• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Наурыз, 2022

Шолақсор тағы су астында қалуы ықтимал

394 рет
көрсетілді

Павлодар облысы – көктемгі су тасқыны кезеңіндегі еліміздегі ең қауіпті аймақтардың бірі. Содан болар, жауапты орган басшылары апаттың алдын алу үшін дөңгелек үстелдің басына ерте жайғасады. Құр сөздің құрдымға апаратынын біледі құтқарушылар. Бастысы, сенген техника сыр бермесе болғаны.

Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде «Көктем-2022» деген атаумен оқу-жаттығу жиындарының қызған шағы. Техниканың дайындығы өз алдына, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары кез келген оқыс оқиғаға тас-түйін әзір болуға тиіс. Қаражат аз бөлінді деп әңгімені басқа арнаға бұратындай бұрынғы кез емес. Жыл сайын апатты болдырмау үшін қазынадан қомақты қаржы бөлініп, тұрғындардың амандығы аманат етілуде. Биыл павлодарлық шенеуніктер көктемгі тасқынның алдын алу шараларына 1 млрд теңге қаражатын санап отыр.

Бұрынғыдан шығады, Баянауыл ауданы Бірлік ауылының тұсындағы жолды жылда су шайып, кім-кімді болсын әбігерге салатын. Жолдың қақ ортасынан бөлінгені жайлы бейнежазбалар «YouTube» арнасында толып тұр. Әйтеуір алдыңғы жылдары қауіпті саналатын учаскеде көпір салынып, қауіптің бұлты сейілген еді. Бірақ тілсіз жау аталған ауылдан аса бере, атап айтсақ «Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ульяновский» автожолының 100-105 шақырымы аумағында қауіп төндіре бастады. Бүгінде аталған учаскеде де көпірдің құрылысы жалғасуда.

Көпірдің салынатынын естіген ағайын «жөн болған» десті. Жалғыз баян­ауылдықтар ғана емес, көрікті мекен­ге жиі қатынайтын көлік иелері де бөркін аспанға атты. Өкінішке қа­рай, жазғы маусым басталғаннан бері Баян­ауылға ағылған жұрт аталған учас­кеде қыз-қыз қайнаған тірліктің бай­қал­майтынын, айналма жолға түсіп, шаңның астында қалатындарын айтып дабыл қаққан болатын. Мәселенің мән-жайына үңілмекке «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облысы бойынша филиалы басшылығына хабарластық.

– Көпірдің құрылысы 2 кезеңге бөлінген. Қос кезеңнің жұмыстары да бір уақытта атқарылуда. Яғни бүгінде онда 2 мердігер еңбек етуде. Бірінші кезеңде 3 тірек құрылғының іргетасын бекіту, ескі су өткізгіш құбырларды жаңарту, айналма жол салу қарастырылған. Жоба құны – 445,5 млн теңге. Ал екінші кезеңде жаңа көпірдің құрылысы қолға алынып, 6 шақырым жолға асфальт төселеді. Бұл мақсатқа 1 млрд 748 млн теңге қаражат жұмсалады. Жобаға сәйкес, көпір жолының ұзындығы 76 метрге тең. Ол аралықта 3 су өткізгіш құбыры салынады. Бұл – табиғаттың тосынсыйына төтеп беруге жеткілікті, – деп хабарлады филиал басшылығы.

Көктемді үреймен қарсы алатын өзге де елді мекендер бар. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Мейрамбек Батырқұловтың мәліметінше, бүгінде қауіпті аймақ саналатын 35 елді мекен бақылауға алынған.

– «Қазгидромет» кәсіпорны мамандарымен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Олардың ұсынған ақпа­раты бойынша өңірдегі жердің қату деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,7 пайызға, ал күзгі топырақтың дымқылдылығы 6,5 пайызға төмен. Десе де, босаңсуға жол жоқ. Күн күрт жылыса, еріген қар суы жолдарды бұзып, елді мекендерге қауіп төндіретіні анық. Негізгі қауіп көршілес орналасқан Ақмола об­лы­сындағы Сілеті су қоймасынан төніп тұр. Сіле­ті өзеніндегі мұздың қату деңгейі жоға­ры. Қала берді, биыл қоймадағы судың көлемі орташа көпжылдық көрсеткіштермен салыстырғанда 25 пайызға көп. Қоймадан су босатылған уақытта мұз кептелісі орын алып, біздің облыстағы Ақтоғай ауданына қарасты Шолақсор ауылына қауіп төндіруі мүмкін, – дейді М.Батырқұлов.

Қауіп демекші, былтыр төтен­шеліктер табиғаттың бір «соққысына» төтеп бере алмады. Атап айтсақ, 11 сәуірде Ақтоғай ауданы аумағындағы Жолболды – Шілек­ті автожолын су басты. Әйтеуір бар­лық күш жұ­мылдырылып, келесі күні көлік қозғалысы қайта жанданғаны есі­міз­де. Қауіптің сол учаскеде туындайтынын ешкім күткен жоқ. Сондықтан да биыл кез келген тосын жайға дайын болу қажет.

Жалпы, 2017 жылы елімізде су тасқынының алдын алу мақсатында ар­найы жол картасы әзірленген болатын. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қауіпті аймақтардың тізімінде тұрған елді мекендердің саны 900-ден 200-ге дейін азайыпты. Бүгінде 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы маңыз­ды құжатқа айналған. Оған сәйкес, бөгет­тер салу, су өтетін құбырларды жөн­деу немесе жаңадан салу сияқты маңыз­ды шаралар жоспарланған. Пав­ло­дарлық төтеншеліктер не тындыр­ды? Белгілі болғандай, Баянауыл ауданындағы Ащысу өзенінің арнасын тазалауға, бұрмалау және дамбыларды көтеру жұмыстарына 3 млрд теңге қаражат жұмсалған. Нәтижесінде өзенге жақын орналасқан елді мекендерге су жайылу қаупі төмендеген. Ал Ақтоғай ауданының Шұға ауылында, Май ауданының Ақсарай ауылында «Жол картасы» шеңберінде бес қосымша дөңгелек құбыр салынып, судың жа­йылуына тосқауыл қойылыпты. Бұл бағыттағы шаралар үздіксіз жалғасын тапса игі. Биыл көктем қандай тосынсый дайындап отыр екен?