• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2010

7,6 ПАЙЫЗ!

562 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың алғашқы 4 айында еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсу деңгейі осындай Қазақстан дағдарыстан кейінгі дамудың қарқынды баспалдағына қадам басты. Дүние жүзінің дуалы ауыз сарапшыларының айтуынша, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстан шығынсыз шығып қана қоймай өткен жылы ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) біршама өсіміне қол жеткізген бірден бір мемлекет Қазақстан Республикасы болып отыр. Әлем таныған реформатор, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында “Әлемдік қаржы-эконо­микалық дағдарыс экономиканың өсу қарқынына ықпал етті, бірақ біздің дамуымызды тоқтатқан жоқ. Жинақ­тал­ған экономикалық әлеует соңғы үш жылдың аса қиын дағдарыстық шайқасында бізге тұрлаулылықты қамтамасыз етті. Біз төтеп бердік. Енді біз 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын орындауға кірісеміз” деп атап көрсеткен болатын. Бұрнағы күні “Нұр Отан” ха­лықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен партияның Саяси кеңесі бюросының кезекті отырысында Мемлекет басшысы биылғы жылдың алғашқы 4 айында елімізде ІЖӨ-нің өсу деңгейі 7,6 пайызды құрағанын атап көрсетті. Ақиқатын айтсақ, бұл – үлкен жетістік, Қазақстанның болашақтағы даму қарқынының қарымын айқын­дайтын тұғыр. Бүкіл Еуропа жабы­лып, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстан кейін рецессияға ұшы­раған Грекия, Португалия сияқты дамыған елдерді төрт аяғынан тұрғыза алмай жатқанда, Қазақстан­ның осындай жетістікке қол жеткізуі шындығында да қуанарлық құбылыс. Ештеңе өздігінен өзі бола қал­майтындығы хақ. Сонда біз мұндай экономикалық беріктікке қалай қол жеткіздік? Дағдарыс дауылы эконо­ми­камызды шайқалтқан сонау бір күндерде тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев уақыт тынысын тап басып, өмір ахуалын күні бұрын болжайтын көрегендігіне тәнті еткен еді. Қаржы дағдарысының ең бас­тапқы сатысы ипотекалық қиындық­тар елімізде енді сезіле бастаған кезде Мемлекет басшысының тапсыр­масымен Үкімет экономиканың ең осал салаларына үлкен мемлекеттік қолдау көрсетті. Ең бірінші, банктер­ге мемлекеттік ресурстар арқылы қолдау көрсетіліп,  олардың шетелдік қарыздарды өсірмеуіне жағдай жасады. Сөйтіп, қазақстандық банктердің беделі мен өтімділігі сақталды. Келесі кезектегі қадамда, мемлекет мол қаржы құю арқылы тәлтіректеп тұрған жылжымайтын мүлік рыногына қан жүгіртті, үлескерлер проблемасын шешуде батыл қадам жасады. Қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында бір де бір ел үлескерлер проблемасын ойлауға да уақыт таппады. Елбасы өзінің ел мүддесін бәрінен биік қоятын қасиетіне басып, алданып қалған үлескерлердің мүддесін шешуді мемлекет мойнына алды. Үшіншіден, еліміздің барлық аймақтарында азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, әлеуметтік маңызы бар бірінші кезектегі азық-түлік түрлері – ас­тықтың, өсімдік майының, ұнтақтал­ған сүттің мол қоры жасалынды. Қорыта айтқанда, 2007-2008 жылдары экономикамызды тұрақтандыруға мемлекет 540 млрд. теңге қаржы құй­ды. Содан кейін Елбасы Үкіметтің ал­дына дағдарыстың еліміздегі әлеу­меттік-экономикалық ахуалға тигізе­тін кері әсерін барынша жұмсарту және алдағы сапалы экономикалық өсу жағдайы үшін қажетті 5 басым бағытты қолдау міндетін қойды. Атап айтқанда, қаржы саласын тұрақтан­дыруға, жылжымайтын мүлік рыно­гындағы проблемаларды шешуге, шағын және орта бизнесті қолдауға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары (1 трлн. 200 млрд. теңге) бөлінді. Реформаторлық рухта жасалған осындай игі қадамдар Қазақстан экономикасын қатерден сақтап қана қойған жоқ, сонымен бірге оның бүгінгі жоғары қарқынды дамуына жағдай жасады. Сейсенбі күні өткен Үкімет оты­рысында да еліміздің биылғы жылдың алғашқы 4 айында қол жеткізген осы жетістігі атап көрсетілді. ІЖӨ-нің 4 айда 7,6 пайызды құрап отырғанды­ғын айта келіп, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет мүшелерінің алдына жаңа үлкен міндет қойды. Біз қол жеткізген осы жетістіктерімізді шыңдай отырып, 2010 жылдың қорытындысында ІЖӨ өсімінің 7 пайыз деңгейін қамтамасыз етуіміз керек, деді Үкімет басшысы. Иә, Қазақстан дағдарыстан кейінгі даму жылын жақсы бастады. Елімізді индустрияландырудың бесжылдық жоспарының алғашқы жылындағы бұл жетістік Мемлекет басшысы белгілеген 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының сөзсіз орында­латындығына кепілдік берсе керек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.