Бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысып жатқан Қазақстан құрамасының боксшылары байрақты доданы жеңіспен бастады.
Иорданияның бас шаһары – Амманда өтіп жатқан Сары құрлық бәсекесіндегі жарыстың бірінші күнінде шаршы алаңға бес отандасымыз шығып, барлығы да қарсыластарынан басым түсті. Атап айтқанда, 48 килодағы Бексұлтан Боранбек тәжікстандық Суфиджон Суджоновты үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңсе, Айдар Қадырхан тағы бір тәжікстандық Дамир Мубалихоновты 5:0 есебімен ұтты.
Сондай-ақ 63 кило салмақта жұдырықтасқан Ахмет Үсен жарыс қожайындарының өкілі Оун Алхадидиге еш мүмкіндік қалдырмады – 5:0. Ал 70 килода сынға түскен Дамир Синеев тәжікстандық Мирзобахтиярхон Атаевты бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді. Мадияр Бексұлтанов (80 кило) та Ирак боксшысы Мехди Раад Хави Әл-Саедті айқын басымдықпен (5:0) жеңді.
Амманда өтіп жатқан Азия біріншілігі 14 наурызда аяқталады.