• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Наурыз, 2022

Еңбегі жанған ерекше жандар

367 рет
көрсетілді

Қарағандыдағы Пришахтинск деп аталатын елді мекенде ерекше жандар еңбек ететін кәсіпорын бар. Қырық жылдан бері тынбай жұмыс істеп келеді. Бұл жердегі цехтарда көлік техникаларына арналған сүзгілер, гофрленген картоннан жасалатын контейнерлер, пицца қорапшалары, бір рет қолданылатын ыдыстар және тағы басқа да сұранысқа ие өнімдер шығарылады.

Иә, «Қазақ зағиптар қоғамы» қо­ғамдық бірлестігінің Қара­ған­ды оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС-ның бұл цехтарында көзі көр­мейтіндер мен нашар кө­ре­­тін жандар жұмыс істейді. Атал­­ған кәсіпорынның директоры Бақытбек Бейсебаев Қазақ за­ғип­­тар қоғамының кооперация әді­­сі­мен жұмыс жүргізуге бейім өн­­ді­ріс саясатын ұстанатынын ай­тады.

– Бүгінде еліміз бойынша қоғам­дық бірлестіктің 29 кә­сіп­ор­ны жұмыс істейді. Кей­бі­­реу­лері жартылай фабрикат не­месе шикізат өндіреді, өзгеле­рі дайын өнім шығарады. Біз паллеттер, әртүрлі күрделі­лік­тегі қорапшалар, крафт қап­та­масын жасаймыз. Облыс көле­мінде клиенттеріміз жергі­лік­ті. Өңіріміз өнеркәсіпті бол­ған­дықтан, өткізу нарығы өте ауқым­ды, – дейді ол.

Сонымен қатар кәсіпорын тепло­воздар, жүк көліктері, трак­торлар сияқты техника түр­ле­ріне қажетті май және отын сүзгі­лерін жасайды. Бұл өнімге компаниялар тарапынан ғана емес, басқа да тұтынушылар жағынан сұраныс көп. Мысалы, жеке автокөлік иелері де мұнда жиі ат басын бұрып тұрады.

Сүзгі шығаратын цехта Андрей Лотарев қолмен сипап жұмыс істеуге дағдыланған. Осында отыз жылдан аса уа­қыт жұмыс істейтін шебер сүз­гі­лерді шығаруға арналған құ­рыл­ғының құлағында ойнайды. Өзі қатардағы жұмысшыдан цех бастығына дейін көтерілген. А.Лотарев жасының егде тарт­қа­нына қарамастан, білім алуға құштарлық танытып жүр екен. Биыл ол колледжді қаржыгер мамандығы бойынша бітіріп, дип­лом алмақшы. Таяуда ол жаңа өнімді – көшет отырғызатын себет жасау туралы ұсыныс енгізді. Қарапайым ғана бұйымның ат­қарар жұмысы аса тиімді. Сым­­н­ан қаңқасы жасалып, ішіне агромата материалынан тігілген қапшық салынған бұл себетке өлшеміне қарай гүл немесе ағаш көшеттерін отырғызуға болады.

– Агромата ылғалды жақсы сақтайды және өсімдіктің тамыр алуын жеңілдетеді, – дейді кәсіпорынға қарасты жылыжай меңгерушісі Мария Золотых.

Жылыжай демекші, қазіргі уақытта жазғы маусымға дайын­дық қызу жүріп жатыр. Өйткені кәсіпорын қаланы көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысады. Мұндағы жылыжайларда өсетін гүл көшеттерін бағбандар да, жекелеген ұйымдар да көптеп сатып алады екен.

М.Золотых көшеттерді өсіру ақпан айында басталып, наурызда жиналып, мамыр айынан бас­тап сатылымға шығарылатынын айтады.

– Бізде шырайгүл деп аталатын өсімдіктің онға жуық түрі бар. Сонымен қатар бізде өсірілген мариголд, катарантус, виола, сальвия және басқа да гүл сұрыптарын жаздыгүні қала гүлзарларынан көруге болады. Біз тек әбден тексерілген кәсіби тұқымдарды ғана пайдаланамыз. Биылғы жоспарымызда 200 мың дана шырайгүл мен 100 мыңға жуық басқа гүлдер өсіру бар, – дейді ол.

Жылыжай меңгерушісінің қарамағында көзі нашар көретін гүл өсірушілер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта екі қызметкер жұмыстың бәрін тындырып жүр. Ал наурызда қосымша жұмыс күші қажет болады.

Кәсіпорындағы өнімді жұмыс істейтін бөлімшенің бірі – тігін цехы. Мұндағы ісмерлер төсек-орын жаймаларынан бастап арнайы жұмыс киімдеріне дейін тігеді. Қолы алтын шебердің бірі Татьяна Огневая зағиптарға арналған интернатта оқыған екен. Оқуын бітіргеннен кейін сыныптастарына қосылып, осы жерге жұмысқа орналасыпты. Еңбек етіп жүргеніне үш жылдай болған.

– Жағдайымыз жаман емес. Ең бастысы – табыс табуға мүм­­кін­шілік бар, – дейді ол тоқ көңіл­мен.

Пришахтинск елді меке­нін­­дегі «Қазақ зағиптар қоға­мы» қоғамдық бірлестігінің Қа­ра­ғанды оқу-өндірістік кәсіп­орнында қазіргі уақытта 25 адам жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр. Кәсіпорын басшыларының бола­шақ­қа деген жоспары да көңілге сенім ұялатады: кереге кеңітіп, тағы да жиырма шақты адамды жұмысқа алмақшы.

 

Қарағанды облысы