• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 08 Наурыз, 2022

Сұлулық символы

984 рет
көрсетілді

Алматыдағы мемлекеттік Орталық музейде халықаралық әйелдер күніне орай ашылған «Әйел әлемі» көрме-фестивалі жаратылыс бастауы идеясын жан-жақты тарқатады. Көрме-фестивальге ірі мегаполистегі өнер орталықтары мен суретші-шеберлердің түрлі жанрдағы кескіндеме, мүсін, графика, бейнелеу өнері туындылары ұсынылды.

 

Суретшілер мен мүсіншілердің шығармашылығына шабыт сый­лаған әйел туралы тақы­рыптық көрме жадыраған көңіл хошынан туған оптимистік мұратқа не­гізделген әрі шабытты шығар­малардың өзегіндегі сүйіс­пен­шілік пен махаббатты тануға ша­қырады. Тамара Волкованың «Сәу­келе киген қыз», «Көктем», «Кеш­кі Алматы», Тілек Чуде­нов­­тің «Әйел құдіреті», Пе­ри­зат Есназарованың «Дала Мадон­насы», Зейнелхан Мұхамет­жан­ның «Әуен-2», Әділхан Жар­қынбековтің «Жастық», Рауан Сүлейменовтің «Наурыз-ду­ман» атты туындылары бояу түсімен ерекшеленіп, сурет өне­рінің түр­лі стилінде орындалса да, әйелге деген махаббат, сұлулыққа ің­кәрлік олардың бәріне ортақ идея қызметін атқарады.

Гобелен, графика, акварель, қолданбалы өнер түріндегі кес­кіндемелердегі әртүрлі жас­тағы, әр әлеуметтік топтағы әйел жанарында тұнған махаббат пен бақыт шуағы, ой тұңғиығы оның кеңістіктің жұмбақ бір бөлшегі екеніне, оны шешудің мүмкін еме­сін тұспалдап тұрғандай. Әде­мі әйелдерді топтастырған көрмені аралап жүрген адам іштей өзіне: «ең әдемісі қайсы?» деп жасырын сауал қойғанын аңдамайды және оған: «жүректе өмір сүріп жүргені емес пе?» деп жылдам жауап қатып, шебер қылқалам иесін шабыттандырған шығарма алдына қайыра келіп, тереңірек үңіліп, өз ішіндегі парасат пәлсапасымен үндестіре, қайта зер салады.

 

 

АЛМАТЫ