі: фосфор өндірісі қалдықтарын молырақ пайдалануға; қала мен облыстың экологиялық ахуалын жақсартуға; қуат ресурстарын үнемдеуді қамтамасыз етуге; даяр өнімнің өзіндік құнын түсіруге; жаңа жұмыс орындарын ашуға; өнімді жоғарғы қосымша құнмен шығаруға; шығарылатын өнімнің өзіндік құнын түсіруге және шығарылатын өнім ассортименті мен өткеру рыногының аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Ол, тағы да қайталап айтамыз, Ресейден бастап әлемнің 30-ға жуық мемлекетімен экономикалық байланыс орнатуға қол жеткізіп отыр.
Компанияда өндірісті жетілдіру мен қайта құрудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілген. Тек 2010-2013 жылдар аралығында өндіріске 18,7 миллиард теңге инвестиция құйылған. Қазір келесі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың кейбірін атап айтсақ: натрий үшполифосфатын өндіретін № 8 цехта ПГКЖЖ-ы мен № 7 және № 8 пештердің ПГКЖЖ-ын салу жұмыстары басталып кетті. Бұл табиғи газды үнемді пайдалануға және өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді. Аммофос цехының ЭФҚ-1 бөлімшесін қайта құрудан өткізудің 1-кезеңінің жұмыстары да басталған. «НИУИФ» ААҚ-пен ЭФҚ-1 бөлімшесін жылдық өнімділігі 220 мың тонна Р2О5 боларлық етіп қайта құрып, жетілдіруге келісімшарт жасалған. Бұл осы бөлімше шығаратын өнімдік қышқылдан жылына 500 мың тонна аммофос өндіруге мүмкіндік береді. ЭФҚ-2 бөлімшесін, экстрактордың екі қорабын, екі таспалы сүзгіні қайта құрудан өткізу қолға алыныпты. Бұл аммофос өндіруді 1 миллион тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді, дейді мамандар. Зауытта нәрлілігі жоғары фосфаттар (түйіршіктелген ТКФ) шығару үшін азықтық фосфаттар өндірісі қайта құрудан өткізіле бастауы да қуантады. Бұл жоба өз кезегінде азықтық фосфаттарды сату көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Пеш газынан этанол алатын өндіріс те салынбақ. Бұл жоба қосымша құны жоғары өнім өндіруге және өңір экологиясын жақсартуға мүмкіндік беретіні анық. Бұл үшін мамандар Қытай және Жаңа Зеландиямен келіссөз жүргізген. Сынақ Қытай елінде өтпек. Сонымен бірге, СХЗ филиалында NPK тыңайтқыштарын шығаратын өндіріс салыну жоспарлануда. «Arvi fertis» фирмасымен бірлескен кәсіпорын құрудың ниеттік хаттамасына да қол қойылған. Ғимараттар мен құрал-жабдықтарды техникалық аудиттен өткізу аяқталыпты. Үшхлорлы фосфор өндірісі жобасымен «Ланксесс» компаниясы айналысуда екен. Бұл ел көлемінде орын алып отырған үшхлорлы фосфорға деген зәрулік мәселесін шешуге, өндірісті дифференциялауға, жаңа өнім түрлерін шығаруға, фосфоры бар өнім ассортименттерін өсіріп, көбейтуге жол ашады. Бескүкіртті фосфор өндірісі де жобаланып отыр. Онымен «CL» компаниясы айналыса бастаған. Бұл өткеру рыногын кеңейтіп, шығарылатын өнім ассортиментін көбейтуге, елдегі импорттық орынды өсіре түсуге мүмкіндік тудырады. Фосфор өндірісі қалдықтарын қайта өңдеу арқылы NPK, NPSK тыңайтқыштарын шығаратын өндіріс те қолға алынбақшы. Фосфор өндірісі қалдықтарын (коттрельді-сүттікті) қайта өңдеу арқылы азотты-фосфорлы-калий тыңайтқыштарын (NPK) өндіретін жобаның өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі сараптау бағасы алынған.
Кен байыту фабрикасы да салынбақ. «Көкжон» кенішінің карбонат іспетті фосфор кендерін байытудың принциптік технологиялық нобайы бекітілді. Бекітілген нобай бойынша флотациялық байыту фабрикасының 1-кезектегі құрылысын салуға шешім қабылданыпты. Қаратау фосфор кендерін байытудың да ТЭН-і жасалыпты. «Ақ» қышқыл өндіретін (тазартылған ЭФҚ) заманауи өндіріс те қолға алынбақшы. Тараз қаласындағы «Минералды тыңайтқыштар» филиалында өнімділігі жылына 120 мың тонна Р2О5 боларлық «Ақ» қышқыл шығаратын өндіріс салу жөнінде «CL» компаниясымен келіссөздер жүргізілген.
Міне, зауыттағы осындай үлкен жобалар «Қазфосфаттың» адымын ашып, өнімдерін алдағы уақытта өзге елдерге, яғни әлемнің 30-ға жуық мемлекетіне экспорттауға кең мүмкіндік туғызып отыр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.