• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Наурыз, 2022

Қазақстан-Ресей: Санкцияның салмағы қандай болмақ?

925 рет
көрсетілді

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіске байланысты әлем­нің көптеген елі Ресейге қарсы санкциялар енгізіп жатыр. Ал оның Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Қазірдің өзін­де рубльдің күрт құлдырауы ұлттық валютамызға кері әсерін тигізді. Дегенмен де еліміз дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын қолға алды. 

Ұлттық банк төрағасының орынба­сары Әлия Молдабекова Украина төңі­ре­гіндегі геосаяси шиеленістің күше­юі теңгеге қалай әсер еткенін, гео­сая­си тәуе­келдердің артуы аясында қар­жы нарығындағы құбылмалылық күрт өскенін атап өтті. Оның ай­туын­­ша, Ресейге қарсы санк­ция­лардың күше­юі және жаһандық инвесторлардың ресей­лік ак­тивтерден одан ары кетуін күту Ресей рубліне қысым жасап отыр.

«Қазақстан Республикасының Ұлт­тық банкі қаржы жүйесінің тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету үшін шамадан тыс құбылмалылық кезінде валюталық ин­тер­вен­ция­лар жүргізу құқығын өзіне қал­дыра отырып, теңгенің еркін өзгер­­мелі айырбас бағамы режі­міне бейіл­ді­лігін сақтайды. Бұл ретте теңгенің икем­ді бағамы сырт­қы сектор тарапынан тәуе­кел­­дерді іске асыру аясында ма­­ңыз­­­ды­лығы артқан алтын-валюта актив­­тері­нің сақталуына мүм­кіндік береді», делін­ген хабарламада.

Қаржы нарығындағы жағ­дай­ды тұ­рақ­­тандыру үшін Ресей банкі де интер­­вен­ция жасаға­нын мәлімдесе де оның қан­ша екенін ашып айтқан жоқ. Бұл ел­дің интервенцияға қан­ша қаржы құ­йып жатқанын білмей­міз. Сарапшылар дәл қазір Қазақ­станның қолынан ештеңе кел­мей­тінін, қаржы нарығын өзіміз ғана реттей ал­май­тынымызды ашып айтып жатыр. Бәрі Киевтегі, Еу­ропадағы және АҚШ-тағы ахуал­дың беталысына қарай реттелмек.

Төл ақшамыздың рубльге, Ресейдің эко­номикалық жүйесіне қаншалықты тәуел­­ді екені 2014 жылғы дағдарыста анық бай­қал­ды. Сол жылы рубль­дің құ­ны екі есе құнсызданған кезде тең­ге де 220-дан 400 теңгеге дейін құлдырап кетті.

Біз сырттан импорттайтын тауары­мыз­дың үштен бірін Ресейден аламыз. Экс­порт­тайтын тауарларымыз да, мұ­най құбыры, газ құбыры, темір жол қатынасы да Ресей арқы­лы өтеді. Қысқасы, жағдай бақы­лаудан шығып бара жатыр. Ен­дігі үміт – Үкіметтің қандай ше­шім­дер қабылдайтынында. Қазір­гі жағдай осыған дейінгі дағда­рыс­тарға мүлдем ұқсамайын деп тұр. Бұрын «үп еткен жел» болса, Ұлттық банкті араға салып, Ұлт­тық қорға қол созып келдік. Ұлт­тық банктің жеткілікті қоры болғанымен, еркін айналымдағы нарық заңдылығын аттап кетуге болмайды.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмам­бетов біздің елді Батыстың санкциясы емес, дағдарыстан қалай шығамыз деген мәселе толғандыруы тиіс екенін айтты. Санкция деп даурыға бермей, ШОБ-тың мүмкіндігіне, экономиканың нақты секторына назар аудару керек. Сарапшы айтып өткендей, ЕАЭО геосаяси мәселе­лер өршіп тұрған шақта пайда болды. Украинадағы саяси дағдарыс, 2013-2014 жылдардағы Еуромайдан, Қырымды аннексия­лау, Украинаның шығысындағы қарсылық «Луганск халық рес­публикасы» мен «Донецк халық рес­публикасы» деп аталатын «мем­лекеттердің» құрылуы еура­зиялық интеграция бойынша одақ құру процесімен қатар жүрді.

Ресейге салынатын қысымның толық пакеті әлі нақтыланған жоқ. Ресей пре­зи­дентінің шешімі НАТО елдері мен олардың серік­тестерінің теріс реак­циясын тудыр­ды. Батыста бұл шешім халық­аралық құқықты, сондай-ақ Ук­раинаның егемендігі мен аумақ­тық тұтас­тығын бұзу ретін­де бағаланды. АҚШ пен Ұлы­британия Ресейге қарсы санк­циялар енгізу ниетін жариялады, жаңа шектеулер мәселесін Еуропалық одақ, Канада және Жапония да зерттеп жатыр. Тіпті ЕАЭО-дағы әріптес ел – Армения да Ресей мойындаған жаңа елдерді мойындамайтынын айтты. Ресейге бағытталған санкциялардың толық пакеті қашан әзір болатынын біз түгіл, Батыс елдерінің өзі әзірше біл­мейді. Себебі Ресей экономикасы санкция салып отырған елдердің экономикасымен интеграцияланып кеткен.

Кейбір сарапшылар Батыс елдерінің Ресейге бағытталған санк­циясын бау-бақшадағы қол­дан жасалған қорқауға теңеп отыр. Экономист Роберт Папе болса, санкцияның экономикаға кері әсерін 5 пайызға теңесе, енді бірі 35 пайызға көтереді. Қысқасы, дамыған елдер санкция көзін тапсақ – мүмкіндік, қорқа берсек – қауіп деп қарастырады екен.

Ал қаржыгерлер санкцияның ызға­рынан біздің ел тәрізді шикі­заттық бағыт­тан арылып үл­гер­меген елдер көбі­рек қауіп­тене­ді деген пікірде. Ресейдің экономикасы ЕО елдерінің біразы­мен интеграцияланып кетке­нін жоғарыда айттық. Осы елдерде санкция тақырыбы экономиканың беталысына түбегейлі емес, жанама әсер етуші фактор ретінде қарастырылып, ІЖӨ-ге ықпал ететін салаларға көбірек мән бері­леді екен. Бізге өткеннің қателі­гін қайталаудың зардабы ауыр тиетіні екібастан белгілі. Мұнай бағалары салыстырмалы түрде жоғары деңгейде сақталған кезде Ұлттық банк жағдайды бақылауда ұстай алмайды. Жағдай бұлай жалғаса берсе, қымбат мұнай бағасы девальвация емес, ревальвация қаупін күшейтіп жібереді. Бұл – мұнайға тәуелді елдерге ортақ жағдай.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен жиында дағ­дарысқа қарсы күрес­тің пакетін дайын­дауға тап­сырма берді. Бұл жолы көзбояу­­шылыққа жол берілмейді, экономи­камыз­дың «дертіне» нақты «диагноз» қойы­лады, басы артық шы­ғын­дарды шек­теу мәселесіне басым­дық беріледі деп үміт­тенемін. Дағдарысқа қарсы имму­нитеті жоқ әлсіз, әлжуаз мемлекетпіз. Каран­тин кезінде, карантинге дейін де халық өз күнін өзі көрді. Эко­но­ми­ка сауықса, санк­ция сал­мақ салмайды» дейді Р.Рысмамбетов.

Сарапшы осы ретте ел экономикасын сауықтырудың барлық мәзірі бәз бая­ғыдан белгілі екенін айтты. «Инс­ти­туционалдық реформалар, жеке­меншік құқы­ғын қорғау, сыбайлас жемқорлық­пен кү­рестің тек декларативті сипаты ба­сым болды. Біз күні бүгінге дейін қол­да­ныста болған экономикалық модел­­ьден бас тартуымыз керек», дейді Р.Рысмамбетов.

Қаржыгер айтып өткендей, Ресейде ЕАЭО-ны үлкен саясатта оқшауланып қалуына жол бермейтін мінбер ретінде қарас­тыратын көзқарас байқалып жүр. Өткен жылы Ресей сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары Александр Пан­кин ЕАЭО елдерінің біріне санкция салынған жағдайда одақ мүшелерінің «бір­лескен жауап шараларын қолдана­тыны» жайлы айтқан ұсынысы өзге мүше елдерден қолдау таппады. Біз­дің ел ұйымды саясиландырмауға ша­қыр­ды. «Ресей мен Батыс елдері­нің ара­сын­­дағы жағдай шиеленіс­кен сайын Одақта «Қазақстан­ның мүддесі қалай қор­ғалады» деген мәселе өзекті бола тү­седі. «Экономикалық одақ» деп ақта­ғы­­мыз келсе де экономиканың саясаттан бөлек жүрмейтіні бел­гі­лі болып қал­ды. Демек, алдағы уақытта осындай ұсы­ныстар­дың айтылуына жол бермейтін мүм­кіндіктерді қарастыру керек», дейді Р.Рысмамбетов.

«ЦентрКредит» банк басқар­ма төр­аға­сы Ғалым Құсайынов Батыс елдерінің Ресейге қар­сы санк­цияларының толық пакетін күту қажет екенін, содан кейін мұның Қазақ­станға қалай әсер ететіні белгілі бола­ты­нын атап өтті. Оның айтуына қа­ра­ғанда, Батыс елдерінің Ресейге ба­ғыт­талған қысымы қаржы секторына бағыт­талса, валюталық аударымдарды, инвес­тиция ағымын шектесе, рубльдің құнсыздануына жол ашады. Ресейге салынған санкция сыртқы саудамызға кері әсері ететі­ні белгілі. Қазір сарап­шы­лар арасын­да алдағы жағдай Қазақ­стан­ның ұстанатын бағы­тына тікелей тәуелді деген пікір бар. Мұндай пікірді «Аль­пари» компаниясының аға сарап­шысы Анна Бодрова да мақұлдайды.

Сарапшы айтып өткендей, қазір билік те, саясаттанушылар да мүмкіндігінше бейтараптық саясат ұстанып отыр. Мұндай жағдайда қымбат мұнай да теңгеге әсер ете алмай қалуы әбден мүм­кін. «Қазақстан Ресейдің әреке­тін қолдайтын болса, теңге күрт құл­дырауы мүмкін» дейді А.Бодрова.

Әлемдік экономика және саясат инс­ти­тутының (IMEP) сарапшысы Мағ­бат Спанов Ресей – Украина қақ­ты­ғысы Қазақстан экономикасына, ұлт­тық валютамызға қауіп төндіреді деген пікірмен келісетінін айтты. Бірақ біз Еу­разиялық одақтың құрамында бол­ған­дықтан бұл санкцияның дауылы Қазақ­станның ішкі және сыртқы нарығына әсер етіп жатыр. Тұтыну тауарларындағы қымбатшылық дәл осы санкцияның салдары екенін сарапшылардың бәрі айтады. 1993 жылы 1 доллар – 4,7 теңге болса, 2022 жылдың басында – 438 теңге, яғни 29 жыл ішінде 97,8 есеге құнсызданған.

Бұл ретте доллар-теңге емес, рубль-теңге жұбына да көбі­рек назар аударуы­мыз керек. Біздің ұлттық валютамыз дол­ларға ғана емес, рубльге де көбі­рек тәуелді. «Біздің елде санк­ция­лар мен эконо­микалық дағда­рыс­тардың салдарын зерт­тейтін инс­ти­туттар жоқ. 2009-2014 жыл­­дардағы дағдарыс себебі зерт­­тел­­меді. Сабақ алынбады, қа­был­­дан­ған шешімдер­де қателік­тің себебі ескерілмеді. Соңғы он­шақты жылда эко­но­микалық проб­лемалардың себеп-салдары әлем­дік экономикалық дағда­рыс­пен түсіндіріліп келді. Әлем эко­но­микалық дағдарыста дегенге сендіріп отыр бізді. Қазір пост­кеңестік елдерден өзге мем­­лекет­­терде демографиялық дағ­да­рыс­т­ан өзге қиыншылық жоқ. Әлем­дік эко­­но­миканың бірде өсіп, бірде төмен­­дей­тіні қалыпты құбылыс. Ал бізде эко­но­­микалық шешім­дердің шикілі­гінен, на­рық заңынан ауытқи береміз. Эконо­ми­кадағы, әлеуметтік саладағы өзек­ті мәселелерді кейінге шегеру­ден осындай жағдайға тап болдық», дейді М.Спанов.

 

АЛМАТЫ