Қостанай қаласында «Аналар үйі» деп аталатын жаңа мекен ашылып, іске кірісті. Бұл туралы alau.kz хабарлады.
«Жарынан қолдау таппай, тығырыққа тірелген жалғыз басты жас аналар 1,5 жыл бойы осы үйді паналай алады», - делінген хабарламада.
Мейірім шашқан мекен қиындық көргендерге қолдауын көрсетіп, теріс жолға түскен әйелдер болса, жарқын өмірге жетелейді. Үш қабатты коттеджде ана мен балаға қажетті жағдайдың барлығы жасалған.
«Мұнда қазір 7 ана сәбиімен тұрып жатыр. Солардың бірі – Жансая Қасымбекова. Жас босанған ананы жұбайы түсінбеді. Отбасының берекесі кеткен соң, Ерназар есімді 5 айлық ұлын құшақтап, осында келді. Бұған дейін балалар үйінде есепші болып істеген ол сәбиі аяғынан тұрғанша, пана тапқанына қуанады», - деп жазады портал.
Мұнда бәрі үйдегідей екендігі байқалады. Киер киім, ішер ас тегін. Аналармен аптасына 2 рет психолог маман пікірлеседі. Тағдырынан теперіш көрген әйелдер қоғамнан шеттемеуі тиіс. «Аналар үйі» олардың аналық мейірімін оятады.Қазір Қазақстандағы «Аналар үйінің» саны 12-ге жеткен. Мұндай үйлер келешекте еліміздің барлық ірі қалаларында ашылмақ. Игі істің басында тұрған ізгі жандардың ендігі мақсаты жас аналарға тегін кәсіптік оқу курстарын ұйымдастырып, қоғамда өз орынын табуға ықпал жасау болып табылады.
Сұлтан Бозайғыр.
Дереккөз: alau.kz.
Фото: alau.kz.