Спорттық гимнастикадан Қатар астанасы Дохада мәресіне жеткен кезекті Әлем кубогы жарысында қазақстандық гимнасшылар Нариман Құрбанов пен Милад Карими жеңіс тұғырынан көрінді.
Гимнастикалық ат снарядында сынға түскен Нариман әлем үздіктерінің алдын орап, Әлем кубогында топ жарды. Финалдағы жаттығуын мүлтіксіз орындаған отандасымыз 15.200 ұпаймен алтын медаль жеңіп алды. Күміс медальді ирландиялық Рис МакКленаган иеленсе, қола жүлдені армениялық Арутюн Мердинян олжалады.
Ал қоссырық жаттығуында бақ сынаған Милад Карими маңызды жарыста екінші орынға табан тіреді. Финалда 14,566 ұпай жинап, кезең қорытындысы бойынша екінші орынға тұрақтады. Бас жүлдені украиналық Илья Ковтун еншілесе, қола медаль ресейлік Иван Кулякқа бұйырды.